Қазатомөнеркәсіп күн энергетикасы саласындағы активтерін сатады

11 Ақпан 2021, 13:08
Сурет: pv-magazine.com

12 ақпан күні Қазақстанның күн энергетикасы саласында жұмыс істейтін үш ірі өндірістік кәсіпорынды сату бойынша аукцион өтеді, деп хабарлайды zakon.kz Қазатомөнеркәсіп қоғаммен байланыс департаментіне сілтеме жасап.

"KazSilicon" МК" ЖШС, "Astana Solar" ЖШС және "Kazakhstan Solar Silicon" ЖШС-тің жарғылық капиталдарындағы "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ-ның (бұдан әрі - Қазатомөнеркәсіп немесе Компания) 100% қатысу үлесі жария саудаға қойылды. Компанияның бейінді емес кәсіпорындарын өткізу Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары шеңберінде жүзеге асырылады.

Аукционға қатысу үшін әлеуетті сатып алушылар мемлекеттік сатып алу тізілімінің веб-порталында www.e-auction.gosreestr.kz тіркелу рәсімінен өтуі тиіс. Ашық электрондық сауда-саттық аукцион өткізу регламентіне сәйкес бастапқы (ең төменгі) бағаны көтеру арқылы 2021 жылғы 12 ақпанда өткізілетін болады. Бағаны жоғарылатуға арналған сауда-саттық өтпеген жағдайда, кейінгі аукциондық сауда-саттық ең төменгі бағаның 50%-ына дейін төмендетуге және ең төменгі бағаны белгілемей, соңғы төмендетуге арналған аукцион өткізілетін болады. Мемлекеттік мүлік Тізілімінің веб-порталында мүлікті сату бойынша электрондық сауда-саттық өткізу регламентіне сәйкес, жарияланған баға бойынша активті сатып алу ниетін бірінші болып растаған қатысушы бағаны төмендету аукционының жеңімпазы болып танылады.

"Astana Solar" ЖШС – фотоэлектрлік модульдерді құрастыратын заманауи зауыт. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 50 МВт, оны жылына 100 МВт дейін ұлғайту мүмкіндігі бар еуропалық автоматтандырылған желімен жабдықталған. Өндірістік желі өндірістік аудит талаптарына жауап береді, өнімдер сертификатталған және халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді. Фотоэлектрлік модульдерді өткізу нарығы – Қазақстан, Орталық Азия, ТМД және Еуропа елдері. Серіктестіктің "Астана – жаңа қала" арнайы экономикалық аймағының қатысушысы ретінде бірқатар артықшылықтары мен жеңілдіктері бар.

"Astana Solar" ЖШС активтері: өндірістік және қойма жайлары бар зауыт (ауданы 9 745,00 ш.м.), инженерлік қамтамасыз ету ғимараты (ауданы 664,82 ш. м.), дайын өнімді уақытша сақтау қоймасы (2 700 ш. м.), дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ғимараты (ауданы 5 087,20 ш. м.), қазандық зауыттары мен ДСК, трансформаторлық қосалқы станциялар, 250 кВт күн электр станциясы, ВРТБ-60 кВт, ТНУ-154 кВт, зауыт пен ДСК күзет бекеті. Жер учаскесінің жалпы ауданы – 5 га. Кәсіпорынның бастапқы бағасы – 3 381 378 000 теңге.

"Kazakhstan Solar Silicon" ЖШС – жобалық қуаты жылына 60 МВт мультикристалды кремний пластиналары мен фотоэлектрлі ұяшықтар өндіретін қазақстандық зауыт. Өскемен қаласында орналасқан кәсіпорын кремний құймаларын, тілімдерді, фотоэлектрлі ұяшықтарды өндіруге арналған еуропалық автоматтандырылған жабдықпен жарақталған. Өнімді өткізу нарығы – Қазақстан Республикасы ("Astana Solar" ЖШС), Орталық Азия, ТМД және Еуропа елдері.

Компанияның меншігінде: ауданы 52 786 ш. м. жер учаскесі, ауданы 21 108 ш. м. өндірістік, қойма және өзге ғимараттары бар зауыт, ауданы 1 850 ш. м. сертификатталған таза ғимараттар (тазалық сыныбы – 7, ISO 14 644), сығылған ауа, деионизацияланған су, технологиялық (99.999%) және техникалық азот (95%) өндіруге арналған жабдықтар мен желілер, 110/10 кВ трансформаторлық қосалқы станция және сумен жабдықтау ұңғымасы бар. Кәсіпорынның бастапқы бағасы – 5 587 355 000 теңге.

"KazSilicon" металлургиялық комбинаты" ЖШС Алматы облысының Қаратал ауданындағы Бастөбе ауылында орналасқан. Компания табиғи тазалығы 99,5%-дан жоғары, расталған қоры 1 625,8 мың тонна талшықты әппақ кварцты құрайтын өзінің "Сарыкөл" кен орнын игеруде. Серіктестік 2025 жылға дейін жер қойнауын пайдалану келісімшартына ие. Кен орнын игеру жоспарына сәйкес жыл сайынғы өндіру 50 мың тоннаны құрайды, өндіруді 200 мың тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігі бар. Кварц ұнын, маршалитті және түрлі фракциялардың қиыршық тастарын өндіру арқылы өнім желісін кеңейтуге болады. Кварцты өндіру үшін серіктестіктің жеке вахталық кенті, кварцты кенді ұсақтауға және сұрыптауға арналған жабдықтар, өнімді бұрғылауға және тасымалдауға арналған арнайы техника, материалдар мен жарылғыш заттарға арналған қоймалары бар. Кварцтың сапасын анықтау үшін серіктестік (рентгенофлуоресценттік талдау, индуктивті-байланысқан плазмамен оптикалық спектрометрия) жабдықпен жабдықталған жеке өндірістік зертханасына ие. Қазақстаннан тыс сатып алушылар (ҚХР) тарапынан өнімге ұзақ мерзімді сұраныс, сондай-ақ шақпақ, ферросилиций және құрылыс материалын ішкі өндірушілер тарапынан ішкі сұраныс бар.

Сондай-ақ, серіктестік жобалық қуаты жылына 5 000 тонна металлургиялық кремний өндіру жөніндегі металлургиялық комбинатқа ие (жылына 60 000 тоннаға дейін кеңейту мүмкіндігі бар). Өндірістің ілеспе өнімі – тығыздығы жоғары микросилик (микрокремнезем). Металлургия комбинатының балансында жабдықтары мен техникасына ие өндірістік цехтар, қоймалар, таразымен және пандуспен жабдықталған теміржол тұйығы бар. Жұмысты бастау үшін серіктестіктің білікті инженерлік-техникалық қызметкерлер құрамы дайын. Кәсіпорынның бастапқы бағасы – 707 000 000 теңге.

Өткізілетін сауда-саттық туралы ақпарат www.e-auction.gosreestr.kz сайтында орналастырылған:

"МК "KazSilicon"

"Astana Solar"

"Kazakhstan Solar Silicon"


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?