Ақтөбеде асылып өлген сотталушының хаты үлкен дүрбелең туғызды

10 Наурыз 2021, 10:48
Сурет: иллюстрация үшін алынды

Ақтөбедегі тергеу изоляторындағы камерада 30 жастағы Талант Әлиев бір ай бұрын төсек жаймасына асылып өлген. Қалтасында хат пен ұялы телефон болғанын қасындағылар айтыпты. Бірақ түрме басшылары айғақ туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Ақтөбеліктер арасында "бесінші түрме" аталып кеткен тергеу изоляторында былтыр 17 адам өзіне қол жұмсамақ болған. Ал биыл айналдырған бір айдың ішінде екі адам асылды. Олардың бірі аман қалса, екіншісі қайтыс болды. Сотталушылардың туыстары мұндай жағдайға изолятор қызметкерлерінің қысымшылық көрсетуі себеп деп отыр. Отыз жасында өзіне қол салған Талант Әлиевтің өліміне қатысты тергеудің дұрыс жүргізілмегеніне туыстары сенімді. Олар айғақ затты изолятор қызметкерлері "жоқ қылды" деп отыр. Ақырғы хатында марқұм бәрін ашып айтқан көрінеді. Өзі өлерінен бір ай бұрын шыққан үкіммен келіспеген. Әлиевке 13 жастағы қызды зорлады деген ауыр айып тағылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылған. Дегенмен оқушы оған жала жапқанын мойындап, сараптама да оның пәк екенін кейін растаған. Ал изоляторда ол қысымға шыдамай өзін өзі өлтірді дейді анасы.

Мейрамгүл Алмағанбет, марқұмның анасы:

- Мен баламның өліміне бесінші түрменің қызметкерлерінің кінәлі екеніне сенімдімін. Себебі оның қалтасындағы табылған, жазып кеткен хатты маған берген жоқ. Ол хатта қызметкерлердің қысым көрсеткені туралы жазылғаны айтылады.

Өлгеннен соң марқұмның қалтасында хат пен телефон болғанын камераластары көріпті. Тіпті не жазғанын оқып үлгердік деген екен.

Эльмира Нұржанова, сотталушы С. Нұржановтың жұбайы:

- Осы адам өліміне қатысты дәлелдерді жасырып жатыр. Сотталушыда хат пен телефоны болған. Енді 141-ші камерада отырғандарға осыны айтқызбау үшін қысым көрсетіп жатыр. Оны күйеуімізден біліп отырмыз. Шындықты айтпаңдар деп бұйырған.

Бірақ түрме басшылығы өзіне шаң жуытқан жоқ. Айтуларынша, тексеру кезінде камераластары айғақ заттардың болғанын растамады деп отыр.

Алмас Шәмішов, Ақтөбе облысы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы:

- Камераластары тексеру кезінде түсініктеме берді. Олар сотталушыға ешкімнің жақындамағанын, ақырғы хат болмағанын айтты. Қызметтік тексеру кезінде бейнебақылау камералары толық тексерілді.

Талант Әлиевтің өлімінен соң тергеу изоляторында тағы бір сотталушы төсек жаймасына асылған. Оны дер кезінде қызметкерлер көріп шешіп алады. Екі күн бойы жансақтау бөлімінде ессіз жатқан оның беті бері қарап, қазір ауруханадан абақтыға кері қайтарылған.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?