Мамин РФ Үкіметінің төрағасы Мишустинмен келіссөз жүргізді

Жұмыс сапары Сурет: primeminister.kz
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Мәскеу қаласына жұмыс сапары аясында РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен, сондай-ақ Ресейдің мемлекеттік компаниялары мен қаржы-банк құрылымдарының басшылығымен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz

РФ Үкіметінің үйлестіру орталығында Мамин мен Мишустин сауда-экономика, қаржы-инвестиция, транзиттік-көлік, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ химиясы, энергетика, ғарыш салаларындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын одан әрі арттырудың перспективаларын, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация шеңберіндегі жобаларды талқылады, делінген ҚР Үкімет басшысының сайтында.

Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері, сондай-ақ COVID-19 таралуына қарсы күрес және ҚР мен РФ экономикалары үшін пандемия салдарын жою жөніндегі бірлескен шаралар қаралды.

Үкімет

Сурет: primeminister.kz

Мамин екі елдің ұлттық экономикаларын белсенді қалпына келтіру аясында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық қатынастар мен инвестициялық ынтымақтастықтың дамуының жоғары динамикасын атап өтті.

Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша ҚР мен РФ арасындағы сауда көлемі 30%-ға артып, 19,5 млрд долларға жетті. Бұл ретте сауда құрылымын әртараптандыруда ілгерілеушілік байқалады – Қазақстанның экспорт көлемі 39,4%-ға, оның ішінде өңделген өнімде 47,7%-ға өсті. Экспорт құрылымында мұнай-химия саласының (+18,6%), машина жасау (+21,9%), химия (+33,1%) және жеңіл (+27,1%) өнеркәсіп өнімі ұлғайды.

Пандемияға дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда сауда көлемі 21%-дан астамға өсті. 2021 жылдың бірінші жартысында РФ-ның ҚР экономикасына тікелей инвестицияларының көлемі 17%-ға артып, 704,9 млн долларды құрады.

Өнеркәсіптік кооперация саласында машина жасау, металлургия, химия өнеркәсібі және т.б. салаларда 1,8 млрд доллар сомасына 9 бірлескен ірі жоба іске асырылып жатыр. 2,8 млрд доллар сомасына 9 жоба пысықтау сатысында тұр.

Биылғы 11 айда Қазақстан мен Ресей арқылы Орталық Азия, Еуропа, Қиыр Шығыс бағыттарында 733,2 мың ЖФЭ тасымалданды, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 30,7%-ға артық.

Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы транзиттік контейнерлік тасымалдар көлемі 602,2 мың ЖФЭ (+31%) құрады. Екі елдің қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы ынтымақтастығы қаралды.

Қазақстан-Ресей

Сурет: primeminister.kz

ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев пен РФ табиғи ресурстар және экология министрі Александр Козловтың баяндамалары тыңдалды. Жайық және Ертіс трансшекаралық өзендері бассейндерінің экожүйелерін сақтау жөніндегі бағдарламалар аясында жұмысты синхрондау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік маршрутында мотор отыны ретінде табиғи газды пайдаланудың өндірістік-өткізу инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, аталған көлік дәлізі мен «Меридиан» автомобиль жолының автожол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі 2021-2030 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттерін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданды.

«QazTrade» АҚ» экспортты ілгерілету жөніндегі қазақстандық оператор «Ресей экспорттық орталығы» АҚ-мен және Ozon маркетплейсімен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасты.

Инвестиция

Сурет: primeminister.kz

Мамин жұмыс сапары аясында «Сколково» қорының төрағасы Аркадий Дворковичпен, «Сбербанк» ЖАҚ басқарма төрағасы Герман Грефпен, «РТЖ» ААҚ басқарма төрағасы Олег Белозеровпен екі елдің цифрлық, қаржы-банк және теміржол салаларындағы өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін талқылады. Ресей тікелей инвестициялар қорының бас директоры Кирилл Дмитриевпен кездесуде инвестициялық ынтымақтастықтың және өңдеу өнеркәсібіндегі (фармацевтика, машина жасау, металл өңдеу, химия өнеркәсібі және т. б.) бірлескен жобаларды іске асырудың жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ екіжақты форматта және ЕАЭО шеңберінде сауданы кеңейту мәселелері қаралды. «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозинмен кездесуде ғарыш саласындағы ынтымақтастық жобалары талқыланды.

Жұмыс сапарына Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы – АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, ҚР-ның РФ-дағы елшісі Ермек Көшербаев, сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев және т.б. қатысты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
?
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз