Ипотекалық несиені қайта қаржыландыру мерзімі ұзартылды
COVID-19 пандемиясына және 2020 жылы қатаң карантиндік шектеулердің енгізілуіне, сондай-ақ ағымдағы жылы күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы 2021 жылғы 16 шілдеде ипотекалық қарыз алушыларға қосымша қаржылық көмек көрсету мерзімін 2021 жылғы 1 қарашаға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Қазіргі уақытта қосымша қаржылай көмек шаралары қарыздары жалғыз баспанамен қамтамасыз етілген және Бағдарламаның 1 және/немесе 2-бөлімі шеңберінде қайта қаржыландырылған, сондай-ақ баспанасы банктің балансына өткен халықтың әлеуметтік осал топтары (бұдан әрі - ХӘОТ) санатына жататын қарыз алушыларға ұсынылады, делінген агенттік хабарламасында.
Агенттік басқармасының шешімімен аталған бағдарламаға банктерге құжаттарды ұсыну мерзімін ұзартуға және қарыз алушылардың қосымша көмек алу процесін жеңілдетуге бағытталған бірқатар түзетулер енгізілді.
Ипотекалық қарыз алушыларды барынша көбірек қамту және оларға банктерге құжаттар топтамасын дайындау үшін қосымша уақыт беру үшін қарыз алушылардың Бағдарлама бойынша қосымша көмек алуға өтініш беру мерзімі 2021 жылғы 1 қазанға дейін ұзартылды, делінген ресми хабарламада.
Бұған қосымша, Агенттік құжаттар топтамасын жинау процесін жеңілдету мақсатында қарыз алушылардың қосымша оларға көмек көрсету мәселесін қарау үшін банкке ұсынатын құжаттар атауларының тізбесін 11-ден 7-ге дейін қысқартты.
Агенттіктің сайтында қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасау үшін банктер қызметкерлерінің байланыс деректері және ипотекалық қарыз алушыларға қосымша көмек көрсету мәселелерін қарау үшін қажетті құжаттардың тізбесі орналастырылған.