Қарызға батқан "Қазинжиниринг" 9 компаниясын сатып жатыр
Ұлттық компанияның Қазақстан Халық банкі мен Самұрық-Қазына холдингінің алдындағы қарызы 28 млрд теңгеден асып кеткен, деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Үкімет қаулысымен "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясына қарайтын 9 компания сатылғалы жатыр. Атап айтқанда "жекенің қолына" өтетін компаниялардың тізімі мынадай: "С.М. Киров атындағы көлік құрау зауыты" АҚ, "Тыныс" АҚ, "Семей көлік құрау зауыты" АҚ, "Семей инжиниринг" АҚ, "КИ автожөндеу зауыты 811" АҚ, "Петропавл ауыр көлік құрау зауыты" АҚ, "Мұнаймаш" АҚ, "Қазақстан авиациялық индустриясы" ЖШС, "Steel manufacturing" ЖШС. Ұлттық компанияның осы активтерін сатар алдында бекітілген ережеге сәйкес, оған тәуелсіз бағалау жүргізіледі. Сатып алушы өндіріс көлемі мен технологиялық құрылғыларын сақтап қалып, кәсіпорынды алдағы бес жылда дамыту жоспарын жасауы керек.
Заң бойынша ұлттық компанияның активтерін сатып алатын әлеуетті сатып алушыға бірнеше талап қойылады. Атап айтқанда сатып алушы өзі жекешелендіріп алған кәсіпорынның профилі мен жұмыс орындарын сақтап қалуы керек. Одан бөлек өндіріс көлемінің белгілі бір деңгейін ұстап, кәсіпорынның айлық пен салық бойынша қарызын жабуы тиіс.
Сенаторлардан сын
Депутаттар биылғы каникулына кетпей тұрып сенатор Нұржан Нұрсипатов дәл осы ұлттық компанияның өзекті мәселелері жөнінде Үкіметке сауал жолдаған болатын. Депутаттың айтуынша, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамытуда бірнеше проблема бар. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік тапсырысқа тәуелділік, түпкілікті өнімнің бағасының қымбат болуы, қорғаныс кәсіпорындарын жандандыруда және шығарылған өнімнің сапасы жағынан нақты әрі келісілген саясаттың жоқтығы, осы кәсіпорындардың несие қарызына батуы саланың тасын өрге домалатпай тұр.
"Өздеріңіз білетіндей, отандық қорғаныс өнеркәсібі кешеннің ядросы – "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы. Компанияның есебіне сәйкес, 2015-2019 жылдар аралығында оның қаржылық нәтижесі көңіл қуантпайды. Ал 2019 жылдың өзінде жалпы шығыны 5 млрд долларды құраған. Ұлттық компанияның "Қазақстан Халық банкі" АҚ пен "Самұрық-Қазына" ӘАҚ" АҚ алдындағы қарызы 26 млрд теңгеге жетті", - деген еді сенатор.
Осы проблеманы шешу үшін ұлттық компанияның қазіргі өндірістік активтердің бәрін жекешелендіріп, қорғаныс өнеркәсібін дамыту бойынша Ұлттық операторды құру жолымен трансформациядан өткізу жоспары белгіленген еді.
"Әйтсе де мұнда заңды сұрақ туындайды. Саланы және ұлттық компанияны реформалау бойынша ұсынылған бұл шешімдер қаншалықты тиімді? Компанияның қарыздарын қандай қаражат көздерімен жапқалы отырсыздар? Көлік құрау саласында ұлттық компанияның өндірісі қаншалықты үлеске ие?" - деп сұрақ қойды Нұржан Нұрсипатов Үкіметке.
Үкіметтен жауап
Үкіметке жолданған бұл сұраққа Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр жауап беріпті. Ол келтірген мәліметке сәйкес, компанияың Қазақстан Халық банкі мен Самұрық-Қазына холдингінің алдындағы қарызы 1 маусым бойынша 28,6 млрд теңгені құраған.
"Қарызды мына компанияларды сату арқылы жабу көзделген: "Қазақстан авиацилық индустриясы" ЖШС, "Steel manufacturing" ЖШС, "Семей инжиниринг" АҚ, "Семей көлік құрау зауыты" АҚ, "Тыныс" АҚ, "Мұнаймаш" АҚ, "КИ автожөндеу зауыты 811" АҚ, "Петропавл ауыр көлік құрау зауыты" АҚ, "С.М. Киров атындағы көлік құрау зауыты" АҚ. Бұл компаниялар жалпы 59 млрд теңгеге сатылады", - деп жауап берді Роман Скляр.
Үкіметтен хабарлағандай, ұлттық компанияның отандық көлік құрау саласындағы жалпы үлесі 9,9 пайыздан (2016 жылы) 6,14 пайызға (2020 жылы) дейін азайған. Мұның басты себебі – компанияның мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласында бірыңғай оператор функциясынан айырылуы себеп болған.
"Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы заңға сәйкес, отандық ғылыми-техникалық саладағы әзірлемелерді қаржыландыру үшін және қорғаныс өнеркәсібі кешенін жаңғырту мақсатында қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту қоры құрылады. Мемлекет басшысы қорды коммерциялық емес ұйым түрінде құру жөнінде бастаманы қолдады. Осыған байланысты Қордың жұмысын құқықтық тұрғыда реттеу үшін министрлік жауапты мемлекеттік органдармен бірге заңнамаға тиісті өзгерістерді енгізу мәселесімен айналысып жатыр. Қорды құру жұмысы жүргізіліп жатқандықтан, қорғаныс өнеркәсібі саласында қандай да бір жобалар қаржыландырылған жоқ", - дейді Роман Скляр.
Аян Бекенұлы