Шенеунік тәрбиелеудің қытайлық әдісі қандай?

14 Желтоқсан 2020, 10:31
Сурет: South China Morning Post

Өзінің ҚХР-ға жасаған ақырғы мемлекеттік сапары кезінде Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың жемқорлықпен күресте жеткен жетістігіне баса назар аударған болатын. Тіпті, қазақстандықтарға қарата сөйлеп, Қытай тәжірбиесінен үйрену керектігін айқан.

"Жемқорлықпен күресуді олардан (Қытайдан) үйрену керек. Олар мұны қалай жүзеге асырды? Олар әуелі мемлекеттік қызметкер үшін 8 бөлімнен тұратын мемлекеттік қызмет этикасын жасаған", - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.

Рас, соңғы жылдары Қытайдың әлемдік антикоррупциялық қозғалыстың алдыңғы қатарында екенін өзге жұрттың бәрі біледі және мойындайды. Сондықтан да, олардың осы саладағы тәжірбиесін зерттеп білудің пайдасы болмаса, кесірі жоқ екені және шындық.

Ендеше, елімізде идеалды мемқызметкер тәрбиелеп шығару мақсатында Қытайлықтардың бұл саладағы іс-әрекеттеріне үңіліп көргенді жөн деп таптық. Олардан нені үйренуімізге болады?

Шенеуніктерді не үшін тәрбиелеу керек?

"Қытай шенеунігі кодексінің" мән-мазмұны не туралы екенін айтпас бұрын, әуелі ҚХР басшылығы неге дәл қазір осы мемлекеттік қызметкер этикасына ерекше мән беріп отыр деген сауалға жауап іздеп көрген жөн. Себеп қарапайым: Қытай соңғы жиырма жылда бұрын-соңды болмаған экономикалық өсімге қол жеткізді. Сәйкесінше, елдегі жемқорлық та соншалық көбейді. Мұндағы әңгіме тіпті мемлекет қазынасына келтірілген шығын туралы да емес, жемқорлықтың көбейуінен Компартия мен билік жүйесі орасан зор сенім дағдарысына ұшырады. Қарапайым тілмен айтсақ, шенеуніктің (коммунист шенеунік) іс-әрекеті ел арасында биліктің беделін түсіруге алып келді. Бұл өз кезегінде басқарушы билікке үлкен қауіп болды.

Қытайдағы жемқорлықтың көбейуі жағдайының шектен шығып бара жатқаны туралы әуелі Ши Жипиңге дейінгі басшылар кезінде де айтыла бастаған еді. 2000-шы жылдардағы әлеуметтік наразылықтар жиілеген үстіне жиілей берді. Халық наразылығы біреу ғана еді. Ол – жергілікті басшылардың өз қызметтерін асыра пайдалануына деген наразылық болды. Халықаралық сарапшылар Ши төраға билікке келгенге дейін, 2011 жылы Қытайда болған наразылықтар саны жылына 200 мыңға дейін жеткенін айтады. Бұл дегеніңіз күніне 550 наразылық акциясы өткізілген деген сөз.

Сондықтан да, Ши командасының билікке келгендегі жүргізген саясатының басты бағыттарының бірі – осы жемқорлықпен күрес болды.

Мұнда назар аудара кететіні – институционалды реформалар мен дәстүрлі жазалау тәсілдерінен бөлек, шенеунік "миын қайта реформалауға" екпін жасалды. Яғни, жемқор шенеунікті "халық қызметшісі" деген образға сай етіп, қайта тәрбиелеп шығуды қолға алды.

"Сегіз бөлімдік ереже"

Сонымен, "Қытай шенеунігінің этика кодексі" деген не? Онда қандай ережелер жазылған?

Бұл "Сегіз бөлімдік ережені" Ши төраға билікке келгеннен кейін бірден ұсынды (2012 жылдың 4 желтоқсаны). Онда не жазылған? Қысқа-нұсқа:

1. Басшы адам халыққа жақын болуы керек. Жергілікті жердегі туындаған мәселелерге шын мәнінде көңіл бөліп, формалды тергеп-тексеруді тыю, ресми сапарлар кезіндегі шектен тыс дарақылықты қою керек (қызыл кілемшеден бастап, салтанатты қабылдауларға дейін).

2. Халықпен өткізілетін барлық кездесулер мен іс-шаралар ақылдасып келісілуі керек. Және ол кездесулер мен іс-шаралардың пайдасы бар-жоғы дәлелденіп көрсетілуі керек.

3. Бюрократиялық процедуралардың барлығын қысқарту керек.

4. Шенеуніктер шет елдерге іс-сапарларын аса маңызды болған жағдайда ғана жасауға болады және ол артық шығынсыз жасалуы керек.

