Түркістан төрінде "Парасатты жол" орталығы ашылды

17 Ақпан 2021, 12:38
Сурет: Арайлым Тастемір

Бүгін Түркістан облысының орталығында орналасқан А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында "Парасат жолы" орталығының ресми тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды zakon.kz.

Жастардың тұла бойына туралық пен даналықтың дәнін егуді көздейтін орталықтың негізгі мақсаты – ұлттық мәдениет пен тағлымды тарихты, тұнық тәрбие мен өнегелі әдебиетті өне бойларына терең сіңірген зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен қаламгер-тілшілердің елеулі еңбектері арқылы парасатты қоғам қалыптастыру.

Мәдениет пен руханияттың тоғысқан ордасы саналған кітапханада өткен игі шарада бірегей жаңа жобаның мақсаты мен міндеті ортаға салынып, орталықтың алдағы жұмыс жоспары салтанатты түрде таныстырылды.

Адалдық құндылығы аясында өрбіген келелі жиынға елімізге белгілі жазушы, А.С.Пушкин атындағы Түркістан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында "Парасаттылық жолы" орталығының жетекшісі Мархабат Байғұт, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, қарымды қаламгерлер Кәрібай Әмзеұлы, Жеңіс Баһадүр, Сарманбай Иса, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ Түркістан облысына қарасты аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің мамандары бейнебайланыс арқылы қатысты.

Пайымды пікірлер мен орамды ойлар ортаға салынған шарада әділдіктің қоғам өмірінде алатын орны мен шалқар шығармалардың оқырманға беретін тәлім-тәрбиелік рөлі сөз болып, құнды қасиет парасаттылықтың маңыздылығы талқыланды.

Шарада сөз алған Мирас Асқарбайұлы бұл игі бастама Түркістан өңірінде адалдық атмосферасын қалыптастыруда айрықша маңызға ие екендігін алға тартып, Түркістан облысына қарасты жалпы саны 392 көпшілік кітапханаларда "Парасат жолы" орталығын ашу арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің жарқын үлгісін қалыптастыруға болатынын жеткізді.

Айта кетсек, киелі өңірде түндігін түрген "Парасат жолы" орталығы алдағы уақытта талай жастың санасына сілкініс жасауға және оқырман қауымның таным-түйсігіне ізгі ой қалдыруға, сондай-ақ бармақ басты, көз қысты әрекеттерден алшақ болып, ізгілікті істердің ізін жалғастыруға едәуір ықпал етпек.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?