Қазақстанда сот әділ болсын деп "Nur Otan" ұсыныс жасады

29 Сәуір 2021, 11:01
Сурет: cabar.asia

"Nur Otan" жанындағы Құқықтық кеңес отырысында қылмыстық сот ісін жүргізудің жаңа үш буынды моделін енгізу жөніндегі заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды zakon.kz.

Партияның баспасөз қызметінің айтуынша, кеңестің басты міндеті – "Әділ құқық қорғау жүйесі" бағыты бойынша сайлауалды уәделерді орындау, оның ішінде заң жобалары мен қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу. Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейінгі тиісті Жол картасы әзірленді.

Бас прокурордың бірінші орынбасары Берік Асылов бұдан кейін жаңа үш буынды модель аясында адамды күдікті деп тану, іс-әрекетті айқындау және басқа да сол сияқты шешімдерді прокурор қабылдайтынын айтты. Сонымен қатар, енді тергеушілердің орнына айыптау актісін дайындауды да прокурорларға жүктеу ұсынылады.

Өз кезегінде Кеңес мүшесі Қайырбек Сүлейменов өкілеттіктерді қайта бөлуге байланысты прокуратура жүйесіне жұмыстың артып келе жатқанын ескере отырып, бастапқы кезде тек ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша ғана айыптау актісін жасауды тапсыруды ұсынды.

Құқықтық кеңестің төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Қанат Мусиннің пікірінше, қылмыстық сот ісін жүргізудің жаңа моделі сот төрелігін іске асырудың парадигмасын түбегейлі өзгертеді.

Қазақстан бүгінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сот төрелігінің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің жоғары стандарттарын енгізу және әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру міндеттемесін растау үшін өзінің қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіруде. Бүгінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы жетекші елдерінің тәжірибесі ішкі істер органдарының, прокуратура мен соттың өзара іс-қимылының классикалық моделі қандай болуға тиіс екенін көрсетіп отыр. Қылмыстық қудалау органдары, прокуратура және сот арасындағы сотқа дейінгі тергеу сатысындағы өзара іс-қимыл азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының тиімді жұмысы мен қорғалуын қамтамасыз етеді, - деді Қанат Мусин.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында полиция, прокуратура және сот арасында өкілеттіктерді нақты бөле отырып, сот төрелігінің үш буынды жүйесін енгізуді тапсырған болатын.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар

ЖАҢАЛЫҚТАР

қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?