Қазақстандағы жанар-жағармай қоры 20 тәулікке жетеді

11 Наурыз 2021, 13:01
Сурет: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2021 жылғы қаңтар-ақпандағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Энергетика саласындағы ахуал туралы энергетика министрі Нұрлан Ноғаев және агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады.

Энергетика министрі 2021 жылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша отын-энергетика кешенінде мұнай және конденсат өндіру көлемі 13,8 млн тоннаға жеткенін, яғни ағымдағы жылғы қаңтар-ақпан айларының жоспарына 101,1% құрағанын баяндады.

Соның ішінде, мұнай-газ саласындағы iрі компаниялар бойынша көрсеткіштер төмендегідей.

Теңіз жобасында аталған кезеңде 4,3 млн тонна мұнай өндірілді, бұл есепті айдың жоспарына 104,5% құрайды.

"Солтүстік Каспий жобасы – Қашағанда мұнай өндіру көлемі 2,4 млн тоннаны құрады, яғни қаңтар-ақпан айларының жоспары 103,4% орындалды. Қарашығанақ жобасының көрсеткіші 2,1 млн тоннаны құрап, ағымдағы жылғы екі айдың жоспарымен салыстырғанда 100% көрсетті. Бүгінгі таңда әлемдік мұнай нарығы мен мұнайдың баға белгіленімдерінің бірте-бірте қалпына келу үрдісі байқалуда. Ағымдағы жылы 86 млн тонна жоспарды орындау күтілуде", — деді Ноғаев.

Министрлік аталған жоспарды орындау мақсатында бірқатар іс-шаралар атқаруда. Соңғы келіссөздерге сәйкес ОПЕК+ аясында Қазақстан Республикасының міндеттемесі мұнай өндіру көлемін шектеуі -17%-дан -15%-ға дейін түзетілген болатын. Есепті кезең ішінде 10,75 млн тонна мұнай экспортталды, яғни ағымдағы жылғы қаңтар-ақпан айларының жоспары 100% орындалған. 2021 жылғы қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша 9,14 млрд текше метр көлемінде газ өндірілді, бұл есепті кезеңнің жоспарымен салыстырғанда 100,8% құрайды. Тауарлық газды ішкі тұтыну көлемі 4,55 млрд текше метрге жетті, осы көрсеткіш биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларының жоспарына 107,3% орындалды.

"Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 520 мың тонна болды, бұл есепті кезеңнің жоспарымен салыстырғанда 100% құрайды. Экспортқа шығарылған газ көлемі 1,39 млрд текше метрді құрады, яғни есепті кезеңнің жоспарымен салыстырғанда 122% жетті. Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша 2 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді, бұл көрсеткіш есепті жылдың қаңтар-ақпан айларының жоспарына 94,4% құрайды. Соның ішінде автобензин бойынша көрсеткіш 790 мың тоннаға жетті, яғни ағымдағы жылғы қаңтар-ақпан айларының жоспарына 93,5% құрады. Өндірілген дизель отынының көлемі — 680 мың тонна, бұл есепті айлардың жоспарына 85,2% құрады. Авиа отын бойынша көрсеткіш 70 мың тоннаға тең, яғни ағымдағы жылғы қаңтар-ақпан айларының жоспарына 91% құрады", — деді Ноғаев.

Энергетика министрі атап өткендей, есепті кезеңде мұнай өнімдерін өндіру көлемінің жоспардан төмен болуы Атырау мұнай өңдеу зауытында электр энергиясын жеткізуде іркіліс (ақау) пайда болғаннан орын алған. Бұл жағдай, өз кезегінде, каталикалық крекинг және реформинг қондырғыларының істен шығуына алып келді. Қазіргі таңда аталған зауытта жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұл ретте, мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру көлемінің төмендегеніне қарамастан, ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің қоры тұрақты деңгейде. 2021 жылғы 5 наурыздағы жағдай бойынша мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті деңгейде, бензин бойынша 218,7 мың тонна ішкі нарықты 20 тәулікке қамтамасыз етуге және 306,2 мың тонна дизель отыны ішкі нарықты 28 тәулікке қамтамасыз етуге жеткілікті.

Биыл 27 наурызда каталикалық крекинг және реформинг қондырғыларының іске қосылады және 15 сәуірде Атырау мұнай өңдеу зауыты технологиялық режимге шығарылады деп күтілуде. Мазут өндірісі бойынша, оның көрсеткіші 472 мың тоннаны құрап, қаңтар-ақпан айларының жоспарына 114,7% болды. Жалпы мұнайгаз-химия өнімдерінің көлемі 27 мың тоннаға жетті, бұл ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларының жоспарына 61,8% құрайды.

"Мұнайгаз-химия өндірісі көрсеткішінің төмен болу себебі каталитикалық крекинг қондырғысының істен шығуы болды. Бұл жағдайда бензол мен параксилол өнімдері өндіріле алмайды. Есепті кезеңде 20,4 млрд кВт сағат электр энергиясы өндірілді, бұл көрсеткіш ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларының жоспарына тең, яғни 100% орындалды", — деді Ноғаев.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров биыл қаңтар-ақпан айларында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3,1%-ға ұлғайып, 345,5 млрд теңгені құрағанын жеткізді. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,3%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.

Мәселен, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 5,9%-ға, сүт 3,4%-ға өсті. Бұл ретте, 20,6 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100% құрады. Бұл көлем ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта (жылыжайда) өсіру есебінен қамтамасыз етілді. Облыстар бөлінісінде республикалық деңгейден жоғары қарқын 2 облыста: Ақмола (118,3%) және Қарағанды облыстарында (104,1%) байқалды. Көрсетілген кезеңде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,1%-ға өсіп, 309,7 млрд теңгені құрады.

"Бұл ретте, сары май өндіру көлемінің 34,6%-ға, қызылша қантының 26,8%-ға, өсімдік майының 24,5%-ға, жарманың 21,5%-ға, өңделген күріштің 15,7%-ға, ірімшік пен сүзбенің 7,3%-ға, өңделген сүттің 5,9%-ға, ұнның 5,4%-ға, шұжық өнімдерінің 2,6%-ға артқаны байқалды", — деді Омаров.

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 39,6%-ға ұлғайып, 41,5 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 3 есе артып, 18,3 млрд теңгені құрады.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?