Ер-азаматты кебенек ішінде таны!

5 Ақпан 2021, 16:58
Сурет: Қызылорда облысының ӨКҚ

Қызылорда облысын басқарған жігіттердің басына күн туғанда, түрлі алыпқашпа әңгіменің көбейгені де рас. Осы ретте біз баспасөз бен әлеуметтік желіде жазылып жатқан ақпараттарға сүйене отырып, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Мұрат Имандосовтың азаматтық портретін жасауға тырыстық. Жалпы, Мұрат Имандосов Қызылорда облысына қарасты Қазалы және Қармақшы аудандарының әкімі, облыстың индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы, 2016-2019 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2019 жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда облысы әкімінің орынбасары сияқты көптеген лауазымды қызметтер атқарған. Мемлекеттік қызметтің бүкіл баспалдағында өзін тек, іскер, білікті маман ретінде көрсеткен. Ендеше, мұндай кадр неден қателесуі мүмкін?

28 қаңтар 2021 жылы "Жас алаш" республикалық газетінің сайтында шыққан "Әкімдер ісі" Қызылорда халқын қақ жаратын болды" деген мақалаға тоқталайық. Бір күнде бұл мақаланы 5 жарым мыңнан астам адам оқыпты. Мақала мазмұнына бойласақ, елді шулатқан "қылмыстық істің" бастауы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріковтың өз жұмысына жауапсыздығынан басталған. 2018 жылы Түркістан облысы құрылғанда, Қызылорда облысы "Шығыс моншасын" сыйлық ретінде салып бермек болыпты. Бірақ М.Әлсеріковтың әдеттегідей салақтық пен енжарлығы кесірінен, жоба-сметалық құжаты әзірленбей қалады. Соңында, аш ішектей екі жылға созылған М.Әлсеріковтың бюрократтығы бұл іске қатысы болмаған бір топ азаматты қапысыз қақпанға айдап әкеп түсіреді. Оқиғаның бүге-шігесіне тоқталмай-ақ қоялық. "Қылмыстық істің" қалай өрілгені, оған қандай адамдардың "куә" болып қатысқаны, қорғаушылар ұсынған темірдей дәлелдерді тергеу мен соттың елеп-ескермеуі, Қылмыстық процессуалдық кодекстің бірнеше талаптарының өрескел бұзылуы екінші мәселені – істің тапсырыстық сипатын айқындап, күшейте түсуде. Егер, бұл күдігіміз расталса, тапсырыстың "түпкі бенецифары" да бір күні белгілі болары анық. Қазіргі әңгіме ол жайында емес.

Әлеуметтік желі қолданушысы Нұрсұлтан Қаражан "Жас алаштағы" мақалаға мынадай пікір қалдырыпты: "Негізі істі қайта қарау керек. Бізде қайта қаралатын істер толып тұр ғой. Сол кезде біраз былықпайдың беті ашылатын сияқты". Нұрсұлтанның пікірін қолдаушылардың қарасы көп.

Осы "қылмыстық істің" қозғалуына басты "куәгердің" бірі Сапура Абдрахимованың ақталған, ақтала отырып, істі болған азаматтарды даттаған постын қызылордалық әлеуметтік желі белсендісі Үйтолған Жареке өз парақшасында жариялапты. Онда назар аударатын екі мәселе бар. Біріншісі, әрине, Сапура Абдрахимова "Сыр мейірімі" қайырымдылық қорының атқарған қыруар шаруасы, "Алтын адам" және тағы басқа марапаттарын тізе келіп, өзін сүттен ақ, судан таза қылып көрсеткісі келген. Екінші мәселе - қарапайым қызылордалықтардың резонансты іске деген көзқарасы. Олардың ойы Сапура ханыммен мүлдем қабыспайды. Соның біршамасын тізіп кетелік:

Рабига Мазходжаева:

Қорды басқара алмаса неге отыр бұл кісі орнын босатпай ма? Өз өтірігіне жұртты сендіремін дей ма сонда. Енді түсініп жатырмыз істің қалай болғанын. Ұят тірлік екен.

