Сән қуған бойжеткен екі жылда 4 рет сотталды
Алматы қаласының 20 жастағы тұрғыны сəн əлемінің жаңалығынан қалыспаймын деп 2 жылдың ішінде 4 рет сотталды. Ол дүкеннен өзіне ұнайтын киімдерді ұрлап алып шығу үшін, шығып бара жатқанда автоматты дабыл қосылмас үшін фольгамен қапталған қапшықтарды пайдаланған, деп хабарлайды zakon.kz Алматы қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сəн қуғыш бикеш əр сотталған сайын өзінің істеген əрекетіне бар жүрегімен өкінетінін айтып, бас бостандығынан айырмауды өтінеді. Алайда ол дүкенге əр барған сайын 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі киімдерді ұрлап алып шығып отырған. Сот оған бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға үкім шығарды.
Енді сəнқой бойжеткеннің əрекетін Алатау аудандық пробация қызметінің қызметкерлері бақылайтын болады.
Бас бостандығы шектелген ол енді сот жүктеген міндеттерді орындауға мəжбүр. Яғни сəнді киінгенді жақсы көретін бикеш енді пробация инспекторының рұқсатынсыз тұрақты тұратын жерін, жұмысы мен оқу орнын ауыстыра алмайды. Сондай-ақ 22.00 сағаттан күндізгі сағат 12.00-ге дейін кафе, бар сияқты көңіл көтеретін қоғамдық орындарға, мейрамханалар мен түнгі клубтарға бара алмайды. Қаладан шығуға да рұқсат жоқ. Ол айына 2 рет пробация қызметіне келіп белгіленіп тұруға міндетті. Пробация қызметкерлері сотталған бикешпен құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жаза өтеу талаптарын бұзуды болдырмау туралы əңгімелер өткізеді.
Егер ол бас бостандығын шектеу жазасын орындау талаптарын қасақана бұзатын болса немесе тағы да қайталап қылмыс жасайтын болса оның жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылатын болады.
2020 жылдың өткен 10 айында пробациялық бақылау қызметінің инспекторлары сотқа жазаларын өтеу талаптарын бұзған адамдарға қатысты 92 материал жіберді, онвң ішінде 42 сотталған бас бостандығынан айыру орындарына жіберілді.