Фермерлерге көмек керек – депутат Әбілдаев 

13 Қазан 2021, 16:39
Сурет: Ж.Құспанов

Мәжіліс депутаты А.Әбілдаев Премьер-министрдің орынбасары Р.Склярға депуттатық сауал жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.

Биыл мал шаруашылығы саласына оңай болмады: қыста қардың аз түсуі, жаз айларында аптап ыстықпен қатар жауын-шашынның аз болуы (бірқатар өңірлерде жауынның мүлде болмауы) жайылымдық жерлердің жағдайына теріс әсер етті. Басқаша айтқанда, өткен жылдармен салыстырғанда биыл шөп шығымы аз болып, уақытынан бұрын қурап кетті, дейді ол.

Жайылымдық жерлердегі жем-шөптің жеткіліксіздігі және жем-шөп дайындау көлемінің қысқаруы жайылымда жүрген малдың жай-күйіне теріс ықпал етіп, жем-шөп бағасының қамбаттануына әкеп соқты, оның салдарынан мал басының кемуі басталды.

Бүгінде тірі малды сатып алу бағасының төмендегені байқалады. Бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кешендерінде сатып алу құны тірі салмақтың 1 килограммына 670-800 теңге, яғни орта есеппен баға 10-15%-ға төмендеген. Себебі, аналық бас ұстайтын және бұқаларды бордақылауға өткізетін фермер жем-шөптің қымбаттауы салдарынан малды қысқы уақытта ұстау тиімсіз екенін түсінеді. Сондықтан шаруашылықтар шығынға батпас үшін мал басын бордақылауға және ет өңдеу кешендеріне өткізіп жатыр.

Осы ретте, мал бордақылау алаңдарында малдың күндік азығы қымбаттап барады. Бордақылау алаңдарында мал жем-шөптің қатты түрлерімен қоса, ұнтақталған дәнді дақылдармен қоректендіріледі, олардың бағасы өткен жылмен салыстырғанда орташа есеппен 60-90%-ға көтерілген. Дизель отынына бағаның өсуі еттің өзіндік құнының қымбаттауына үлкен әсер етті. Мәселен, ол қыркүйектің соңында 1 литріне – 289 теңгені, көптеген өңірде 1 литріне 240-245 теңгені құраған, ал 2020 жылы арзандатылған дизель отынына баға шамамен 1 литріне 165 теңге болатын.

Егер осылай жағдайда жалғаса берсе, онда мал басының өсуі баяулайды, ал мұндай күрделі ахуал, өз кезегінде, Қазақстанды ет өндіру қарқыны бойынша бірнеше жылға артқа тастайды.

Мұндайда біз аналық бастың жалпы кеміп кетуіне және фермерлер малын сатып алу бағасының одан әрі құлдырауына жол бермеуіміз керек. Өйткені баға төмендеп кетсе, қатысушылардың басым бөлігінің (қазіргі кезде 28 мыңға жуық фермерлік қожалық жұмыс істейді) осы саладан шығып кетуі мүмкін.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) негізгі көрсеткішті жұмыстармен және халыққа әлеуметтік көмек көрсетумен айналысып жатыр деп санаймыз. Олар азаматтарды халыққа көмектесуге шақырады, еріктілерге үміт артады, қызметкерлер еңбекақысын қорға аударады. Осылайша, Министрлік азаматтарға көмек көрсетуде Үкіметтің дәрменсіз екенін көрсетіп отыр. Біздің ойымызша, бұған жол бермеу керек.

Осыған дейін мәлімделген шараларды зерделеп, фактілерге көз жүгіртіп шықсақ. Министрлік қуаңшылық салдарымен күресте фермерлерді қолдау шаралары туралы хабарлады. Біздің пікірімізше, бұл шаралар жеткіліксіз.

Министрліктің ақпараты бойынша "Үкімет резервінен Қызылорда және Маңғыстау облыстарына сатып алынатын жем-шөп құнын арзандату мақсатында 3,6 млрд. теңге бөлінді (Қызылорда облысына – 1,7 млрд. теңге, Маңғыстау облысына – 1,9 млрд. теңге). Азық-түлік келісімшарт корпорациясының жем-шөп қорынан Маңғыстау және Қызылорда облыстарына нарықтық бағадан 17%-ға төмен бағамен 1,7 мың тонна арпа бөлінді", – делінген.

Жем-шөп сатып алуды субсидиялау таңдаулы түрде іріктеліп ұйымдастырылған. Мәселен, Қарағанды облысында ондай қолдау шарасымен небәрі екі аудан қамтылды, ал Шығыс Қазақстан облысына осы мақсатқа небәрі 130 млн. теңге бөлінген.

Қолдаудың сүбелі үлесі екі облысқа бағытталғаны айдан анық көрініп тұр. Бұл өңірлерде елдегі барлық мал басының 4-7%-ы ғана шоғырланған. Анықтамаларға сүйенсек: елде жалпы ірі қара мал басының саны 8849 мың бас болса, екі облысқа оның 407 мың басы немесе 4,5%-ы тиесілі. Қой-ешкінің жалпы саны – 24 144,8 мың бас, оның ішінде екі облыста – 1 253 мың бас немесе қой-ешкінің жалпы санынан 5%-ы бар. Республикада жылқы бойынша жалпы саны – 3 471,6 мың бас, ал екі облыста 271,9 мың бас бар немесе жалпы жылқы санының 7,8%-ы.