Мурат Бектай:

Ел болып, халық болып жинаған қаражатты еш бір негізсіз және құжатсыз айдаладағы мекемеге аударып жібергені үшін ең әуелі осы апай кінәлі. Өзі айтқандай қорды бірнеше жыл басқарып отыр екен, неше жыл түскен ақшаны осылай жіберіп жүргені ме деген сұрақ туындайды?! Бұл қорға алдағы уақытта кім сенеді?

Айткул Шалгинбаева:

Сапура Зайтжанқызы, Сіз ең болмаса, қазір өтірік айтқанды қойсаңызшы. Құдайдан қорқыңыз. Сіз ақшаны құжатсыз аударып жүргенде Искаков орынбасар, әкім емес. Сосын, әлеуметтік саламен, яғни, сізбен тікелей байланысатын Руслан Рүстемов еді, Искаков емес. Сапура Зайтжанқызы, әкеңізді айтып мақтаныпсыз. Әкеңіз осы өтіріктеріңіз үшін сізге риза емес деп ойлаймын. Сіз немене, ақымақсыз ба, құжатсыз ақша аударатын? Сіз бойыңызға аудиожазба құрылғысын жасырып, әкімге кіргеніңіздегі жыларман боп, әкімнен көмек сұрап бардыңыз. Ол кісі сізді заңгермен қабылдады. Сосын сізге "Неге құжатсыз аударасыз? Даже, облыстың басшысы айтса да аудармауыңыз керек. Басыңыз екеу емес. Құқық қорғау орындарына арыз жазыңыз" дейді. Ұрлығы бар адам сізді жеке қабылдап, арқаңыздан қағып, сол күні құжат дайындауға тапсырма берер еді. Ал Искаков сізге "Арыз жазыңыз, әйтпесе, басыңыз кетеді" деді.

Казтай Абдреев:

Маған осы екі кісі де жақсы таныс. Бірге екеуімен де қызметтес болдым. Жақсы пікірдемін. Бір ғана түсінбегенім, арада қаншама уақыт өткенше неге аударылған ақшаларды қор басшылығы іздемеген.Антикор қызметкерлері диктафонмен жібергенге дейін Сапура өзі әкімге осы жағдайды неге баяндамаған. Сол кезде барлық бетперде шешілер еді.Ақшалар қайтарылып не тиісті құжаттар өткізілген болар еді. Бұл жерде бір айтылмаған бүкпе сыр бар секілді. Қордан ақша бөлгізуге тікелей араласқан құрлыс басқармасының басшылығы неге куәгер ретінде тыс қалды.Ақша бөлу туралы өткен жиналыстың хаттамасына қол қойғандар неге бәрін ұмытып қалды. Жазбада жазылғандай Сапураның еңбектері бар, оны ешкім жоққа шығармайды, ал нақты осы істе бір нәрседен қорқып,жалтақтайтын сияқты көрінеді. Сот үстінде де Сапура әкімнен тікелей тапсырма алмағанын көрсетіп отыр. Қордан бөлінген ақша аудит компаниясының тексеруімен нақты қолма қол ақшаға айналмаса, қайдағы ақша туралы сөз болуы мүмкін?

Белгілі журналист, "Оңтүстік Қазақстан" газетінің бас редакторы Абай Балажанның "Арына қарсы жүзе алмайтын адам" атты мақаласы – Мұрат Имандосовтың адами болмысын айқара ашып тастады. Мақалада "Жігіттің жігіті ғана өз арына қарсы жүзбейді, қарағайға қарсы біткен иір бұтақ секілді сынса, шарт етіп сынып түсетін шығар, бірақ, ол сол бір сын сағатта небір ықпалды адамдардың сөзін емес, өзінің жүрегінің дегенін ғана тыңдайды", дей келе, Мұрат Имандосовты сондай аз тұлғаның бірегейіне балайды. Арыс қаласында бомба жарылып, жалпыхалықтық трагедияны бастан кешкенде, Қызылорда облысы 254 үй мен 15 нысанды қалпына келтірді немесе жаңадан соғып берді. Сол істің басы-қасында Мұрат Имандосов жүрген екен. Қызылорда облысының атқарған шаруасына арыстықтар тек ризашылдығын білдірді. Барлық құрылыс мерзімінде аяқталып, баспанасыз қалғандар зор қуанышқа бөленді. Қызылорда облысы тарапынан бірде-бір кемшілік болмағанын арыстықтар әлі де ризашылықпен еске алады. Мұндай іске ұйытқы болып, бір тиынды да шашау шығармастан дер кезінде орындап шығу абыройы кез-келгеннің маңдайына жазылмаған. Абай Балажан осы оқиғаны да ерекше толғаныспен еске алады. Бұл мақаланың астына көптеген оқырмандар нақақ жаламен күйіп бара жатқан азаматтарға арнап, ыстық тілектерін білдірген. Соның бірнешеуіне тоқталсақ.

