Қазақстанда өңірлердің инвестициялық рейтингтері енгізіледі

19 Наурыз 2021, 15:14
Сурет: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында инвестициялар тарту жөніндегі жаңа тәсілдерді іске асыру барысы қаралды, олар ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі Жоғары Кеңес отырысында таныстырылды, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев инвестициялар тарту жөніндегі қолданыстағы шаралардың тиімділігін кешенді бағалау мақсатында өңірлердің инвестициялық рейтингін енгізу жоспарланып отырғанын айтты. Ол инвесторлармен жұмыс істеу бойынша неғұрлым тиімді практиканы айқындауға мүмкіндік береді, сондай-ақ жергілікті билік органдарының жұмысын ынталандырады. Рейтинг сауалнама әдісімен алынған мәліметтер, сондай-ақ статистикалық деректер мен сараптамалық бағалау негізінде 50 индикатордан тұрады.

Өңірлердің инвестициялық рейтингі мен Инвестициялар жөніндегі ұлттық баяндаманы әр жылдың 1 тоқсанында шығару жоспарланып отыр. Ұлттық баяндаманың құрылымы екі апта ішінде Дүниежүзілік банктің, Еуропа қайта құру және даму банкінің, Азия даму банкінің сарапшыларымен келісілетін болады. Алынған ұсынымдарды ескере отырып, Экономикалық зерттеулер институты "Kazakh Invest" ҰК" АҚ-мен бірлесіп, рейтингтің бірінші шығарылымы мен 2020 жылға арналған баяндаманы дайындайды.

Премьер-Министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы – "Астана" халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов пен "Kazakh Invest" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов "Business Connect" АХҚО бөлімшесі мен "Kazakh Invest" ҰК" АҚ сарапшыларынан құралған "Task Force" арнайы командасының жұмыс тәртібі туралы баяндады. Сауда және интеграция министрлігінің ұсынысы бойынша аталған командаға "Qaztrade" сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ өкілдері де кіреді.

"Task Force" Үкімет атынан шетелдік инвесторлармен бірыңғай келіссөз жүргізуші ретінде әрекет етеді, стратегиялық инвестициялық келісімдердің жобаларын қалыптастырып, инвестициялық жобалар жөніндегі жұмысқа орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарды, квазимемлекеттік субъектілерді тартады, Инвестициялық штабтың шешімінен кейін операциялық қызмет басталғанға дейін инвесторларды сүйемелдейді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2021-2025 жылдары өнеркәсіпте, құрылыс саласында, көлік секторында, жер қойнауын пайдалануда және қорғаныс-өнеркәсіп кешенінде жалпы сомасы 17,6 трлн теңге болатын жеке инвестицияларға 819 жобаны іске асыру жоспарланғанын атап өтті. Осы жылы негізгі капиталға инвестициялардың нысаналы көлемі 6 трлн теңге мөлшерінде белгіленген.

"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев компанияның инвестициялық портфелінде жалпы сомасы 58,1 трлн теңге болатын 57 жоба бар екенін атап өтті. Каспий қайраңында Абай, Исатай, Жеңіс, Әл-Фараби, Қаламқас-теңіз, Хазар және Хвалынское секілді жер қойнауын пайдаланудың инвестициялық жобаларын іске асыру мәселелері пысықталуда. Биыл Қазақстан – Қытай мұнай құбырын салу, Каспий теңізінің Әзербайжан секторындағы Абшерон және Бабек кен орындарында өздігінен көтерілетін қалқымалы бұрғылау қондырғысын салу және түрлендіру, Алматы қаласын газдандыру, Қара теңіз өңіріндегі бөлшек сауда желісін дамыту, KPI қажеттіліктері үшін сығылған ауа өндіру қондырғысын салу аясында реверс инвестициялық жобаларын аяқтау жоспарланып отыр.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов алдағы 5 жылда өнеркәсіп, сауда және логистика, құрылыс индустриясы, электр энергетикасы, білім беру, медицина және спорт салаларында 18 мың жаңа жұмыс орнын құра отырып, жалпы сомасы 2 трлн теңге инвестицияға 125 жобадан тұратын пул құрылғанын атап өтті. Осы жылдың басынан бері инвестициялардың 16,4%-ға өсуі байқалады. Биыл елорданың негізгі капиталына барлығы 1,26 трлн теңге инвестиция тарту жоспарлануда.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев алдағы бес жылда өңірде машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, азық-түлік өнімдерін өндіру, ТМК, логистика, жаңартылатын энергетика және т. б. салаларда 1,7 трлн теңгеден астам сомаға 150 жобаны іске асыру көзделгенін айтты. Биыл өңірге 453 млрд теңге инвестиция тарту жоспарда бар.

Іскерлік белсенділікті қалпына келтіру және экономиканың одан әрі сапалы өсуі үшін ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет, – деді А. Мамин.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?