Базалық мөлшерлеме 9,75% деңгейінде сақталды
ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/-1,00 п.т. пайыздық дәлізімен жылдық 9,75% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,75%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 8,75% болады.
Жалпы инфляция баяулауының байқалған белгілерін, сондай-ақ коронавирустың жаңа штаммы – омикронға қатысты белгісіздіктің артуын және оның инфляциялық процестерге, сыртқы және ішкі сұранысқа әсерін ескере отырып шешім қабылданды.
Сұраныстың ұсыныс мүмкіндіктерінен асып өсуі нәтижесінде бағаның өсуін тежеу бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, көптеген елдерде инфляцияны жеделдету үрдісі сақталып отыр. Қытайдан басқа, негізгі сауда әріптестеріне жататын елдерде инфляция тарихи ең жоғары мөлшерде қалыптасады. Қазақстанда бағаның өсуі де жоғары деңгейде болып тұр. Азық-түлік инфляциясы мен ақылы қызметтер инфляциясының біршама баяулауы азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуімен өтелді. Халықтың жоғары инфляциялық күтулері қолда бар инфляциялық аяны күшейтеді. Шикізат нарықтарындағы салыстырмалы түрде жоғары бағалар мен карантин шектеулерін жеңілдету аясында ішкі экономика белсенді түрде қалпына келуде. ҚР Ұлттық банкі
Әлемдік экономикадағы проинфляциялық процестер өсіп келеді. Бұл карантин шараларының әлсіреуімен, жинақталған жинақтардың көптігімен, сондай-ақ кейінге қалдырылған сұраныстың іске асырылуымен ынталандырылатын жаһандық тұтынушылық сұраныстың тез қалпына келуіне байланысты болып отыр. Ұсыныстың өсуі әлі де жеткізуге байланысты мәселелердің болуына және материалдар тапшылығына байланысты тез өсіп отыратын сұранысқа жол беруде.
Сыртқы факторлардың ішінде теңіз порттарындағы жағдайдың жақсарғанына қарамастан, әлі де ковидке дейінгі деңгейден алшақ болып отырған энергия бағасының өсуін және жаһандық жеткізу қатарының бұзылуын атап өткен жөн. 2021 жылғы қарашада Baltic Dry Index қазандағы ең жоғары деңгейден төмендеді. Алайда бұл 2020 жылғы мамырдағы деңгейден 6 есе жоғары. Жаһандық инфляцияның жылдамдауына қымбаттап отырған азық-түлік бағасы да қосымша үлес қосады, бұл ұсыныстың төмендеуіне, экспорттаушы елдердегі ауа райының нашарлауына, сондай-ақ фрахт бағасының өсуіне байланысты. ФАО азық-түлік бағаларының индексі қарашада бір айлық мәнде 1,2%-ға өсіп, 2011 жылғы маусымнан бастап ең жоғары деңгейге жетті.
Осы факторлардың барлығы әлемдегі, оның ішінде Қазақстанның сауда әріптестеріндегі инфляцияның одан әрі жылдамдауына алып келеді. ЕО мен Ресейдегі инфляция 2021 жылғы қазанда тиісінше 4,4% және 8,1% құрап, тарихи ең жоғары деңгейде болып отыр.
Сыртқы сектор тарапынан инфляцияға қарсы қысым ішкі бағалардың өсуінде көрініс табады. 2021 жылғы қарашаның қорытындысы бойынша Қазақстандағы жылдық инфляция аздап баяулап, биылғы жылғы қазандағы 8,9%-бен салыстырғанда 8,7% болды. Бұл серпін азық-түлік тауарлары бағасының 11,3%-дан 10,9%-ға дейін және ақылы қызметтер бағасының 6,9%-дан 6,4%-ға дейін өсуінің баяулауына байланысты болды. Азық-түлік құрамдас бөлігі өсуінің қазіргі баяулауына бір айдағы серпіннің тұрақтануы және өткен жылдың жоғары базасы жағдайында майлар мен тоң майлар, қант және жұмыртқа дезинфляциясы айтарлықтай үлес қосты. Бұл ретте 2021 жылғы қарашада нан-тоқаш өнімдері мен жарма, ет өнімдері бағасының өсуі жалғасты, бұл өндірушілер шығындарының ұлғаюына, дәнді дақылдарды жалпы жинаудың төмендеуіне байланысты.
