Түркістанда әйел көпірден секірмек болды
ТО ПД баспасөз қызметі
Полицейдің жедел әрекетінің арқасында темір жол көпірінен секірмек болған орта жастағы әйел құтқарылды.
Түркістан облысында Жергілікті полиция қызметі басқармасы Патрульдік қызметін ұйымдастыру тобының аға инспекторы полиция майоры Бауыржан Тұрлыбекұлы Саржанов көпірден секірмек болған адамды құтқарды, деп хабарлайды zakon.kz.
"Қызмет бабымен түстен кейінгі уақытта қаладағы екі мөлтек ауданның арасын жалғап тұрған үлкен теміржол көпірінің аумағында жүргенмін. Шамамен сағат 15:20 өткен еді, құлағыма алыстан құтқарыңыздар деген дауыс естілді. Дауыс шыққан жаққа қарасам теміржол көпірінің жиегінде адам ілініп тұр екен. Көпірден секірмекке ұмтылып тұрған әйел болып көрінді. Бірден тұра ұмтылдым. 10 минутта шығатын көпірге 20 секундта жеттім. Себебі бар ойым әлгі әйелді құтқарып қалу болды. Қасына жеткенде әлгі әйелді жібермей құшақтап жылап тұрған тағы бір орта жастағы қызды байқадым. Қыздың жалғыз өзі құтқаруға шамасы келмей тұрғаны көрініп тұр. Мен де әлгі әйелді қатты құшақтап, артқа қарай тартып, көпірдің жиегінен өзіме қарай түсіріп алдым. Ол әйел біраз айқайлап, жіберуімді сұрады. Бірақ менің басты мақсатым азаматтардың қауіпсіздігі болған соң, азаматшаға мұндай қадамға барудың қауіпті екенін, отбасын ойлау керектігін айтып, біраз әңгімелесіп, көпірдің баспалдағынан дін аман қауіпсіз орынға дейін түсірдім. Содан соң 102-ге хабарласып, әріптестеріме әйелді тапсырдым. Кешкісін әйелдің халін білу үшін хабарын алдым, қан қысымы көтеріліп дәрігерлердің көмегіне жүгінген екен", - дейді полиция майоры Бауыржан Саржанов.
Бүгінгі таңда әйелдің жағдайы жақсы. Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен әйелге және жанында болған сіңлісіне тиісті көмек көрсетілді. Арнайы психолог мамандары әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстары жасалды. Сонымен қатар қазіргі уақытта орта жас шамасындағы әйелдің мұндай қадамға баруына нендей себеп болғаны толығымен тексерілуде.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript