Қазақтар кедейленіп барады

5 Қаңтар 2021, 15:47
Сурет: ztb.kz

Ресми деректер бойынша Қазақстанда 1 миллионнан астам адам кедей деп танылған. Ал Дүниежүзілік банктің Қазақстанға қатысты есебінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша елде тағы 800 мыңнан астам адам кедейлікке ұшырайды деген болжам бар. Бұлар айлық табысы 36 мың теңгеден сәл асатын азаматтар, деп жазады "Жас Алаш" газеті.

Бәріміз жақсы білетіндей, "ресми деректер" деген мүлдем шын жағдайды білдірмейді. Кедей халқының тым көп екенін мойындауға Қазақстан билігі, әрине, жол бермеуге тырысады. Кедей көп болса, әлеуметтік салаға шығындарды көбейту керек, мұндайды біздің шенеуніктер ұнатпайды. Оның үстіне Қазақстанда кедейлердің көбейгені ұзақ жылдар бойы дамыған 30 елдің қатарына енеміз деп кеуде соққан биліктің имиджіне теріс тиеді.

Бұл Қазақстанда сосын жыл сайын жаңа жылдан кейін азық-түліктен бастап, айналадағы дүниенің бәрі қымбаттап шыға келетіні бар. Кедейлік ауылда да, қалада да жоғары болып тұр. Ең жаманы – кедейлік әке-шешеден балаға мұра болып қалып отыр.

Қазақстанда кедейлер неге көп деген тақырыпты кеше ғана YouTube-тегі AuditoriumQZ каналында Досым Сәтпаев талқылапты. Оның сөзінше, кедейліктің түрлі себебі болуы мүмкін. Біз көбіне оны әлеуметтік-экономикалық дағдарыстарға немесе кедейлік психологиясына жаба саламыз. Бірақ кедейлікке биліктің саясаты да себеп болатынын ұмытпау керек.

"Есімізде ғой, 90-жылдары билік басындағылар мұнай-газ бен басқа да толып жатқан ресурстарға бай Қазақстанның халқы Кувейт пен Бахрейн халқы сияқты шалқып өмір сүретін болады дегенді жиі айтатын. Бірақ олай болған жоқ. Өйткені экономиканы биліктегі элитамен сыбайласқан олигархиялық топтар басқаруға кірісіп, мемлекет қалтасын өз қалтасымен шатастырды. Нәтижесінде миллиардтаған доллар елдің дамуына жұмсалудың орнына офшор асты. Оның себебі де белгілі – елде ресурстардың қайда кетіп жатқанын бақылайтын тиімді қоғамдық тетіктер сол күйі құрылған жоқ. Енді кедейлерді көрген билік қоғамда масылдық белең ала бастады деген әңгімені бықсытады, бірақ масылдықпен, шындығында, биліктегі мемлекеттік шенеуніктер айналысып отырғанын мойындамайды. Қараңыз, Қазақстандағы халықтың 1 пайызы – шіріген бай адамдар. 4 пайызы – жай ғана асқан байлар. 20-25 пайызы – орта тап, олар тек қана ірі қалаларда тұрады. Қалған 70 пайызы – әлеуметтік осал жағдайдағы, күнін әрең көріп көріп отырған кедей халық. Бірақ Қазақстандағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа қарап, бұған дейін орта тапта болып келгендер қатарынан тағы талай отбасы кедейлер қатарына еріксіз қосылады", – дейді ол.

Досым Сәтпаев өз каналында Қазақстандағы кедейлік тақырыбын терең талқылап, халықтың кедейлік мәселесін шешудің жолдарын іздеу үшін қаржыгер Расул Рысмамбетовті шақырып, содан ақыл сұрайды:

– Қазақстандағы кедейлер деген кімдер?

– Қазақстанда кім кедей емес деп неге сұрамайсыз? Қазақстанның кедейіне жатпайтын адам – пәтер ақысын қиналмай төлейтін, дәмді тамақ жеп жүрген, күнде таксимен жүретін немесе екі-үш жыл сайын көлік ауыстыратын адам. Ол айына 500 мың теңгедей табады, егер Алматы мен Астанада тұратын адам болса. Ал Қарағанды сияқты шағындау қалада бұлар айына 300 мың теңгедей табады. Осындай айлығы жоқтардың бәрін кедей деуге болады. Теледидар алуға 3-4 ай бойы ақша жинайтын, 3-5 жыл бойы үйіне жөндеу жасай алмай жүрген адам – кедей. Бірақ қазақтың менталитетінде кедей болу өте ұят. Сол себепті біздің адамдар заңсыз жолмен баюға жиі барады. Мұғалім өзінің айлығы аз екенін елдің бәрі білсе де, кедей екеніне ұялады. Мейірбике де сөйтеді. Содан кедей емес екенін көрсетіп қою үшін кредитке айфон алуға құмар. Қазақтың бәрі жұмыстан бос кезінде жаппай таксовать етеді. Бұл жағдайға билік ұялудың орнына, кедей халықтың өзі ұялады.