2021 жылғы қарашада жанар-жағар май, қатты отын бағасы өсуінің жалғасуы нәтижесінде жылдық азық-түлікке жатпайтын инфляция 7,8%-дан 8,3%-ға дейін жеделдеді. Жанар-жағар майдың тұтыну бағасының жылдық өсуі 22,3% (айлық өсу – 4,3%) болды: бензин құны 18,4%-ға (2,4%), дизель отыны – 46,6%-ға (14,6%) өсті. Отынның қымбаттауы өндірушілер бағасының өсуі жағдайында орын алып отыр.
Ақылы қызметтер бағасының жылдық өсу қарқыны 2021 жылғы қарашада 6,4% - ға дейін баяулады. Бұл коммуналдық реттелетін қызметтер, қоғамдық тамақтану қызметтері, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары бағасы өсуінің баяулауына байланысты. Сонымен қатар тұрғын үйді жалға алу тарифтерінің өсуі жеделдеді.
Ұлттық Банктің бағалауы бойынша, соңғы айларда маусымдық тазартылған аннуализацияланған тұтыну бағаларының өсімі 2021 жылғы қарашада 5,6% болып (қазанда – 7,1%), маусымдағы ең жоғары деңгейден баяулауды көрсетуде. Аннуализацияланған базалық инфляцияны айлық бағалау инфляциялық процестердің 4-6%-дық нысаналы дәліз шегінде қатарынан екінші ай қалыптасуын білдіреді. Орнықты құрамдас бөліктер серпіні 2021 жылғы желтоқсанда және 2022 жылы нысаналы дәліз шегінде қалай тұрақтанатыны маңызды. Осы орайда тұрақсыз және жоғары инфляциялық күтулер кезінде осы серпіннің тұрақтылығына қатысты жоғары белгісіздік бар.
Халықтың инфляциялық күтулері бағаларға қосымша қысым көрсете отырып, артты. Инфляцияны бір жыл бұрын сандық бағалау 2021 жылғы қарашада 10,8%-ға жетті. Респонденттердің 35%-ы келесі 12 айда бағаның өсуі жеделдеуін күтуде, бұл бақылау кезіндегі ең жоғары мән болды. Соңғы айларда инфляцияны бақылау да жоғары деңгейде сақталуда.
Экономикалық белсенділік серпіні жедел қарқынмен қалпына келе отырып, алдыңғы болжамды раундтың оптимистік сценарийіне сәйкес қалыптасуда. Бұл шикізат нарықтарындағы жоғары әлемдік бағалар мен карантин шектеулерін жеңілдету аясында орын алуда. Қазақстанда осы кезеңде мұнай бағасы бір баррель үшін 69,3 АҚШ доллары болған кезде 2021 жылғы қаңтар-қазанда ІЖӨ-нің өсімі 3,5% болды. Тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және мемлекеттік сектор оң үлес қосты. 2021 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өндірістің қысқарғанын көрсеткен ауыл шаруашылығы экономиканың өсуіне тежеуші әсер етуде. Дәнді дақылдардың жалпы түсімінің төмендеуі бұл серпіннің негізгі себебі болды.
Үй шаруашылықтарының нақты сұранысын қалпына келтіру процесі экономикалық белсенділікке қолдау көрсетеді. 2021 жылғы екінші тоқсанда азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерге кейінге қалдырылған сұранысты іске асыру жағдайында үй шаруашылықтарын тұтыну 8,1%-ға өсті. Сұраныс қатаң карантиндік шаралармен шектеліп, құлдырау шамамен 16% болған 2020 жылғы екінші тоқсандағы статистикалық базаның әсері халық сұранысының осындай өсуінің қосымша факторы болып табылады. Бөлшек тауар айналымының ағымдағы кеңеюі (2021 жылғы 10 айда 6,1%) және халықтың нақты кірістерінің артуы (2021 жылғы үшінші тоқсанда 5,8%) сұраныстың жалғасып отырған оң серпінінің индикаторы болып отыр. Бұл ретте 2021 жылғы шілденің аяғында және қыркүйектің басында байқалған COVID-19 таралуының ара-тұра өршуі сұраныстың толыққанды қалпына келуін шектеуді жалғастыруда.
