Жыр болған "беби-бокс" ақыры елімізде пайда болды

21 Желтоқсан 2020, 16:40
Сурет: Баспасөз қызметі

Бүгін Еңбекшіқазақ ауданаралық ауруханасында "беби-бокс", яғни баласын тастағысы келген аналарға арналған жәшік орнатылды, деп хабарлайды zakon.kz.

Жаңа туған шақалақтардың арықтан, қоқыс орнынан, дәретханаларда табылуы бүкіл қазақстандықты алаңдатады. Осыған орай бастамашыл топ "Үміт бесігі" жобасын жүзеге асыруды ұсынды.

Аурухана директоры Жәмила Әбілованың айтуынша, "беби-бокс" кез-келген әйелге өз баласын қауіпсіз жағдайда қалдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әйелдің жеке басының құпиялылығын да сақтайды, сол үшін де бұл маңда бейнебақылау камералары орнатылмайды.

- Баланы тастай салысымен, біз балаға жедел медициналық көмек көрсете аламыз. Әрине, бұл жаңа туңан сәбидің амандығы үшін өте маңызды. Үш айдың ішінде анасы өз ойын өзгертіп, нәрестесіне оралуға мүмкіндігі бар, - деді Әбілова.

Оның айтуынша, перзентханада күніне 15-тен 20-ға дейін бала туады. 2020 жылы 2 600 бала дүниеге келді, сәбиінен бас тартқан аналар да болады.

- Биыл мұндай жағдай аз. Жылына бес-алтыға дейін ондай факті тіркеледі. Мысалы, биыл анасы баланы үйден босанып, оны сөмкеге салып, дүкен есігінің тұтқасына іліп кеткен жағдай болды. Бала аман қалды, қазір оның дені сау, сәбилер үйіне ауыстырылды. Онда бәрі жақсы, - деді ол.

Беби-бокстың видеосын Нұркен Халықберген Facebook-тегі парақшасында жариялады. Ол бұл оқиғаны осы жылдағы ең жақсы жаңалыққа балады.

- Баласынан бас тарту туралы шешім қабылдаған шешелер бұл боксқа еш қамсыз сәбиін тастап кете бере алады. Ол үшін оны ешкім айыптамайды, жауапқа тартпайды. Ал жәшікке бала келіп түскенде, ол автоматты түрде аурухана күзетшісіне дабыл белгісін береді. Ол бірден дәрігерлерді шақырып, баланы ақ халаттыларға табыстайды. Жәшік ішінде жылу жүйесі бар. Бұл баланың қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Егер анасы шешімін өзгертіп, баласын қайтарып алғысы келсе, онда ол өтініш беріп, ДНҚ-анализі арқылы өз талабын қоя алады. Бұл, әрине оңай шаруа емес, бірақ мұндай да мүмкіндік бар, - дейді Халықберген.

Айта кетсек, 2016 жылы Денсаулық сақтау министрлігі "беби-бокс" орнату идеясынан бас тартқан.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?