Индустриальдық бағдарламамен дүркіретіп ашылған кәсіпорында 70 жұмысшыдан жетеу қалған

6 Қараша 2020, 10:04
Сурет: видеодан алынды

Атырауда индустриалдық бағдарлама аясында жалпы құны 2 миллиард 400 миллион теңгеге салынған жүн өңдеу және тоқыма өнімдерін өндіру зауыты құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Отандық жеңіл өнерәсіп саласындағы аса маңызды кәсіпорынға салынған қаражаттың жартысынан көбі мемлекеттікі. Алайда мемлекеттік мекемелерден тапсырыс мүлдем жоқ болғандықтан ірі кәсіпорынның тынысы тарылып, мамандар жұмыстарын тастап кетіп жатыр.

Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары келгенде жергілікті әкімдік "біздерде анадай бар, мынадай бар" деп мақтанышпен көрсететін кәсіпорын қазір көшпелі көрме залындай қаңырап бос қалған. Мұнда қазір шенеуніктер де, игі жақсылар да ат ізін салмайды екен. Бұл зауыт бүкіл батыс аймақтардағы қой мен түйе жүнін өңдеп, тоқыма өнімдерін шығару жоспарымен салынған. Қолданысқа берілгеніне бақандай 5 жыл болды. Кәсіпорынның 49 пайызы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация еншісінде, яғни 1 млрд 600 млн теңгесі мемлекеттен бөлінген. Шикізат аз, ал тапсырыс жоқ болғандықтан аты жеңіл өнеркәсіптің затын өткізу қиынға соғып тұр.

Марат Қаппаров, "Атырау" ӘКК департамент директоры:

- Жүн табыстайтын мекемелер аз. Сонымен қатар пандемияға қарсы оларда жұмыстары тоқтап қалып жатыр, жұмысшылары азайып қалып жатыр. Шетелден келетін технологтардың мына пандемияға қарсы келмеуіне байланысты, тағы белгілі мамандардың келмеуіне байланысты олардың да жұмысы тоқтап қалып отыр.

Жұмысшылар бастапқыда оннан астам өнім түрін шығарды. Қой мен түйе жүнінен сапалы тауар өндіргенімен мемлекет тарапынан мүлде тапсырыс жоқ дейді. Ал аз ғана өнімнен түсетін ақшамен зауытты ұстап тұра алмайды. Несие төлемек тұрмақ жұмысшыларға жалақысын уақытында тауып беру мұңға айналған.

Салтанат Мұхамбетова, тігін цехының меңгерушісі:

- Жұмысшыларымыз көп болды кезінде бірақ сол айлық бере алмағанның кесірінен көптеген білімді, әрбір аппаратты білетін, машиналарды білетін адамдар жұмыстан шығып кетті. Бізде қазір шикізат бар, бізге тапсырыс болса сол тапсырыс жоқ. Ал біздің енді қолымызға келген тапсырысты барлық уақытта орындауға күшіміз жетеді машиналардың барлығы жасап тұр.

Бүкіл батыс аймақтарға арналған жалғыз зауыттың бүгінгі күні қараң, болашағы бұлыңғыр. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация болса қазір басқа инвестор іздеп жатыр. Бұл зауытқа салынған қаржының 60% мемлекеттікі. Енді оның қайтуы екіталай. Мұнда жұмыс істеген 70 адамның қысқара-қысқара қазір жетеуі ғана қалған. Оның өзі жалақысын әупірімдеп әрең алып отыр.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?