Әлемдік мұнай нарығында бағаның ұзақ уақыт өсуінен кейін белгілі бір түзету байқалады. Коронавирустың жаңа штаммының таралуына байланысты қарашаның аяғы мен желтоқсанның басында бағалар бір баррель үшін 65-66 АҚШ долларына дейін төмендеді. Нарықтағы құбылмалылықтың өсуіне әсер ететін қандай да бір оқиғалардың пайда болуына қарамастан, тәуекелдер балансы нашарлау жағына ауысқан жоқ. ОПЕК+ биылғы жылғы 2 желтоқсанда өткен отырысында өндіруді тәулігіне 400 мың баррельге жоспарлы түрде ұлғайтуды көздейтін мәміленің ағымдағы өлшемдерін сақтау туралы шешім қабылдады.
EIA бағалауы бойынша, мұнайға әлемдік сұраныс 2022 жылдың ортасына дейін күшті болып қалады. Мұнай ұсынысы барынша қалыпты қарқынмен өсетін болады. Нарықта мұнай тапшылығы басым болмақ. 2022 жылдың екінші жартысынан бастап ОПЕК+ тарапынан қысқартулар көлемінің төмендеуіне және ОПЕК-тен тыс елдердің мұнай өндіруінің артуына байланысты мұнай ұсынысының өсуі сұраныстың өсуінен аса бастайды. Дегенмен халықаралық ұйымдардың бағалауы бойынша, жалпы алғанда, мұнай нарығы оң серпінмен сипатталады. Бұл негізінен әлемдік экономиканың ковидтан кейінгі қайта қалпына келуіне қарай өсу қарқынының қалыпқа келуіне байланысты болады. Сауд Арабиясы Азия мен АҚШ-қа 2022 жылғы қаңтардағы мұнай жеткізудің сату бағасын көтерді, бұл коронавирустың жаңа штаммының таралуына қарамастан, әлемдегі ең ірі мұнай өндірушісінің мұнай нарығындағы сұраныстың жоғары болуына сенімділігін білдіреді.
Ағымдағы жағдайды және халықаралық ұйымдардың болжамдарын ескере отырып, экономиканы дамытудың базалық сценарийі бір баррель үшін 60 АҚШ долларынан 70 АҚШ долларына дейін, оптимистік сценарий – бір баррель үшін 80 АҚШ долларына дейін, пессимистік сценарий – бір баррель үшін 60 АҚШ долларына дейін көтерілді.
Жаңартылған базалық сценарийге сәйкес Қазақстанның ІЖӨ-нің күтілетін өсуі 2021 жылдың соңына қарай 3,7-4,0% деңгейінде сақталады. Негізгі салым ішкі сұраныс пен экспорт тарапынан күтіледі. Үй шаруашылықтарын тұтыну халықтың өсіп келе жатқан кірісі және тұтынушылық кредиттерді берудің өсу қарқыны жағдайында одан әрі қалпына келтіруді жалғастырады. Жалпы жинақтаудың өсуі экономиканың негізгі секторларындағы кәсіпорындар инвестицияларының өсуімен байланысты болады. Тұрғын үй құрылысына инвестициялар қосымша қолдау көрсетеді. Бұл ретте ішкі сұраныстың өсуі аясында импорт ІЖӨ-нің барынша жылдам өсуін тежейтін болады. ОПЕК+ мұнайды тәулік бойы өндіру жөніндегі шектеулерінің біртіндеп әлсіреуі, сондай-ақ сауда әріптестері болып саналатын елдердегі экономикалық белсенділіктің өсуі жағдайларында экспортты қалпына келтіру серпіні байқалатын болады. Мемлекеттің еңбекақы төлеуге және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған шығыстарының баяулауына байланысты мемлекеттік басқару органдарының тұтынуы тарапынан теріс салым байқалатын болады.
