БЖЗҚ салымшыларының инвесттабысы 1,13 триллион теңгеден асып түсті

24 Желтоқсан 2020, 10:02
Сурет: gov.kz

БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының сомасы 2020 жылдың 1 желтоқсанында 12,7 триллион теңгеден асты. Оған зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс кіреді.

Естеріңізге сала кетейік, жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) түсетін, есебін БЖЗҚ жүргізетін зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды.

Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б. кіреді.

Ағымдағы жылдың 11 айында салымшылардың шоттарына 1,13 трлн теңге мөлшерінде таза инвестициялық кіріс есептелді. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 88%-ға (немесе 531 млрд теңгеге) артық (01.01.2019 жылдан бастап 30.11.2019 жылға дейін таза инвестициялық кіріс 600,5 млрд теңгені құрады). Айта кетейік, 01.01.2020 жылдан бастап 30.11.2020 жылға дейінгі кірістілік 6,5% инфляция кезінде 10,16% болды.

Жалпы алғанда, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс шамамен 4,6 трлн теңгеге жетті. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі шамамен 36% құрады.

Егер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бергі кезеңді алатын болсақ, онда таза инвестициялық табыс 5,5 триллион теңгеден асты. Осы уақыт ішінде инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен 598,08% құрады. Ал инфляция 491,10% болды. Осылайша 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы 106,98%.

Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе ұялы қосымшаның көмегімен бақылай алады. БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланып отырады.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?