5. Аса бір мұқтаждық болмаған жағдайда шенеуніктердің кортежі үшін жолды жабуды доғару керек.

6. Егер маңызды себебі болмаса, шенеуніктердің формалды іс-шаралары мен жұмыстарын БАҚ-та жарнамалай беруді тоқтату керек.

7. Шенеуніктер өз шығармаларын немесе зерттеу еңбектерін жариялауына рұқсат жоқ. Бұл Орталық биліктің рұқсатымен ғана жасалады. Ал әрбір шенеуніктің өзін-өзі жаранамалауына жол берілмейді.

8. Басшылар ұқыпты әрі үнемшіл болуы керек. Қызметтік көліктер мен қонақ үйледі басы артық пайдалана беруіне болмайды.

Байқағандарыңыздай, мұнда аса бір күрделі мәселелер жоқ. Десе де, осының өзі шенеуніктің жұмыс істеу тәртібін түбегейлі өзгертуге көмектеседі дейді. Ал Қытай шенеутіктерінің көбі жаңағы ереженің 1-ші және 8-ші бөлімдерінен сүрініп қалып жатады екен. Яғни, "формалдылық" пен "дарақылықтан" сүрінеді. Тәртіптік тексеріс кезінде шенеуніктің ереже бұзғаны анықталған жағдайда нақты жаза қолданылады. "Жэньминь жибао" дерегіне сүйенсек, ағымдағы жылдың шілде айында осы "Сегіз бөлімдік ережені" бұзған 2842 жағдай тіркелген екен. Ол бойынша 3934 адамға тексеріс жүргізілген. Олардың 2589-ына партиялық және тәртіптік жаза қолданылған.

Осы тіркелген ереже бұзушылықтардың ішінде көбісі "қызметтік көлікті мақөсатсыз пайдалану" бабы бойынша ереже бұзғандар екен. Шілде айында осындай 680 жағдай тіркелген.

Төр зиянды жұмыс тәсілі

Жоғарыда аталған сегіз бөлімдік ережеден бөлек, Қытай билігі шенеунік адам алыс жүруі тиіс төрт түрлі зиянды жұмыс тәсілін белгілеген. Олар: формализм, бюрократизм, гедогизм және дарақылық.

Бюрократизм мен шектен тыс дарақылықтың не екені, оның ақыры неге әкеліп соқтыратыны айтпаса да түсінікті. Мұны біздің шенді-шекпенділер де жақсы біліп отыр. Ал енді формализм мен гедонизмнен аулақ болуды біздің шенеуніктер түсіне ме?

Туындаған проблеманы нақты әрі жылдам шеше алмаған немесе шешкісі келмеген, демогогиямен айналысып, өз міндетін толық атқармаған, тұрғындардың мұң-мұқтажына ортақтасып, оны шешуге барын салмаған т.б. шенеунікке дәл осы формализммен айналысты деп айып тағылады.

Ал енді гедонизм деген ұғым біздің шенеуніктер үшін тіпті түсініксіздеу болары сөзсіз. Шынында, біздің бір шенеунікке "гедонист" деген айып тақсаңыз, ол сізден: "гедонист" деген не" деп те сұрауы мүмкін.

Бұл да дарақылықтың бір түрі. Пафосқа деген құмарлық. Қымбат көлік, костюм мен сағатқа, мәдениет қызметкерлерімен сауна-моншада көңіл көтеруге т.б. деген шектен тыс әуесқойлық. Қытай билігінің ережесі бойынша, шенеунік адам мұндай пафостық дарақылықтарға әуес болмауы керек. Қымбат бағалы сыйлықтардан бастап, некесіз қарым-қатынастарға дейін аулақ болуы керек.

Шенеуніктерді кімдер тәрбиелейді?

Жоғаыда айтылған ережелердің қатаң сақталуын ҚХР Тәртіптік тексеріс жөніндегі Орталық Комиссиясы бақылау жасайды. Ол Қытай Коммунистік партиясының Жоғарғы бақылаушы органы. Ал ҚХР-ның барлық мемлекеттік қызметкері ҚКП мүшесі болғандықтан, Комиссия өз партияластарының, өз шенеуніктерінің жұмысын тексеріп бақылаушы болып табылады. Және бұл Комссияға өзге органдарға қарағанда шексіз құзырет берілген.

Мысалы, биылғы жылдың 14 тамызы күні Қытай Компартиясы жаңағы Тәртіптік Комиссияның инспекторлық-бақылаушылық құзірет-билігін одан ары еселейтін шешім шығарған. Енді ол партияның басқарушы топтарын, халықтық сот төрағалары мен жергілікті деңгейдегі прокуратураларды, министрлік басшылары мен жетекші қаржылық ұйым басшыларын да бақылайтын болады.