Жасұлан Жұмахметов:

Мұрат Самұратұлымен салық жүйесінде біраз уақыт жұмыс жасап, тікелей араласқан адам ретінде толық сеніміммен айта аламын - ол өте принципшіл, өз жұмысына, қасындағы қызметтестеріне адал адам. Республикамыздың бірақ жерлерінде биік қызметтерді абыройлы атқарып, соңынан бір жаман сөз ерген емес. Жоғары тұрған инстанциялар бойынша әділ өкім шығып, Мұрат Самұратұлы ақталатынына сенімдімін.

Қанат Боранбаев:

Мықты жазылыпты. Жарайсың.Шын көңілімен тілектес адам осындай сәтте үн қосқаны дұрыс болды. Ел білсін- қандай азаматқа жала жабылып отырғанын. Бұл қылмыстық істе де бар. Өтірік жала жауап беріп, елдің бетіне қалай қараймын деген сөздері жасырын жазбаларда бар. Мұрат сондай азамат. Ары мен адамгершілікті қызметтен де жеке бас бостандығынан да жоғары қойды. Ол арының алдында таза.

Алтынбек Тұрымбетов:

Мұрат Самұратұлын бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының табиғи монополияның бастығы болғанын білем. Өте адал, кішіпейіл, білімді, іскер азамат болатын! Тездетіп ақталып шығып, отбасына аман есен оралуына тілектеспін!

Есет Табынбаев:

Ел ішінде Мұрат Самұратұлы туралы керемет бір симпатия қалыптасқан. Қазалы ауданына Мұрат Имандосов әкім болып тұрған уақыт. Бірде ауданнан үлкен тендер алған бір кәсіпкер келіп Мәкеңе жуғысы келіпті. Көлемі әжептәуір қаражат екен. Комақты. Бірақ Мұрат ағамыз әлгі кісіге: "Айналайын, мынауыңа бала-шағаңа бірдеңе апар. Менің кімнің баласы екенімді білесің ғой?!" деп шығарып салыпты. Содан кейін әлгі кәсіпкер осы әңгімені "әкім сөй деп айтты" деп жұртқа жыр етіп жүрген көрінеді. Әрине артық ақша кімнің көкейін тескен? Әйтсе де азаматтың арының тазалығын, ақшаға қызықпайтынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Обал, қиянатқа қимайсың. Басқа басқалай "қаржы жымқырды" деген көңілге ауыр тиеді. Жоқ жерден шыққан азамат болса бір сәрі, арда басының майда-шүйде, тіс шұқып тастайтын ақшаға бола жаламен кірленгені қиянаттай көрінеді.

Әдетте, қоғамдық пікір халықтың көңіл-күйін, өздерін басқарған басшыларға деген көзқарасын зерделейтін барометр ғой. Осы жазбалардан-ақ Мұрат Самұратұлының ел алдында абырой-беделінің қаншалықты жоғары екенін ұғындық. "Ер-азаматты кебенек ішінде таны!" деген нақыл осындайда айтылса керек-ті.

Қазір "әкімдер ісі" бойынша сотталған азаматтардың қорғаушылары аппелляциялық шағым түсірді. Қызылорда облыстық соты алғашқы сот инстанциясының жіберген қателіктерін мұқият зерделеп, істі қайта тергеуге жіберуі мүмкін. Ол кезде шындықтың үні айқынырақ естіліп, азаматтар ақталады үміт бар.

Ал "қылмыстық істегі" дәлелсіз эпизодтарды барынша қиюластыруға тырысқан азаматтардың ісін өздерінің ар сотына қалдырдық.

Тоқтар Жақаш, журналист


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?