Елордада вакцина алған ұстаздар мен студенттерге бағалы сыйлықтар ұсынылмақ
КВИ вакцинасын алған елордалық ЖОО-ның студенттері мен оқытушылары еліміздің тарихи өңірлеріне жолдамалар, сауықтыру турларын, дүкендерге жеңілдіктер және бағалы сыйлықтар ала алады. Бұл туралы қала әкімдігі ақпарат таратты, деп хабарлайды zakon.kz.
Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің COVID-19-ға қарсы вакцинацияланған студенттері мен оқытушылары сауықтыру орталықтарына тегін жолдамалар, еліміздің тарихи өңірлеріне турлар, спортзалға абонементтер, қазақ және ағылшын тілдерін үйренуге арналған сертификаттар, сол сияқты ірі сауда орталықтарында тауарлар сатып алуға арналған сертификаттар ала алады.
Аталмыш ЖОО-да 20 мыңға жуық студент оқиды, 3000-ға жуық оқытушы мен қызметкер жұмыс істейді.
Түрлі сыйлықтар мен жолдамалар вакцинацияның бір ғана артықшылығы емес. Ауқымды вакцинациялау жағдайында ЖОО жаңа оқу жылын толыққанды, қалыпты режимде бастай алады. Вакцинация адам денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең қолайлы шешімі болып саналады.
"Көкшетау-Зерендідегі "Тұмар" оқу-сауықтыру кешеніне 50 дана тегін жолдаманы 1-20 шілде аралығында вакцинацияланатын студенттерге тарту етуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, 1-10 шілде аралығында вакцинациядан өткен алғашқы 30 студент еліміздің тарихи және рухани орындарына, яғни Түркістан мен Семей қалаларына жолдама алады. 1-15 шілде аралығында екпе алатын алғашқы 60 студентке ағылшын және қазақ тілдерін оқып-үйренуге арналған тегін сертификаттар беріледі. Сонымен қатар, 1-15 шілде аралығында екпе алған 100 студентке студенттік спорт орталығының бір айлық абонементі беріледі. Студенттер ЖОО-ның имидждік өнімін де ұтып ала алады. Сол сияқты 1-15 шілде аралығында екпе алған алғашқы 40 оқытушыға "Magnum", "Technodom", "Mechta", "Sulpak" дүкендерінің арнайы сертификаттары тапсырылады", - деді университеттің Әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Рүстем Әлқожа.
Айта кету керек, ЕҰУ-да Ashyq өткізу жүйесі жұмыс істейді. Оқу корпустары мен студенттік үйлердің кіреберісінде дезинфекциялау тоннельдері, дене температурасын өлшеу датчиктері орнатылған, сол сияқты санитариялық дәрігерлер кезекшілік етеді. Ғимараттардың ішінде санитайзерлер орналастырылған, қажетті санитарлық нормалар сақталған.
ЕҰУ жаппай вакцинация науқанына қатысатын жалғыз оқу орны емес. Сәкен Сейфуллин атындағы ҚазАТУ да қалыс қалған жоқ. 2021 жылдың 28 тамызында сағат 15:00-де агрономия факультеті алдындағы алаңда университет қызметкерлерінің вакцинацияланған және вакцинациялау паспортын алған қызметкерлері арасында бағалы сыйлықтардың ұтыс ойыны өтеді. Вакцинацияланған адамдар бағалы тұрмыстық техникаларды жеңе алады.