Алматыдағы ІІМ академиясының басшысы қызметінен босатылды
Алматыдағы Мақан Есболатов атындағы Ішкі істер министрлігі академиясының курсанты Саламат Өтегеновтің қайтыс болуына байланысты Алматы қалалық полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, "Суицидке жеткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, оның барысында марқұмның туыстары келтірген барлық дәлелдер тексеріледі, деп хабарлайды zakon.kz.
Оқу орнына ішкі істер органдарының кадр саясаты және ішкі қауіпсіздік басқармаларының басшылығы мен жауапты қызметкерлері арасынан арнайы топ жіберілді. Тексеру нәтижелері бойынша Ішкі істер министрлігінде Тәртіптік комиссия өткізілді.
Ішкі істер министрінің бұйрығымен академия бастығы О.Х.Смайылов сеніп тапсырылған бөлімде жұмысты дұрыс ұйымдастырып, бақылауды қадағаламағаны үшін қызметінен босатылды.
Оның тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстарға жауапты орынбасарын да қызметінен босату ұсынылды. Сонымен қатар, Академияның тағы 16 аға қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың бесеуі де қызметінен босатылды, деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Академияның оқу үдерісі, тұрмыстық жағдайы, моральдық-психологиялық ахуалы, қаржылық-шаруашылық қызметі кіретін кешенді тексеру тағайындалды. Министрліктің ішкі аудит, кадр саясаты және ішкі қауіпсіздік департаменттерінің қызметкерлері білім беру мекемесіне жіберілді.
Министр Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша осындай тексерулер 2021 жылдың 1 тоқсанында Ішкі істер министрлігінің барлық оқу орындарында жүргізілетін болады.