Елбасы форум қатысушыларына үндеу жолдады

5 Ақпан 2021, 17:40
Сурет: ҚР СІМ

БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мунның шақыруымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орнықты даму үшін жаһандық ықпалдастық пен әлеуетті арттыру форумы қатысушыларға үндеу жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.

Елбасы Н.Назарбаевтың жолдауын ҚР премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді оқып берді.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзінің жолдауында COVID-19 індетінің бүкіл әлемге жылдам таралуы, оның бұрын-соңды болмаған қайғылы салдары мен әлемдік экономикаға жойқын әсері біздің елдеріміздің қаншалықты өзара тәуелді екенін және планетамыздың қаншалықты нәзік екенін айқын көрсеткенін атап өтті. Осыған байланысты ол бұл жаһандық қауіп-қатерді бүкіл халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін әр түрлі қызмет салаларында біріктіру арқылы ғана жеңуге болатынын баса айтты.

"Осындай бірлескен тәсілді қажет ететін басым шаралардың бірі – COVID-19-ға қарсы вакцинаны тең және әділ тарату", - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы онжылдық "БҰҰ-ға мүше барлық елдер үшін ортақ жаһандық компас" болып табылатын 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жүзеге асыру үшін өте маңызды екенін еске салды. Алайда осы мақсаттарға жету үшін мемлекеттерге қосымша 700 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат қажет болады. Қажетті ресурстарды табу үшін Елбасы Қазақстанның барлық елдердің әскери шығындарын 1% азайту және олардың даму мақсаттарына бағыттау туралы бастамасына қайта оралуды ұсынды.

"Мен бұл идеяны 1992 жылдан бері БҰҰ мінберінен бірнеше рет көтердім және бүгінгі күні бұл ерекше өзекті болып табылады", - деді ол.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті 2021 жылғы іс-шараның тақырыбы "Қауіпсіздік үшін бейбітшілік, өркендеу және серіктестік" Қазақстанның стратегиялық ұстанымдарына толық сәйкес келетінін атап өтті.

Белсенді, бейбіт әрі жауапты сыртқы саясат арқылы Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалысқа көшбасшылық ету, қақтығыстарды шешу және біздің аймақта және одан тыс өңірлерде дамуға көмек көрсету арқылы халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа ықпал етуде. Елбасының бастамасымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі іске қосылды.

Мемлекетіміздің орнықты даму саласындағы ілгерілеуіне тоқтала отырып, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген көрсеткіштері бойынша айтарлықтай табыстарға қолжеткізгенін және 2050 жылға қарай әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатына біртіндеп ілгерілеп жатқанын атап өтті. Елбасы халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартудың алдағы жоспарлары туралы, оның ішінде денсаулық сақтау мен білімге инвестицияларды алдағы 5 жылда ЖІӨ-нің 10%-ке дейін ұлғайту және экономиканы әртараптандыру туралы баяндады.

Сонымен қатар іс-шараға басты спикерлер ретінде Колумбия президенті Иван Дуке Маркес, БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мохаммед және Дүниежүзілік банктің 12-президенті Джим Ён Ким қатысты.

Орнықты даму үшін жаһандық ықпалдастық пен әлеуетті арттыру форумы БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы Пан Ги Мунның бастамасымен 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Пандемияға байланысты биыл форум гибридтік режимде өтті. Форумның тең төрағалары Австрияның бұрынғы президенті Хайнц Фишер мен Ёнсэ университетінің президенті Со Сонг Хван Елбасының жаһандық бейбітшілік пен серіктестікті сақтауға қосқан маңызды үлесін атап өтті. Іс-шара Ёнсэ университетінің базасында өткізіледі. Осыға дейін Қазақстанның тұңғыш Президентіне осы беделді университеттің құрметті докторы атағы берілген болатын.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?