Ұзынағашта жаңа перзентхана ашылды

10 Желтоқсан 2020, 09:00
Сурет: Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметі

Тəуелсіздік мерекесі қарсаңында Алматы облысы Жамбыл ауданында жаңа перзентхана ашылды. Перзентхананың құрылысына бюджеттен 4,9 млрд теңге жұмсалған. Бұл игілікті шараларға облыс əкімі Амандық Баталов қатысты, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы əкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс басшысының Жамбыл ауданына барған сапары барысында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын əйелдер консультациясы бар 100 төсектік перзентхана есігін айқара ашты. Нысанның ашылуына арнайы келген Амандық Баталов көпшілікті қуанышты жаңалықпен құттықтады.

- Желтоқсан айы - мерекеге толы берекелі ай. 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күніне орай бірқатар нысандарды іске қостық. Талдықорғанда студенттерге арналған жатақханалар, аудан, қала тұрғындарына жаңа үйлер салынып, пайдалануға берілді, басқа да әлеуметтік маңызды нысандар көптеп ашылуда. Бүгін, міне, Ұзынағашта жаңа перзентхананы іске қосып отырмыз. Елбасы мені әкім етіп тағайындағаннен кейін облыстағы өзекті деген бірқатар мәселелерді шешуге қолдау көрсету туралы ұсынысымды Үкіметке жеткізген едім. Сол қатарда осы Ұзынағаш ауылына жаңа перзентхана салу қажет деген ұсынысымыз қолдау тауып, республикалық бюджеттен 4,9 млрд. теңге қаржы бөлінді. Облыста жыл сайын 50 мыңдай бала өмірге келеді. Бұл біздің облыста демографиялық өсімнің жоғары екенін көрсетеді. Сондықтан аудандық орталық аурухана жанынан ашылып отырған бұл мекеменің ана мен балаға қамқорлық жасаудағы, ұрпақ денсаулығын сақтаудағы маңызы ерекше. Елбасының алдымызға қойған міндеті де, Президенттің берген тапсырмасы да – тұрғындардың денсаулығын сақтап, сапалы медициналық қызмет көрсету, халықтың сапалы өмір сүруін қамтамасыз ету, - деп атап өткен А.Баталов аудан тұрғындарын алда келе жатқан Тəуелсіздік мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Мұнан соң Жамбыл аудандық ауруханасының дәрігері Сабира Мұсабаева және перзентхананың меңгерушісі Бақытгүл Есімханова сөз алып, ана мен балаға сапалы медициналық қызмет көрсетуге осындай жағдай жасаған ел ағаларына алғыстарын жеткізді.

Жаңа нысанның лентасы қиылып, көпшілік ғимараттың ішін аралап көрді. Облыс әкімі А. Баталов қабылдау бөлімі, палаталар, патологиямен туған балалардың өмірін сақтауға арналған бөлім мен операция бөлімі, сол сияқты басқа да арнайы бөлмелердегі құрал-жабдықтардың мүмкіндіктерімен танысып, мамандармен тілдесті.

Бұрын аудандық аурухананың бір қабатында орналасқан 55 төсекке лайықталған бөлім - қазір аурухана жанында өз алдына жеке ғимараты бар перзентханаға айналды. Аурухананың бас дәрігері Дамир Сұраужановтың айтуынша, ауданда 2019 жылы 4600 бала өмірге келсе, биыл жыл соңына дейін сәбилер саны 5 мыңға жетеді деп күтілуде. Перзентханада 12 Кувез аппараты, 24 фототерапия аппараты, 8 ИВЛ аппараты және басқа да барлық қажетті құрал-жабдықтар түгел. Бұрын мұнда 48 қызметкер болса, қазір мамандар саны 119-ға жеткен. Жұмысқа келіп жатқан жас мамандар да бар. Мәселен, Айдана Жылысбек медицина маманы ретінде ауруханаға жұмысқа тұрғаннан кейін жас маман ретінде тұрғын үймен қамтылған. Осы ретті облыс әкімі Амандық Баталов:

- Жас мамандарды баспанамен қамту ісі тұрақты назарда болуы керек. Қажет болса, Ұзынағаштан арнайы жер бөліп, жас мамандар үшін тұрғын үйлер саламыз. Сосын перзентханада орнатылған әрбір жаңа медициналық аппараттармен жұмыс істеу машығын жетілдіру үшін медицина мамандарын біліктілігін көтеру курстарына, қажет болса шетелге де жіберіп үйретуіміз керек. 2021 жылға осы бағытта арнайы жоспар жасаңдар, қаржы бөлеміз - деді А. Баталов.

Сол сияқты індет кезінде өз өмірлерін қатерге тіге отырып, күні-түні еңбек еткен ауданның медицина мамандарына алғысын жеткізді.

Атап өтсек, облыс бойынша кислород стансасымен қамтылған ауруханалардың бірі – осы Жамбыл аудандық ауруханасы. Соған сәйкес ғимараттың дәліздеріндегі мыс трубалар арқылы кислород перзентхананың әр палатасына жеткізілген. Бұл - індеттің таралу қаупі әлі сақталып отырған бүгінгі кезеңде аса маңызды мүмкіндіктердердің бірі.

Бұл нысанда жүкті жəне босанған əйелдерге, жаңа туған сəбилерге жоғары білікті медициналық көмек көрсетіліп, патологиялық жағдайларды диагностикалау, акушерлік-гинекологиялық кеңестер беру қызметтері көрсетіледі. Ғимараттың іші індет кезінде өзекті саналатын антибактериалды фильтрлермен жабдықталған климаттық және желдеткіш құралдарға қосылған. Перзентхананың құрылыс жұмыстарын "Лидер-НК" ЖШС жүргізген.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?