2022 жылы ІЖӨ-нің өсу қарқыны шамалы төмендеу жағына қайта қаралды және 3,9-4,2% деңгейінде күтілуде. Қайта қарау Қазақстанның сауда әріптес елдерінде экономикалық белсенділіктің қалыпты өсуіне және жаһандық және жергілікті жеткізу тізбектеріндегі іркілістердің Қазақстан экономикасына барынша теріс әсеріне байланысты. Экономикалық өсуге эпидемиологиялық ахуалды біртіндеп жақсарту және 2021 жылмен салыстырғанда энергия ресурстарын өндіру көлемін ұлғайту ықпал ететін болады.
Алдыңғы болжамды раундпен салыстырғанда шығарылым алшақтығының бағыты төмендеу жағына қарай қайта қаралды. Бұл жиынтық сұраныс компоненттерінің өсуі бойынша неғұрлым төмен бағаларға және жалпы экономикалық белсенділікке байланысты. Орта мерзімді кезеңде шығарылымның алшақтығы нөлге жақын белгілерде болады.
Баға өсімінің ағымдағы серпінін ескере отырып, Ұлттық Банк инфляцияның 2021 жылдың қорытындылары бойынша 8,5-8,7% шегінде қалыптасатынын күтуде. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар Инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенін одан әрі тиімді іске асырған кезде инфляция болжамды диапазонның төменгі шегіне жақын қалыптасады.
Қысқа мерзімді кезең аясында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер инфляциясының болжалды жеделдеуі азық-түлік өнімдері бағасының өсу қарқынының одан әрі баяулауымен реттелді. Ақылы қызметтер құнының қалыпты өсуі болжанады, ол тұрғын үй-коммуналдық реттелетін қызметтер нарығында ағымдағы баға белгілеудің сақталуына негізделетін болады. Сыртқы инфляциялық ортаның сақталуы, азық-түлікке жатпайтын нарықтардағы инфляциялық процестердің қарқын алуы, тұтыну белсенділігінің қалпына келуі, жоғары инфляциялық күтулер және тауарлар мен қызметтердің өзіндік құнының өсуі арқылы ЖЖМ бағасы өсуінің жанама әсері бағаларға қатты қысым көрсетеді. Көмір бағасының да күтілетін өсуі аясында электр энергиясы тарифтерінің бұдан былайғы өсу тәуекелі бар. 2022 жылғы бірінші тоқсанда инфляцияның ең жоғары шегі күтіледі, содан кейін оның біртіндеп бәсеңдейтіні байқалады.
Орта мерзімді кезең аясында алдыңғы бағалаулармен салыстырғанда барынша жоғары сыртқы инфляциялық ая күтіледі. Бұл Қазақстанның сауда әріптестеріне жататын елдерде инфляцияны көтеру жағына қарай қайта қарауға және сыртқы азық-түлік бағаларының неғұрлым жоғары серпініне байланысты орын алып отыр. Шығарылым алшақтығының барынша қалыпты бағыты инфляцияның орта мерзімді серпініне сыртқы факторлардың әсерін өтейді.
2022 жылы Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін іске асыру жалғастырылатынын ескере отырып, инфляцияның 6,0-6,5%-ға дейін біртіндеп баяулауы күтілуде. Инфляцияның төмендеуін 2021 жылы қалыптасқан жоғары база ұстап тұрады. Сонымен бірге, тауарлар мен қызметтердің жекелеген нарықтарындағы теңгерімсіздікке, жаһандық және жергілікті жеткізілім тізбегінің топтап қалуына және жоғары инфляциялық күтулердің сақталуына байланысты проинфляциялық тәуекелдерді іске асыру 2022 жылғы инфляцияның болжамды мәнінен жоғары қалыптасуына алып келуі мүмкін.
Ұлттық Банк келесі шешімін инфляциялық күтулердің серпінін, инфляцияның орнықты құрамдас бөліктерін, сондай-ақ эпидемиологиялық ахуалдың сыртқы және ішкі сұранысқа әсерін ескере отырып қабылдайды. Күтулердің, инфляцияның және оның орнықты құрамдас бөліктерінің тұрақсыз баяулауы кезінде Ұлттық Банк монетарлық талаптарды барынша күшейтуді жалғастырады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2022 жылғы 24 қаңтарда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 15:00-де жарияланатын болады.