Қолдау таңдаулы тәртіппен жүргізіледі, ал аналық бас күн сайын сойылып, етке кетіп жатыр. Қолдау шаралары бүкіл республикаға жаппай қажет!

Фермерлер жем-шөп қымбаттап тұрған шақта малды ұстауға қауқарсыз, бордақылау алаңдары малдың бағасын көтере алмайды, ал бордақылау құны өсіп кетті. Өйткені халықтың сатып алу қабілетінің төмендігінен және әлеуметтік шиеленістің күшеюі ықтималына байланысты ет бағасын көтеру қиын.

Осы ретте баға белгілеуге ықпал етудің нарықтық емес әрі тиімділігі аз құралдарды (тыйым салу, әкімшілік қысым) қолдана отырып, бағаның өсуіне жол бермеу туралы әңгімелер үнемі айтылады. Министрлік несиелерді қайта құрылымдау туралы мәлімдеме жасаса да, бірақ осы қолдауға қол жеткізу жолы түсініксіз.

Министрлік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің несиелері бойынша мерзімін ұзарту және қайта құрылымдау туралы шешім қабылданғанын және өтінімдерді қабылдау басталғанын хабарлады. БАҚ көздерінде "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ тамыздың ортасына қарай 10 өтінім қабылдағаны туралы есеп берді. Небәрі 10 өтінім ғана. Ұсынылған қолдау шаралары туралы сұралғанда "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ өзінің стандартты несие өнімдерін тізіп, несиелер мерзімін кейінге шегеру бойынша өтінімдер жекелей тәртіпте қаралатынын жеткізді. Өтінім уәкілетті мемлекеттік органдардың форс-мажорлық жағдайлардың туындауын растайтын жазбаша актілері немесе өзге де құжаттар болған жағдайда мақұлдануы мүмкін. Бұл қандай құжат, оны қалай алуға болатынына қатысты сұрақ жауапсыз қалды. Біздің пікірімізше, бұл жағдай сыйбайлас жемқорлық тәуекелдерін түзеді, ал зардап шеккен қарыз алушылардың көпшілігіне мұндай қолдау қолжетімсіз болып қала береді. Алайда БАҚ көздеріне қолдау шаралары іске асырылып жатыр деп дүркіретіп айтылуда.

Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келе, біздің ұсыныстарымыз мынадай:

  • фермерлерге ешбір қосымша анықтама құжаттарын талап етпей оңайлатылған әрі түсінікті схема бойынша несиелердің мерзімі ұзартылсын немесе қайта құрылымдалсын. Фермер қандай жағдайда несие бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға, жедел өтінім беруге, сондай-ақ несиеге мақұлдау алуға болатынын түсінуі тиіс. Бұл мемлекетке ешбір қосымша қаражат шығынын келтірмейді. Аграрлық несие беру корпорациясы әрбір арыз берген шаруаның несиесін таңдаулы түрде іріктеп емес, жаппай созуы керек.
  • ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруде тұрған әрбір мал басына мемлекет көктемде жем-шөпке деп беретін субсидияны қуаңшылыққа байланысты екі есеге көтерсін. Мемлекет үшін бұл болмашы қаражат.
  • шаруалардың аналық басты сатып алғанда берілетін субсидия қараша айына дейін жеткізбей төлеп берілсін. Бұл бюджетте негізделген мемлекеттің шаруалар алдындағы қарыздары.
  • аналық басты сатып алуға жеңілдікпен несие берілсін. Бұл шара – жем-шөпті дайындауға немесе сатып алуға жағдайы жоқ шаруалардан аналық басты сатып алуға бірден-бір мүмкіндік. Осы ретте несиелер бойынша тиімді қаржылық шарттармен туындаған жоғары сұраныс аналық мал басы мен жалпы малға бағаны ұстап тұрады;

Бұған қоса, мынадай сұрақтарға жауап алғымыз келеді:

1. Мал басының жаппай кемуі және фермерлердің осы саладан кетуін алдын алу үшін нақты қолдау шаралары қашан қабылданады?

2. Аналық мал басын алуға жеңілдікті несиелер, қолданыстағы міндеттемелер бойынша кейінге шегеру түрінде қолдау шаралары беріле ме?

3. Қиын жағдайға тап болған фермерлердің көпшілігі жем-шөпті субсидиялаумен қашан қамтылады?

4. Мал шаруашылығында сақтандыруды ілгерілету бойынша жұмыс (сақтандыру сыйақысын бастапқы кезеңдерде 80%-ға дейін субсидиялау) қашан күшейтіледі?

5. Мемлекет бағаның өсуіне қарсы күресте әкімшілік кедергілерді қосуды тоқтатып, халықтың осал топтарына тиісті әлеуметтік көмек көрсету мәселесін қашан пысықтайды?

Құрметті Роман Васильевич, дер кезінде мал басын сақтап қалу үшін фермерлерге қол үшін бермесек, онда мал басының өсуі баяулап, Қазақстанның ет өндіру қарқыны бірнеше жылға артта қалып, оны қалпына келтіру оңайға соқпайды. Сондықтан да біздің көтерген мәселелерімізге құлақ асып, оларды шешуге көмек беруіңізді сұраймыз, делінеді сауалда.


zakon.kz жаңалықтарын оқыңыз
Жазбаларды көрсету

Көп оқылғандар

барлық жаңалықтар
қате туралы хабарлау
Қате туралы хабарлау
Қате мәтін:
Түсініктеме:

Маңызды жаңалықтарды білгіңіз келе ме?