Халыққа тиесілі жер қайда?

5 Тамыз 2021, 14:38
Сурет: видеодан кадр

Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы Кеңбидайық ауылының тұрғындары неше жылдан бері пай үлестерін даулап жүр. Себебі жер еміп, мал басын көбейтейін десе, алқаптың бәрі жекенің қолына өтіп кеткен. "Біреудікін тартып алмақ ойда жоқ, тек өзімізге тиесілі ұлтарақтай жерімізді талап етеміз", - дейді олар. Бұған жергілікті атқамінерлер не дейді? Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.

"Өз жерімізді өзімізге билетпей отыр!". Қорғалжын ауданындағы Кеңбидайық ауылының 400-ге жуық тұрғыны елдімекен аумағындағы пай үлестерін ала алмай жүргендерін айтады. "Аталған мәселеден жергілікті әкім-қаралар хабардар. Бірақ неше жылдан бері сылтаудың сан түрін айтып, созбаққа салумен келеді", дейді.

Нұржан Баймұратов, Кеңбидайық ауылының тұрғыны:

Біреудің үлесін тартып алайық деп жатқан жоқпыз ғой. Халықтың өзінің пай, жер үлесі. Заңды түрде, сотпен болама, келісіп пе, түбінде шешілуі керек ол мәселе. Мәселе халықтың жерінде ғана тұр. Біреуінде жер жоқ 58 мың гектар осы ауылда жер бар.

Жердің басым бөлігін елдімекендегі ірі 3 шаруа қожалығы иеленіп отыр. Фермерлер қолдан келгенше ауылдың тірлігіне қарайласып тұратын көрінеді. Бірақ пай иелеріне ай сайынғы үлеспұл ешқашан берілмепті. Мұндағы халықтың тілегі жол да, су да емес. "Тек мал басын көбейтіп, ұлтарақтай жерімізді өз атымызға қайтарсақ", дейді.

Таязбай Нұртайұлы, Кеңбидайық ауылының тұрғыны:

Осыларға барса қандастар, жер суын береміз, үй береміз жағдайын жасаймыз деген. Бірақ міне келгелі 10 жылдан асты, ондай жағдай жоқ. Үй де берген жоқ, жер де жоқ. Халықтың игіліктегені жер ғой, жер болса, мал бақсақ, өкіметке аз да болса үлес қоссақ деген.

Ауыл азаматтары жуырда Кеңбидайыққа әкімді өздері сайлады. Амангелді Әбішев жергілікті тұрғындардың проблемасынан бұрыннан хабардар екенін айтады. Бір апта бұрын арнайы мамандар келіп, ауылдық округтың аумағындағы бос жатқан жерлерді есептеп кетіпті.

Амангелді Әбішев, Кеңбидайық ауылының әкімі:

Картаға енгізіп кетті, белгілеп. Мен айтып отырмын ғой, қанша гектар екенін нақты білмеймін. Жаңа айтып отырмын ғой, бүгін ғана бастап отырмын деп. Ауылдық округтың өз жайылым жерлері бар. халықтың тіркелген малдарына жеткілікті жайылым жерлері.

Пай немесе шартты жер үлесі. Тек Қорғалжың ғана емес, еліміздегі елдімекендердің біразына ортақ проблема бұл. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін берілген жер үлестерін талай тұрғын айтысып-тартысып әлі күнге ала алмай жүр. "Бас көтерсек, 400 тұрғын дайын тұр, бірақ біз мәселені заңды жолмен шешуге бекіндік", дейді Кеңбидайық тұрғындары. Дені тиісті құжаттарын дайындап, адвокат қызметіне жүгініп үлгерген.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар
қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?