Болашақ ұстаздардың стипендиясы 42 мың теңгеге дейін өсті

29 Қыркүйек 2020, 11:34
Сурет: facebook.com / askhat.aimagambetov

1 қыркүйектен бастап болашақ педагогтердің стипендиясы 42 мың теңге мөлшерінде болып отыр. Бұл туралы facebook-те ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жазды, деп хабарлайды zakon.kz.

Министр Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мамыр айындағы отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев педагогикалық мамандықтарға түсетін абитуриенттерге қойылатын талаптарды арттыру және стипендия мөлшерін 42 мың теңгеге дейін ұлғайту тапсырмасын бергенін атап өтті.

- Өткен жылы стипендия мөлшері 21 мың теңгені құраса, Президенттің тапсырмасынан кейін желтоқсан айында 26 мың теңгеге дейін өсті. Ал 1 қыркүйектен бастап болашақ педагогтердің стипендиясы 42 мың теңге мөлшерінде болып отыр. Бұл барлық мамандықтардың ішіндегі ең жоғарғы стипендия болады. Айта кетерлігі, студенттер кешеден бері осы стипендияны ала бастады.

Сондай-ақ, осы жылдың маусым айынан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шекті балл бірден 70-ке дейін көтерілді.

"Педагог мәртебесі туралы" Заңды қабылдаудың және атқарылыған шаралардың арқасында биыл "Алтын белгі" төсбелгісі иегерлерінің арасында педагогикалық мамандықты таңдағандар саны 1,7 есе өсті, ал көптеген бағыттар бойынша орташа балл 100-ден асты.

Егер бірнеше жыл бұрын педагогикалық мамандыққа түсушілердің орташа балы 65-ті құраса және педагог мамандығы түлектер арасында көп сұранысқа ие болмаса, қазір жоғары балл жинаған мықты түлектер педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түсе бастады.

Сондай-ақ ҰҚСК қорытындысы бойынша берілген тапсырмалар аясында докторанттардың стипендиясы 102 мыңнан 150 мың теңгеге дейін өсті. Мұндай шара жас ғалымдарды қолдау үшін өте маңызды, өйткені докторанттардың отбасылары бар және олар өз зерттеулерін жүргізумен айналысады.

Бұдан бөлек 2020 жылғы қыркүйек айынан бастап мемлекеттік гранттың құны айтарлықтай өсті. Бұл неге маңызды? Бұл жоғары оқу орындарына оқытушылардың жалақысын арттырып, материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді. Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қорытындысы бойынша берген тапсырмасының барлығы ерекше бақылауда және белгіленген мерзімде орындалатын болады, - делінген жазбада.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?