Шонжы ауылында босанған әйелдің өліміне жол берген үш дәрігер сотталды

10 Желтоқсан 2020, 20:50
Сурет: Алматы облысы ПД баспасөз қызметі

Алматы облысында босанған әйелдің өліміне жол берген үш дәрігер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2018 жылдың қазан айында Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылындағы орталық аурухананың перзентханасында 5 баланың анасы 35 жастағы әйел босанғаннан кейін қайтыс болды.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігі бойынша (медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін орындамауы, тиісінше орындамауы, егер бұл әрекеттер абайсызда адам өліміне әкеп соқса, оларға ұқыпсыз немесе жосықсыз қарау салдарынан) қылмыстық іс қозғалды.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары тергеу бөлімінің аға тергеушісі полиция капитаны Ф. Ильясовқа тапсырылды. Тергеуші сауатты ұйымдастырылған қажырлы жұмыстың нәтижесінде барлық қажетті тергеу әрекеттерін күрделі сараптамалар тағайындаумен жүргізіп, дәрігерлердің кінәсін дәлелдеді және істі айыптау қорытындысымен сотқа жіберді.

Бірінші сот 2020 жылдың 27 шілдесінде өтті. Алайда, апелляциялық шағымды қарағаннан кейін Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 24 қарашадағы қаулысы іске нүкте қойды. Сот үкіміне сәйкес 63 жастағы дәрігер-хирург 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған көмек көрсеткен 33 жастағы акушер-гинекологқа үкімнің орындалуын 5 жылға кейінге қалдыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Екінші 31 жастағы акушер-гинекологқа жазасын өтеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгілене отырып, шартты түрде 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, барлық үш дәрігер 1 жыл мерзімге дәрігерлік жұмыспен айналысу құқығынан айырылды. Жәбірленушінің мүддесі үшін олардан 5 000 000 теңге көлемінде моральдық залал өндірілді.

"Мен мұндай күрделі істі бірінші рет тергедім, көп жұмыс істеуге тура келді. Қажетті медициналық білімі бар тәжірибелі консультанттарды тартуға тура келді. Олар маған бұл істі аяғына дейін жеткізуге, кінәлілерді жауапқа тартуға көмектесті. Бұл өз қызметтеріне салғырт қарайтын медицина қызметкерлеріне жақсы сабақ болды деп ойлаймын. Бірнеше күрделі, комиссиялық сот сараптамаларын жүргізуге байланысты бір жылдан астам уақытқа созылған сотқа дейінгі тергеу барысында басым көпшілігі дәрігерлер болып табылатын 70-тен астам куәгерден жауап алынды. Медициналық терминологияны түсіну үшін көптеген медициналық әдебиеттерді оқуға тура келді", - деді полиция капитаны Ф. Ілиясов.

"Мен қиылған өмірді қайта жалғау мүмкін емес екенін білемін. Жан жолдасыңның орны толмайды. 4 баланы дүниеге әкелгеннен кейін, ол бесінші перзентті өмірге әкелу үшін перзентханаға келді және дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды. Мен қатты уайымдадым, кінәлілер өз жазасын алғанша балалардың көзіне қарай алмадым. Іс бойынша әділ сот шешімін мен ғана емес, аудан тұрғындары да күтті. Бұл жерде үлкен жұмыс атқарған, өзінің білімі мен жоғары кәсібилігін көрсеткен тергеушінің еңбегі, сондықтан Фархат Ілиясовқа өз атымнан және барлық туыстарымның атынан алғысымды білдіремін. Денсаулық және жауапты әрі ауыр еңбекте табыс тілеймін", - деді жәбірленуші, қайтыс болған әйелдің жолдасы Радулин Самиев.




zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?