Арақ. Тоқал. Театр. 50 жасқа таяған актер Дулыға Ақмолда

26 Наурыз 2021, 10:28
Сурет: видеодан кадр

Биыл ердің жасы 50-ге толатын кино және театр актері "Ең алғашқы" бағдарламасында өткеніне үңіліп, өнер жолына қалай келгенін, арасында адасып, ащы суды ермек еткенін бүкпесіз баяндады.

Бір адамдай ішіп көрдік, дәмін таттық. Соның кесірінен бүлдірген жерлеріміз де көп болды. Тірнектеп жиған абыройымызды етектеп шашқан кездеріміз де болды. Оны да жасырмаймын, - дейді актер.

Алайда ата-анасының, бауырларының көмегімен арақты тастаған Дулыға Ақмолда бүгінде мұны өнер иелеріне мүлдем керек емес, зиянды әдет санайды.

Оны кезінде еркелік деп те ойладық. Алайда бұл адамның өзін-өзі алдауы, содан көмек іздегендей тәуелділік екен оның барлығы. Оның үстіне, өнер адамы үшін мұның қажетсіз нәрсе екенін мен түсіндім. Әке-шешем, бауырларым арақты тастап кетуіме, қоюыма көп себепкер болды. Енді ішкенде, түбін түсіріп, құлап жаттым деп айта алмаймын. Бірақ біраз дос болғанымыз рас, - дейді Дулыға Ақмолда.

Бүгінде үш қыз тәрбиелеп отырған талантты актердің отбасына ұл бала дүниеге келген, алайда нәресте күйінде шетінеп кеткен.

Әйелім Айгүл егер қажет болатын болса, мен саған өз рұқсатымды берем деген. Бірақ оның өзінің сәті, жөні, жолы болуы керек. Ойбай, маған ұл бала керек екен деп, үйлене салуға болмайды. Ұрпақ үшін деп, ұйып отырған отбасының берекесін кетіруге болмайды. Оған үлкен жауапкершілікпен, қадаммен бару керек. Тоқал алу менің дәл бүгінгі жоспарымда жоқ, алайда Алла сәтін салып жатса. Ол болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін. Әйелім рұқсат берсе, болды міне алам деуден аулақпын. Өйткені, мен үшін отбасым қымбат. Қыз балаға деген әкенің көңіл болуы ерекше, оны тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Олардан қымбат мен үшін ешнәрсе жоқ. Сондықтан әзір мен ондай қадамға дайын емеспін, - деп ағынан жарылды актер.

Дулыға Ақмолда өнер жолына қалай аяқ басқанын, Нұрсұлтан Назарбаев берген сыйақыға қалай пәтерлі болғанын айтып берді.

Дулыға Ақмолда Ерлан Біләл және Асылбек Боранбаевпен бірге Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасына оқуға түскен. Ауылдан келсе де, аса аңғал емес, көзінде ойы бар жіңішкелеу келген жас жігіт Тұңғышбай Жаманқұловтың көзіне бірден түседі. Сабаққа тыңғылықты дайындықпен келетін үштікті ұстаздары Тұңғышбай Жаманқұлов "моя великолепная тройка" деп атапты. Үшеуі де оқуды қызыл дипломмен бітіріп, 3-ші курста М. Әуезов атындағы драма театрға жұмысқа қабылданған.

90-шы жылдары Әуезов театрына басшы болып тағайындалған Тұңғышбай Жаманқұлов қиын кездерде жас актерлерді қалай баспаналы қылғанын айтып берді.

Сол кездерде Әуезов театрына басшы болып тағайындалдым. 90-шы жылдар өте бір қиын кездер еді. Сол кезде мен барлық мүмкіндіктерімді пайдаланып, Әуезов театрындағы жастарға үй алып беруге білек шеше кірістім. Солардың ішінде Дулыға да бар. Бірде біздің спектакльге Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келді. Біздің қойған спектаклімізді көріп, өте қатты риза болды да, көрімдік беріп кетті. Ол 50 мың доллар болатын. Соған түгелдей он шақты пәтер сатып алдым да, бүкіл коллективке бір-бір айлықтан Елбасымыздың берген сүйіншісінен сыйақы жасадым, - деп өткенді еске алды ҚР Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?