БАҚ сайлауға қатысты 30-ға жуық заң бұзушылық жасады – Ақпарат министрлігі

11 Желтоқсан 2020, 16:24
Сурет: zakon.kz

Сайлауға дайындық науқаны кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында 30-ға жуық заң бұзушылықтарға жол берілді, деп хабарлады ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында, деп хабарлайды zakon.kz.

– Үгіт-насихат кезеңінде біздің министрлік ақпараттық кеңістікті үздіксіз қадағалап отырады. Сайлау заңнамасын сайлау науқанына қатысушылардың барлығы қатаң сақтағаны маңызды. Қандай да бір заң бұзушылық байқалса, біз ол туралы Бас прокуратура мен ОСК-ға ақпарат жібереміз. Одан кейін Бас прокуратура қолданыстағы заңнаманы бұзған БАҚ-қа қатысты тиісті шаралар қолданады. Заң бұзушылық болған жағдайда басшылар да, яғни, БАҚ-тың бас редакторлары, БАҚ-тың өзі де жауап береді. Сондай-ақ, БАҚ-тың заң бұзған жай қызметкерлері де жауапқа тартылады, – деді Ойшыбаев.

Ол үгіт-насихат кезеңінде БАҚ-тың басты міндеттерінің бірі – партиялар мен кандидаттардың қызметін жаңалықтар блогында және тұтастай ақпарат кеңістігінде біреуіне басымдық бермей, бірдей көрсету екенін еске салды.

Министрлік үгіт-насихат кезеңінде сайлау тақырыбына қатысты барлық БАҚ материалдарын тіркеп отырады, партиялар мен кандидаттар туралы материалдардың көлемін есептейді және сайлау заңнамасының бұзылуы белгілерін анықтайды. Мониторинг барлық республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарын, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын және интернет-ресурстарды қамтиды.

– Кей БАҚ-тар заңды бұзып, өзінше сауалнама жүргізе бастады. Қоғамдық пікір жинайтын сауалнаманы тек тиісті талаптарға жауап беретін және ОСК-ны хабардар еткен ұйым ғана жүргізе алады. Сауалнама нәтижелерін жариялау кезінде БАҚ сауалнаманы жүргізген ұйымды көрсетуі керек. Үгіт-насихат науқанының басында біз осындай 30-ға жуық заң бұзушылықтарды тіркедік, олар бойынша материалдар тиісті органға жіберілді, – деп атап өтті вице-министр.

Ол сондай-ақ дауыс беруге дейін 5 күн ішінде және дауыс беру күнінде сайлауға қатысты пікіртерім, болжам және басқа зерттеулерді жариялауға жол берілмейтіндігіне назар аударды.

Отырыста сайлау алдындағы үгіт-насихатты мемлекеттік органдарға, жергілікті әкімдіктерге, сондай-ақ лауазым иелеріне қызметтік міндеттерін орындау кезінде жүргізуге тыйым салынғаны ескертілді. Бұл әскери қызметшілерге және кез келген басқа күштік құрылымдарының өкілдеріне, ОСК мүшелеріне және діни бірлестіктердің өкілдеріне қатысты.

– Ең бастысы, егер БАҚ қызметкерлері кандидат ретінде тіркелген болса, онда олар үгіт-насихат кезеңінде журналистік қызметпен айналысу құқығы жоқ екенін ұмытпауы керек. Екінші мәселе, бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген партияларға келісімшарт негізінде эфирлік уақыт немесе баспа алаңын береді, бірақ келісімшарт талаптары ешбір тарапқа артықшылықтар бермеуі тиіс, – деді Ойшыбаев.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?