Қазақстан Туын балконға ілуге рұқсат берілді
27 қарашада Премьер-министр Асқар Мамин ғимараттардың қасбеттеріне мемлекеттік туды ілуге рұқсат беретін "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұран мәтінін пайдалану (белгілеу, орналастыру) ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы қаулысына өзгерістер мен толықтыруларға қол қойды, деп хабарлайды zakon.kz.
Қаулыға сәйкес, Ережеде 4-тармақтың бірінші абзацы келесідей көрсетілген:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғаларға патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ғимараттарда (тұрғын және тұрғын емес үй-жайларда), ғимарат ішіндегі пәтер балкондарында және мерекелік іс-шаралар өткізілетін жерлерде пайдалануға (орнатуға) болады.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану ережелерін қайта қарау туралы ұсыныс жасаған болатын.