23 адам ауруханаға жатқызылды. Кафедегі жарылыс бойынша қылмыстық іс қозғалды
Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кафеде болған жарылыстан зардап шеккен 23 адам ауруханаға жатқызылған, деп хабарлайды zakon.kz.
Ведомстваның хабарлауынша, бір күн бұрын оқиға орнында жедел жәрдемнің 24 бригадасы мен төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеген.
- 35 адам зардап шеккен, олардың барлығы қалалық ауруханаларға жеткізілді. Медицина мамандарының тексеруінен кейін 23 адам ауруханаға жатқызылды, жеңіл жарақат алған 11 адам амбулаториялық емделуге жіберілді, деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
Жарақат алғандар әртүрлі дәрежедегі термикалық күйікке шалдығып, орташа ауырлықтағы көміртегі тотығымен уланған, олар No1, 2 қалалық көпсалалы ауруханаларда жатыр. Қалған жартылай дене жарақаты және ми шайқалуы бар науқастар ауруханалардың мамандандырылған бөлімшелеріне жеткізілді.
Еске сала кетелік, қайғылы оқиға 21 қарашада орын алды. Кафеде газ баллоны жарылып, ғимарат жермен-жексен болды. Өкінішке қарай, зардап шеккендер бар. Жараланғандардың бірі ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Үйінді астында қалған оның сау-тамтығы қалмаған.