Атап айтқанда, Тәртіптік Комиссия пара алу, қызметтік мансабын асыра пайдалану, сайлаудағы алаяқтық, қызметті сату мен сатып алу секілді басқа да аморалдық іс-әрекеттерді тексереді. Ал дәл осы Тәртіптік Комиссияның тергеу тәсілі ең қатаң тәсіл деп бағаланады.

Тәрбиешілердің көмекшілері кімдер?

Осы ретте Тәртіптік Комиссияның жазалау тәсілінен бөлек, жаңаден енгізген жаңалығы туралы айта кеткен жөн болар. Ол – арнайы мобильдік бағдарлама. Бұл мобильдік қосымша арқылы жекелеген азаматтар "тәртіптік бақылаушыларға" қандай да бір шенеуніктің ереже бұзғаны туралы анонимді түрде хабарлай алады. Бұл мобильдік қосымшаны "App Store" және "Android" немесе Комиссияның ресми сайтынан жүктеп алуға болады.

Бұл бойынша тұрғындар өз шағымдарын жазба, аудио немесе видео формаында жібере алады. Комиссия дәлелдер жеткілікті деп таныған жағдайда әлгі шенеунікке атсты тексеріс басталады.

Біз олардан нені үйренуіміз керек?

Қытайдың жемқорлықпен күрес тактикасы өте күрделі және бірнеше аспектілерден тұрады. Бұл тұрғыдан Қазақстанның Антикоррупциялық жүйесінде ұқсастықтар бар. Сондықтан, Күншығыс елінің бұл саладағы тәжірбиесінен де алатын тұстарымыз аз емес. Алайда, біз бүгін этика тақырыбын сөз еткендіктен, әл осы "тәрбиелеу" жағынан қандай жағын үйренуіміз керек деген мәселеге тоқталған жөн болар.

Нақтылық және талаптың түсінікті болуы. Қытай билігі өз шенеуніктері үшін арнайы ереже жазып, жол көрсеткен. Ол бойынша кез келген шенеунік адам нені істеуге болатыны немесе болмайтынын жақсы біледі. Өкінішке орай, біздегі кейбір шенеуніктердің әсіре пафосты, өздерін "хандық" сән-сатанатпен ұстауы қалыпты жағдай ретінде қабылданады.

Ал енді осы барлық талаптарды қысқа-нұсқа етіп жинастырып, БАҚ арқылы насихаттайтын болсақ, тек қана шенеуніктерге емес, еліміздің әрбір азаматының санасына жақсылап сіңіретін болсақ, жемқорлықпен күресте бір қадам болсын алға жылжитын едік.

Бақылаудың тұрақты болуы. Қытайдың Тәртіктік Комиссия басшысы, Мемлекеттік кеңестің вице-премьері Ван Сишан: "Бұл антикоррупциялық компания мәңгі жалғаса береді", депті. Және Қытай билігінде Ши төраға отырған кезде жемқорлықпен күрестің осы бағыты сөзсіз жалғасатыны анық.

Жемқорлықпен күресің мұндай тәсілі Қазақстан үшін де пайдалырақ болар еді. Ал оны бір реттік жылтырақ іс-шаралармен жүзеге асыру тіпті мүмкін емес! Шенеунікті де, халықты да тәрбиелеу керек! Және оны жыл емес, жылдар бойы жүргізу маңызды! Шенеунік адамның дарақылыққа, таныс-тамырлыққа, жемқорлыққа, халықтың мұң-мұқтажын елемеушілікке жол бермеуі тиіс екенін әрбір қазақстандықтың санасына жеткізу керек!

Халықпен жұмыс. Естеріңізде болса, Алматы облыстық ІІД әлеуметтік желілерде азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнау үшін "WhatsApp" желісін ашқан еді. Азаматтар өздері тұратын аймақтардағы заңбұзушылықтарды әшкерелеуге белсенді араласқан болатын.

Енді осы тәжірбие негізінде, әрбір қазақстандыққа бүкіл ел аумағында шенеуніктерді осындай өрескел заңбұзушылықтарын анонимді хабарлауға мүмкіндік жасалса. Әрине, құр сөзбен емес, нақты дәлелдермен хабарлау мүмкіндігін жасасақ, біздегі шенеуніктердің шалқып-тасыған астамшылығы біраз тиылатыны сөзсіз. Бұл жерде гәп тек шенеуніктердің жемқорлық жасау фактісі ғана емес, күнделікті өзін-өзі ұстауы да маңызды. Қытайдың шенеунікті қоғам болып бақылау практикасын бізге де енгізер болсақ, жемқорлықтың да, асқан дарақылықтың да жолы кесілер еді...


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?