– Қазақстандағы кедейлікке біздің соңғы 30 жылда құрған экономикалық моделіміз кінәлі деп айта аламыз ба?

– Бізде бірнеше экономикалық модель болды, бірақ олардың бәрі шикізаттық экономикаға негізделген. Индустриалдық дедік, сосын үдемелі индустриалдық-инновациялық деп, қазір қайтадан жай индустриалдық даму дегенге қайта оралдық. Сондағы бар ісіміз – ел дамуына ақша салмай, жерден көбірек қазып алып, оны сыртқа көбірек сатып жіберу. Елдің біраз саласында жетістіктер мен ілгерілеушілік бар, бірақ дәл адам өмірінің сапасын көтеру жағынан еш даму болмады. Мысалы, Дубайда қазақтар тұратын шағын аудан бар. Қазақтар дегенде, олардың көпшілігі Қазақстанның бұрынғы шенеуніктері. Біз мұнайдан түскен табыстың бір бөлігін офшорға аудару деген экономикалық модельді қабыл алдық. Бұл енді адамға тән кәдімгі эгоизм. Қазақ билігінде ешкім де 100 жылдан кейін жақсы тұрасың дегенге көнбейді. Тап қазір, бүгін жақсы тұрғысы келеді. Қазақтың мұнайдан түскен табысын бөлуге жауапты адамдар сондай эгоизммен біраз көрпені өзіне қарай тартып қалды. Байлық солай әу баста әділ бөлініске түспей қалды. Өзбекстанда да кедейлер көп. Екі Алматы облысының жеріндей аумақта 34 миллион адам тұрады. Сонша халық тар жерде байып кете алмайды.

– Сонымен, халық кедейліктен құтылу үшін Қазақстанға не істеу керек?

– Қазақстан халқының 83 пайызында ешқандай жинақ ақша жоқ. Есесіне банктен алған несиесі бар. Бұл да кедейліктің белгісі. Кедейлікті жеңуді айта алмаймын, бірақ онымен күресе бастаудың ең қарапайым жолы – "кедейдің бір тойғаны – шала байығаны" дегендей, ең алдымен елде азық-түлік өнеркәсібін көтеру керек. Қара халық, расымен, макаронға қарап отыр. Қазақстандық жұмыс күшінің қолымен жасалған сапалы және бағасы арзан азық-түлік өнімдері керек. Тұрмысы төмен адамдарға 42 500 теңге сияқты ай сайын шартсыз төлем енгізу керек-ақ, бірақ мемлекетте қазір ондай ақша жоқ сияқты. Алматы мен Астанада қазір бір ай өмір сүру үшін кемінде 150 мың теңге керек. Астанада "Яндекске" тіркеліп, таксист болып жүргендердің тең жартысы мемлекеттік қызметкерлер. Олардың да айлығы жетпей жатыр. Бірақ кім білген, Қазақстанда халықты әдейі кедейлендіру саясаты болуы да мүмкін, өйткені кедей адам қайткен күнде де жұмысынан айырылмауға тырысады. Ол бәріне көнеді. Ол мұғалімдер сияқты сайлауыңды да тастай етіп өткізіп береді. Ал Қазақстандағы дөкей шенеуніктердің көпшілігінің отбасы әлдеқашан шетелде тұрып жатыр, мұнда өздері әзірге тоқалдарын ертіп уақытша жүр. "Қазақтың үш астанасы бар" деген қалжыңды естіген шығарсыз, олар – Астана, Оңтүстік Дубай және Солтүстік Лондон. Мен өзім 5-6 өңірдің әкімін білемін, олар тек қана Кореяға барып емделеді. Қазақстандық шенеуніктерге заң жүзінде Қазақстанда тұрыңдар деген талап қойылуы керек. Қазақстанда емделсін, балалары Қазақстанда оқысын. Сонда ғана ауруханаларымыз жөнге келер еді. Қазір, мысалы, ауылдағы "Қазпошта" қызметкері айына 40 мың теңге жалақы алады. Ал дәл қазір не істеу керек десек, ауыл шаруашылығын басқаша дамыту керек. Мәселе жерге тіреліп отыр. Ірі латифундистер халықты жерге жолатпай отыр. Миллиондаған гектар жерлерді ірі холдингтер басып алды. Жер кадастрында ашықтық жоқ. Суғару жүйесі жөнге қойылмаған. Осы жер мәселесінің шешілгенінің өзі халықтың тіршілігіне үлкен өзгеріс әкеледі.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?