Қазақ спортын жемқорлар жайлағаны рас па?

видеодан кадр видеодан кадр
Таныс-тамырмен орналасқан бапкерлер де бар.

Қазақ елі өз тарихында тұңғыш рет Олимпиададан алтынсыз қайтты. Бес құрлықтық байрақты бәсекесіне үкілеп қосқан 97 спортшымыздың тек сегізі жүлдеге ілікті. Төртжылдықтың басты аламанындағы сәтсіздіктерді жанкүйер қауым зор күйінішпен қабылдағаны рас. Мұндай төмен нәтиже спорттағы жемқорлық пен тамыр-таныстықтың кесірі дегендер де табылып жатыр, әділетсіздік пен басқа да себептер деп жұрт пікірі екіге жарылып жатыр. Бап келмей, бақ жанбай сүрінді ме, әлде қазақ спорты бармақ басты көз қысты әрекеттердің құрбаны ма? Жүйелі проблема жүйесін, жүйесіз мәселе иесін табатын сәт қазір. Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.

Әттең, Токиодағы тартыста әнұранымыз бұлайша аспандаған жоқ. Спортшыларымыз да оң қолын жүрек тұсына қойып, Сәпиев секілді тебірене алмады. Ал, бұдан өзгесі қаз қалпында...

Үкілеп, үміт артып шығарып салған 97 отандасымыздың тек сегізі топ жарды. Алтын да, күміс те емес, қола жүлдені місе тұттық. Сөйттік те, командалық есепте 83-ші орынға тұрақтадық. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алтынсыз қайтқан алғашқы Олимпиадамыз бұл.

Басқа-басқа, былғары қолғап пен боз кілемнен дәмеміз зор еді. Алайда мүлдем жүлде күтпеген спорт түрлерінен тартысты ойын көрсетіп, таңқалдырғандар да болды.

Уәлихан Қосанбай, спорт комментаторы:

Менің ойымша, каратэден біздің құрама толық үмітті ақтады, тосынсый жасады десе де болады. Өйткені көпшілігі тіпті танымайтын да еді, біздің каратэ спортындағы жігіттеріміз бен қыздарымызды.

Осыған дейінгі төртжылдық тартыстарда талай тарланымыз рингтің шаңын шығарған. Сенім артқан тоғыз боксшымыздың түгелі алдыңғы буын ағалары секілді аренада ойқастай алмады. "Қазақ боксының бүгіні сол екі қоланың деңгейінде", дейді сарапшылар.

Олжас Байбосынов, спорт комментаторы:

Бокстың форматы өзгерген. Шлемдерді алып тастаған. Нокауттарды көп көрдік мысалы. Көп елдің өкілдері профессионалда 5-6 бой өткізіп барып, Олимпиадаға барып отыр. Мүмкін біздің боксшыларға да осы профессионалға өтіп барып, ол жақтың атмосферасын сезініп, қайтадан ұлттық құрамаға келіп, жарыстарға барған дұрыс шығар.

Бұдан басқа, Олимпиадада мұндай төмен нәтиже көрсетуімізге тағы бірнеше салмақты себеп бар.

Олжас Байбосынов, спорт комментаторы:

Бапкерлер кейбір жерлерде, былайша айтқанда таныс-тамырмен орналасқан бапкерлер де бар. Одан кейін қазір сәнге айналды, мына федерациялардың тізгінін өте қалталы деп айтсақ болатын шығар, қалталы азаматтар ұстап алды. Олардың да пайдасы бар негізі, бірақ осы бір жерде олар халықтың игілігіне емес, өздерінің абыройы үшін жұмыс істеп кеткен.

Баласы атқа қонса, тақымын қысып отыратын қазақпыз ғой. Несін жасырайық, осы жолы бірінен соң бірі сүрінген спортшыларымызды мақтаудан гөрі, даттау басым болды. "Қазақ спортының қола дәуірі" деп кейідік, "Кола ішкендер, қоламен қайтады деп" мысқылдағандар болды.

Бізге мұндай нәрсе керек еді негізі. Барлығымыздың көзіміз ашылып, барлығымыз білдік, деңгейміздің осындай екенін.

Кез келген сала тоқырамай тұрмайды. Бәлкім, бұл да жаңа белестер алдындағы құлдырау шығар деп сенейік. Франция астанасында өтетін Олимпадаға дейін небары 3 жыл уақыт қалды. Токиодан алған сабақты Парижде тұмар ете алсақ игі. Демек, арқаны кеңге салатын кез емес.

zkadm
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз