Алматыда салық төлемеген жүргізуші Nissan Patrol-дан айырылды
Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті жеке сот орындаушылар палатасы, Әділет департаментінің өкілдері және жол полициясы қызметкерлерімен бірлесіп "Сергек" аппараттық-бағдарламалық кешенінің көмегімен көлік салығы бойынша борышкерлерді анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
4 қарашада бірлескен іс-шараларды өткізу барысында "Сергек" камерасымен Nissan Patrol маркалы автокөлік табылды, оның салық қарызы 534,1 мың теңге. Көлік ұсталып, айып тұрағына қойылды. Мұндай іс-шаралар ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады, деп ескертті Алматы қаласының МКД.
Департаменттің мәліметінше, жеке тұлғалардың көлік салығы бойынша берешегінің жалпы сомасы 3,6 млрд теңге, оның ішінде 2,6 млрд – негізгі берешек, 1 млрд – өсімақы.
Салық берешегі бар тұлғалардың жалпы саны 40 541 азамат, олар бойынша өндіріп алу туралы салық бұйрықтары шығарылды және мәжбүрлеп өндіріп алу үшін атқарушылық іс жүргізу органдарына берілді, – деп атап өтті МКД.
Сот орындаушылары банк шоттарын бұғаттау, мүлікті иеліктен шығару, сондай-ақ елден тыс жерлерге көшу құқығын шектеу туралы шешім қабылдауы мүмкін екенін еске салды.
Бұдан басқа, борышкерлер әлеуметтік төлемдер немесе жәрдемақылар, сондай-ақ білім беру депозиттерін алу үшін қажетті шоттардан басқа шоттар аша алмайды.
Сондай-ақ, азаматтар жеке тұлғалардың меншігіне салынатын салықтар бойынша өздерінің салық міндеттемелерін заңнамада белгіленген мерзімде өтемеген жағдайда өсімпұл есептеледі.
Жеке тұлғалар көлік салығын есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейін, яғни 2020 жылға – 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін төлеуі керек.
Бақытжан Отарбаева