Оқушылар IV тоқсанда қалай оқиды

26 Наурыз 2021, 15:37
Сурет: inbusiness.kz

Ведомствоаралық кеңестің коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шешіміне және Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, IV тоқсанда мектеп оқушыларын оқыту форматы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады, деп хабарлайды zakon.kz.

Облыс немесе елді-мекен жасыл және сары аймақтарда орналасқан жағдайда, төртінші тоқсанда барлық оқушы аралас оқыту форматына көшеді. Бұл ретте пәндердің бір бөлігі дәстүрлі форматта, қалғаны қашықтан оқытылатын болады. Оқушы саны 300-ге дейінгі мектептер оқуды дәстүрлі форматта жалғастырады.

"Бір сынып – бір кабинет" қағидаты бойынша сыныптардағы оқушылардың саны 25 адамнан аспауы тиіс. Сабақтың ұзақтығы 40 минутты құрайды.

Оқушы ауруға шалдықса немесе науқастармен байланыста болған жағдайда ата-анасының өтініші бойынша оған қашықтан оқыту форматында оқуға рұқсат етіледі.

Қызыл аймақта орналасқан өңірлерде 1-5 сыныптар, 9, 11 (12) сыныптар үшін, сондай-ақ халықаралық мектептердің 1-7 сыныптары үшін оқытудың аралас форматы сақталады, ал 6, 7, 8, 10 сыныптар қашықтан оқытылады.

Мектептерде оқу үрдісін ұйымдастыру кезінде барлық санитарлық іс-шаралар қарастырылатын болады.

Министрлік негізгі пәндерді штаттық форматта оқытуды, ал музыка, көркем еңбек, информатика, құқық негіздері, графика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәндерін қашықтан өткізуді ұсынып отыр. Дене шынықтыру сабақтарын таза ауада өткізу бойынша ұсыныс берілді.

Білім беру ұйымы әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады.

Мектеп асханаларының жұмысы жергілікті әкімдіктердің шешімі әрі бас санитарлық дәрігерлердің келісімі бойынша санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, ұйымдастырылады.

Міндетті мектеп формасын киюдің қажеті жоқ, сабаққа еркін және ұқыпты киімде қатысуға рұқсат етіледі.

1 сәуірден бастап бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау басталады. Мектепке алты жасқа толған және осы жылы 6 жасқа толатын балалар қабылданады. Құжаттар "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық форматта қабылданады. Мектепке алдымен аймақтық қызмет көрсету бойынша өтініш білдірген үш үміткер, содан кейін ғана қызмет көрсету аумағынан тыс басқа аймақтан бір үміткер қабылданатынын айта кеткен жөн.

Білім беру ұйымдарының міндетті тізбеде көрсетілмеген құжаттарды талап етуге құқығы жоқ. Ата-аналар электрондық форматта өтініш, баланың туу туралы куәлігі мен медициналық паспортын, 2 фотосурет тапсырады.

Болжам бойынша 2021-2022 оқу жылында бірінші сыныпқа баратын оқушылардың саны шамамен 340 мың баланы құрайды.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?