Қызылорда қаласына жаңа әкім тағайындалды
Қызылорда қаласының әкімі болған Нұрлыбек Нәлібаев жаңа қызметке тағайындалды, деп хабарлайды zakon.kz.
Нұрлыбек Машбекұлы Үкімет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Ал оның орнын Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы басты.
"Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қызылорда қалалық мәслихатының келісімдері бойынша облыс әкімінің 2021 жылдың 8 сәуірдегі өкімімен Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы тағайындалды", делінген қалалық әкімдіктің хабарламасында.
8 сәуірде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласы әкімдігінде өткен актив жиынында жаңа қала әкімін таныстырды.
Ғанибек Қазантаев 1960 жылы Қызылорда облысында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын "инженер-құрылысшы" және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін "мұнай және газ кеніштерін игеру" мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1980 жылы Жалағаш аудандық 9-шы жылжымалы механизацияланған колоннаның мастері ретінде бастаған.
1983-1992 жылдары Қызылорда облысындағы құрылыс ұйымдарында мастер, аға жұмыс өндіруші, өндіріс-техникалық бөлімінің бастығы, 3-ші ауданаралық мамандандырылған жылжымалы механизацияланған колоннаның бас инженері.
1992-2013 жылдары "Нефтегазстрой Кызылорда" корпорациясының президенті, "Ай-Дан" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, "ССК "Ақмешіт" акционерлік қоғамының президенті, "Ай-Дан Мұнай" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры, "Сырдариямұнай" акционерлік қоғамының бас директоры, "Транснефтьсервис" БК" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, "Kazpetrol Group" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры.
2013-2019 жылдары Сырдария ауданының әкімі қызметін атқарған.
2019 жылғы қыркүйек айынан бастап ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекциясының оңтүстік өңіраралық басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.