Ақтөбеде түркістандық жігіттің көлік ұрлаған сәті видеоға түсіп қалған
Ақтөбеде түркістандық жігіттің көлік ұрлаған сәті видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды zakon.kz.
Polisia.kz мәліметі бойынша, 15 тамызда Ломоносов көшесінде орналасқан “Анвар” СМ жанындағы тұрақтан Түркістан облысының тұрғынына тиесілі Mercedes-Benz C32 автокөлігі ұрланды.
Дереу “Тосқауыл” жоспары жарияланып, полиция жасақтары бағдарланды. Қабылданған шаралар барысында Ырғыз аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері “Самара-Шымкент” тас жолында аталған көлікті байқап, ол полицейлердің талабына бағынбады. Полицейлер өзен арқылы өтетін көпірді жүк көлігімен жабу туралы шешім қабылдады.
Ұстау кезінде Түркістан қаласының 26 жастағы тұрғыны полиция қызметкерлеріне бағынбады. Автокөлік пен ұсталған азамат Ақтөбе қалалық Полиция басқармасының №3 полиция бөліміне жеткізілді. ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігі (Автокөлікті заңсыз иелену) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы баптың санкциясы бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуды, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.