Қазақстандықтар мен оралмандар шетелдік шоты туралы есеп беруден босатылды
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдар 240.00 формасындағы құжатта шетелдік банктердегі шоттарындағы ақшаны көрсетуге міндетті емес. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағалары Марат Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Жаңа жылдан бастап күшіне енген Салық кодексіндегі өзгерістерқе қатысты сұрақ Мемлекеттік кірістер комитеті басшысының блогында қойылды.
Берілген жауапқа сүйенсек, шынымен де, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 10 желтоқсандағы Заңы және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) Қазақстан Республикасының Кодексін қолданысқа енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңынан Салық кодексінің 363-бабы 1-тармағының 11) тармақшасы алынып тасталды.
Соған сәйкес, есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан шетелдік банктердегі банктік шоттарында ақшасы бар Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдар,республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша қолданыстағы айлық есептік көрсеткіштің 141 еселік мөлшерінен асып кетсе де мұндай деректерді жеке табыс салығы декларациясында (ФЛО 240.00) көрсетуге міндетті емес, - дейді Марат Сұлтанғазиев.
Атап айтқанда, алынып тасталған 11-тармақта азаматтар жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсырады деп көрсетілген: "есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша шетелдік банктердегі банктік шоттарында ақшасы бар Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдар Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша айлық есептік көрсеткіштің 141 еселенген мөлшерінен асатын ақшасы болса" делінген.