Nur Otan-да азық-түлік бағасын шектеп ұстау шаралары талқыланды

26 Сәуір 2021, 11:31
Сурет: Nur Otan

Жайылымдық жерлердің, ауыл шаруашылығына қажет судың жетіспеушілігі, маман тапшылығы, тұқымдардың қымбаттығы мен тозығы жеткен техника. Ауыл шаруашылығы саласындағы осы және өзге де шешімін таппаған түйіткілді мәселелер "Nur Otan" партиясының Аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысында талқыланды. Осы жиында жаңа кеңестің құрамы бекітіліп, алдағы жылға арналған жұмыс жоспары да айқындалды.

Партияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеңестің басты міндеті – ауыл шаруашылығы саласындағы сайлауалды уәделердің іске асырылуын бақылау. Бүгінде азық-түлік бағасының қымбаттауы өте өзекті болып отыр. "Nur Otan" партиясының Хатшысы Марат Сембеков атап өткендей, өткен жылы қант пен өсімдік майының бағасы 34-36%-ке, жармалар – 29%-ке, көкөністер мен жемістер – 15-20%-ке өсті.

Ол партия жаңа Кеңесінің мүшелеріне уәкілетті органдармен бірлесіп, "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген өндіріс қуатын арттыру, ет-сүт фермаларын, құс фабрикаларын, жылыжайларды салу және жаңғырту, егіс алқаптарын кеңейту есебінен ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту мәселелерін қарауды ұсынды.

Кеңес мүшесі Ярали Халилов агроөнеркәсіп саласында объективті статистиканың жоқтығын алға тартты. Ол соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің айтарлықтай өсуі байқалғанмен, алайда импорттың одан да өсе түскенін атап өтті. Мәселен, 2015 жылы импорт көрсеткіші 3,4 млрд. АҚШ долларын құраса, өткен жылы 4 млрд, АҚШ долларынан асқан.

"Осыған байланысты кейбір статистикада көрсетілген деректер шындыққа жанаспауы әбден мүмкін", - деген Ярали Халилов.өз күмәнін жеткізді.

Кеңес мүшесі Сергей Звольский азық-түлік бағасының өсуіне тоқталды. Оның айтуынша, Петропавлда 1 келі картоптың бағасы 400 теңгеден асқан. Сонымен қатар, ол өсімдік шаруашылығындағы қиындықтарға да тоқталды.

"Суару жағы қиындық тудырғандықтан, бағбандарға бау-бақша күтімімен айналысу мүмкін болмай тұр. Көкөніс өсіруге дайын кәсіпорындар бар, алайда тағы да су тапшылығы кедергі келтіруде. Электр қуатының жағдайы да мәз емес. Біз электр қуатын алатын балама көздерді қарастыруымыз керек. Себебі қазір электр энергиясының бағасы аспандап кетті",- деді Сергей Звольский.

Өз кезегінде Кеңес мүшесі Серік Темірханов агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында балық шаруашылығының жоқтығын алға тартты.

Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері ауыл шаруашылығының әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, ай сайын аграршылар көтерген мәселелерді қарап және оны шешуге, сондай-ақ келесі отырыста ауыл шаруашылығы министрлігі басшылығының есебін тыңдауға шешім қабылдады.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?