Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150-жылдығын тойлау басталады

10 Ақпан 2021, 16:44
Сурет: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі

Бүгін 10 ақпан күні сағ 11.00-де Қ.Мұңайтпасов атындағы Олимпиада резервінің мамандандырылған Республикалық мектеп-интернат-колледжінде даңқты қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150-жылдығын тойлауға арналған салтанатты шара өтті. Кездесудің ашылуында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қажымұқан Мұңайтпасовтың мерейтойын Министрлік республикалық деңгейде атап өтуге дайындалып жатқанын айтты, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің хабарламасына сілтеме жасап.

Қажымұқан атамыз - бар ғұмырын күрес өнеріне арнап, көзі тірісінде аңызға айналған азамат. Кей деректерге сенсек, балуан бабамыз күрестің бірнеше түрінен 54 мемлекетте күресіп, 48 медаль олжалаған. Сонымен қатар Қажымұқан Мұңайтпасұлы ел есінде бозкілем төріндегі балуандығымен қатар, домбыра шертіп, ән салған сегіз қырлы, бір сырлы тұлға ретінде қалған. Батыр бабамыздың 150 жылдығы осы жылы республика аумағында атап өтіледі. Бүгін әлемді алаңдатқан пандемияға байланысты салтанатты ашылу рәсімін кең көлемде атап өту мүмкін болмай отыр. Десек те, бұған қарамастан бабамыздың 150 жылдығы лайықты, жоғары деңгейде мерекеленеді. Қажымұқан Мұңайтпасұлының есімін ұлықтау, мәңгілік есте қалдыру мақсатында арнайы республикалық іс-шаралар жоспары әзірленді. Бүгіннен бастап республикамыздың барлық өңірінде түрлі іс-шаралар өткізіледі. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды бір кісідей ат салысуға шақырамын,- деді Ақтоты Райымқұлова.

Шара аясында белгілі спортшы Сергей Цырульников, Тимур Сыпатаев секілді елімізге танымал зор күш иелері көпшілікке өз өнерлерін көрсетті. Өз кезегінде Сергей Цырульников өткен ғасыр палуандарының мұрасын жаңғырту маңыздылығына тоқталды.

Басты мақсат – өскелең ұрпақтың бойына ата-бабаларымыз аманаттап кеткен қасиеттерді сіңдіру. Өткен ата-бабамыздың мұрасын жаңғыртып, соның негізінде жастарды тәрбиелеуге болады. Сонымен қатар, елімізде бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортына аса мән беру маңызды. Сол жерден болашақ чемпиондар шығады. Министрліктің қолдауымен мен де осы бағытты дамытуды жоспарлап отырмын, - деді Сергей Цырульников.

Шара кезінде барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталды.

Тарихи деректерге сүйенсек, Қажымұқан Мұңайтпасов 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Сарытерек болысына қарасты Жәдік деген жерде дүниеге келген. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Поль Понс сынды палуандармен күрескен.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?