Қарасай ауданында төбелес болып, бір тұрғын ауыр пышақ жарақатын алды

4 Қараша 2020, 16:30
Сурет: видеодан кадр

Қарасай ауданында таныстар арасындағы төбелес барысында сол жақ санына пышақ сұғылған тұрғынның артериялық тамыры кесіліп, жарақаттық шок салдарынан есінен танып қалған. Аумақты патрульдеу барысында қылмыс үстінен түскен тәртіп сақшылары зардап шегушіге жедел медициналық көмек көрсетіп, жергілікті ауруханаға жеткізді, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап..

Оқиға 17 қазан күні түнде орын алған. Қарасай ауданының 20 жастағы екі тұрғыны Көксай ауылында кездескен. Бірлесіп сыра ішу барысында таныстар арасында сөзге келіспеушілік орын алып, кейінірек татуласқан. Үйлеріне қайту мақсатында өзге көлікке мініп, Кемертоған ауылына келген. Сол сәтте күдіктінің ойына бірер сағат бұрынғы реніші түсіп, көлікті тоқтатып, жағаласу барысында танысына пышақ жарақатын салған.

"Патрульдік полиция ротасының 194-борт инспекторлары полиция аға лейтенанты Мадияр Шеттікбаев пен полиция лейтенанты Мейіржан Әбдімомынов әкімшілік аумақты автопатрульдеу кезінде оқиға орнына тап болған. Күдіктіні оқиға орнында ұстап, зардап шегушіге көмек көрсеткен. Әр секундтың құндылығын түсіне отырып, алдымен күре тамырдан шапшыған қанды тоқтатқан. Жедел жәрдемді күтпестен, бірден ауруханаға жеткізген. Жағдайды дұрыс бағамдап, өте орынды шешім қабылдаған полицейлердің ісін ерлікке тең деп санаймын. Өйткені, олар адам өміріне араша түсті", - деді Қарасай ауданы Полиция басқармасының бастығы полиция майоры Болат Тотыбаев.

Полиция басшысының айтуынша, оқиға орнынан табылған пышақ тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 106-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тиісті бірқатар сараптамалардың қорытындылары алынды. Қылмыстық іс материалдары сот органдарының қарауына жолданды.

Зардап шегуші екі күрделі ота жасалғаннан кейін есін жиып, жанын аман алып қалған тәртіп сақшыларына алғысын айтты.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?