Баламды жабылып өлтіргендер жазасыз қалды – әке қайғыдан қан жұтуда

2 Наурыз 2021, 11:15
Сурет: видеодан кадр

Қылмыскерлер жазасыз қала ма деп алаңдаймын! Маңғыстау облысы Жетібай ауылының тұрғыны осындай базынасын жеткізді. Перзентін жер қойнына тапсырған әкенің сөзінше, 8 ақпан күні отбасының тұңғыш ұлын сол елдімекеннің бұзақылары жабылып ұрып кеткен. Артынша, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген жігіт есін жимастан көз жұмады. Енді қайғыдан қан жұтқан ата-анасы кінәлілер жазаланғанын талап етуде, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Қалиевтер отбасының тұңғышы 23 жастағы Дастан Әмірханның соңғы түскен суреттері осы. Жетібай елдімекенінде еңбек еткен жас жігітті 8-ақпан күні түнде белгісіз біреулер жабылып ұрып кеткен. Бас сүйегі жарылып, ауруханаға түскен ол жансақтау бөлімінде тілге келмей, демі үзіліпті.

Сайлаубай Қалиев, марқұмның әкесі:

Кешкі 11-лер шамасында құрдас балдары алып кетеді оны. Содан соң алдынан бұзақылар шығып Бас сүйегі жарылған. Ауыр соққы болған басынан. Жабылып ұрған дейді ғой. Бір топ бұзақының қолынан қайтыс болып тұр ғой балам енді.

Айдың күннің аманында ұлынан айырылған әкесінің сөзінше, Дастанды бірге өскен сол ауылдың балалары соққының астына алған. Бірақ, жаппай төбелес неден шыққаны белгісіз. Марқұмның жанында болған достары да оқиға орнынан қашып кеткен екен.

Сайлаубай Қалиев, марқұмның әкесі:

Менің айтатыным мына жастарға не болып бара жатыр? Қатыгездік. Бір қазақпыз ғой бәріміз бір туған бір ауылдың балалары. Қанымыз бір. Жанымыз бір. Бір-бірімізді анандай қылып қатыгездікпен. Кішкене аяушылық деген болмай ма? Не болып бара жатырмыз? Өйтетін болсақ жастарымыз ертеңге не болмақ?

Қапияда ұлынан көз жазып қалған анасы да өзін қоярға жер таппай отыр. Әлі топырағы кеппеген перзентінің өмірін қиған қылмыскерлер жазаланғанын қалайды. Қайғылы оқиға болған түні Дастан анасына "5 минутта келемін" деп далаға шығып кетіпті.

Жұмазия Қалиева, марқұмның анасы:

Осы март айында үйленемін. Келін әкелемін қызықтаймыз деп отырғанда, бастық боламын, оқыған мамандығымның иесі боламын деп жүретін еді. Ақкөңіл, баламның ешкімге зияны жоқ. Қолынан келген адамдардың бәріне көмегін көрсетіп жүретін еді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Төбелеске қатысы бар күдіктілер ұсталыпты. Қазір, тергеу амалдары жүріп жатыр екен.

Нұрали Бажиков, Маңғыстау облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы басшысының орынбасары:

Аталған дерек Қарақия аудандық полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР қылмыстық кодексінің 99 бабымен тіркелді. Аталған іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, қажетті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер қамауда.

Бір өкініштісі, төбелеске қатысқандардың ата-анасы қайғыдан қан жұтқан отбасына көңіл айтып та келмеген. Кешірім де сұрамаған. Қыршынынан қиылған Дастанның артында еңіреген анасы, бар мұңын ішіне бүккен әкесі және бауырлары қалды.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?