2020 жыл Қазақстан футболы үшін ауыр болды 

6 Қаңтар 2021, 13:22
Сурет: zakon.kz

Бүкіләлемдік пандемияның салдары қазақ футболын айналып өте қоймады. 2020 жылы қандай қателіктерді көре білдік?

Ең алдымен ішкі біріншілігіміздің дұрыс ұйымдастырылмағанын тілге тиек етейік. Наурыз айында басталып, сәуірде тоқтап қалған чемпионат, мамырда қайта жалғасып бірден тоқтады. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшылығы ойындарды қайда ойнауды және қашан ойнауды дер кезінде шеше алмай абдырап қалды. Бұл лига басшылығының мұндай қысылтаяң кездерді басынан өткермеген, тәжірибиесі жоқ ұжым екенін байқатты. Осы тұста барлық матчтарды Алматыда өткізейік деген Қайрат Боранбаевтың бастамасы іс жүзіне асты. Футбол төңірегіндегі әңгімелер осы оқиғадан соң Қайрат Боранбаевтың Қазақстан футбол федерациясының президенті болуға лайық адам екендігін байқатты. "Қайрат" футбол клубының басшысы өзінің сұқбаттарында ҚФФ басшылығын сынап, осы лауазымды орынға таласқысы келетінін анық аңғартты.

Сонымен, біріншілік әйтеуір жалғасып, ойындар Алматы қаласында өтті. Бір есте қаларлығы чемпионат ойындарының барлығы "ҚазСпорт" арнасынан көрсетіліп, көрермендер футболға сусап жатты. Жанкүйерлердің бұл алғысын әлеуметтік желілерден жиі оқып жаттық.

Қазақстандық футбол клубтарының еурокубокке қатысуы да жанкүйерлер көңіліне жаға қоймады. Дебют жасаған қызылорданың "Қайсары" бірінші айналымнан ары өте алмай, үмітті ақтамады. Ал "Ордабасының" бірінші айналымнан шығып қалуы қатты бір таңқаларлық жағдай бола қоймады. Жыл сайын ел намысын қорғайтын мықты командамыз "Астана" Чемпиондар лигасында абыройсыздықпен жеңілді. Қасықтап жинаған рейтингтік ұпайларды шелектеп төкті. Еуропа лигасының аясында "Будучность" командасына жеңілгені қазақ жанкүйерлерінің қабырғасына батты. Командаларымыздың ішінде жақсы ойнаған "Қайрат" қана. Оның өзі сырт алаңда "Маккабиге" жол берді. 150 күнге жуық ешқандай ресми ойын өткізбегеннен кейін командаларымыздың жапырылып жеңілуі түсінікті шығар. Демек, бұл жағдайға лига басшылығын кінәлауға болады.

Ұлттық құрамамыздың ойындарын еске алсақ, экранға қарағымыз келмей, теріс бұрылатын жағдайға жеттік. Өз алаңымызда Литвадан жеңілгеннен кейін құрамаға деген нәзік сезімдердің пернелері "тырс" етіп үзілгендей. Бас бапкер Михал Билек жұмысынан кетіп, ҚФФ жаңа бапкер тағайындады. Енді Талғат Байсуфинов құрама командамызды абыройлы, жігерлі жеңілістерге жетелейді. Бұрындары еш қауқарсыз жеңіліп жүрсек, енді Талғат Маруанұлының командасы қолынан келмесе де, намысты қолдан бермей барын салуға тырысады.

2020 жыл футбол үшін қиын жыл болды. Қазақстан футболы үшін тіпті ауыр болды. Біз пандемия кезінде футбол инфроқұрылымының нашарлығын әбден сезіндік. Жабық манеждің аздығы мен ашық аспан астындағы сапалы алаңның жоқтығы бірден көзге түсті. "Қайрат", "Тараз", "Ордабасы" секілді клубтардың сәл де болса өз базасы, өз футболшылары бар екенін байқадық. Қалған клубтар бір күндік өмірмен жүр. Дегенімен, 2021 жылдан үміт көп. Биыл болған қателіктер енді қайталанбай, лига басшылығы біріншілікті жақсылап ұйымдастырса болар еді. Түркістан қаласындағы стадион да ел футболының сәл де болса ажарын кіргізсе құба құп. Себебі, 2021 жылғы чемпионатта 14 команда болады деген қауесет бар. Ал құрамамыз қазақ бапкерінің қол астында намыспен ойнап, азулы Францияға қарсы төтеп берсе, қайта жөндеуден өткен "Астана Арена" еуропалықтарды да, бізді де қызықты ойындарымен таңқалдыртады деген ойдамыз.

Мәулен Ермұхамед, aladop.kz


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?