Кеше мен бүгін. ХҚО қазақстандықтардың өмірін түбегейлі өзгертті

ХҚО Сурет: ХҚО
Біз енді өмірімізді цифрландырусыз және жаңа технологияларсыз елестете алмаймыз. Қазір заманауи адамның бүкіл өмірі смартфонда шоғырланған, оның көмегімен сіз ең маңызды мәселелерді үйден шықпай-ақ шеше аласыз.

Ал Қазақстанда ХҚО-лар пайда болып, 2016 жылы құрылған «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы біздің күнделікті тұрмыстағы барлық мемлекеттік қызметтерді ұсыну бойынша бірыңғай провайдерге айналған соң «паспорт үстелі», «үй кітапшасы», «мемлекеттік автоинспекция» және басқа да көптеген ұйымның атаулары жоғалып кетті. Біз ХҚО-ға дейін қалай өмір сүргенімізді ұмытып та қалдық. Сондықтан бүгін мемлекеттік қызметтерді алу процесі бұрын қандай болғанын және қазір қалай екенін еске салмақпыз.

 

Паспорт немесе жеке куәлік алу

Кеше: Бұрын паспорт пен жеке куәлікті берумен көші-қон полициясының бөлімшесі – паспорт үстелі айналысқан. Егер ол жерде танысыңыз болмаса, құжат алуға өтініш беру оңайлыққа соқпайтын. Біріншіден, ұзын-сонар кезек. Ең сұранысқа ие қызметтердің бірі болғандықтан сіз кезекте бірнеше сағат бойы тұруыңыз мүмкін еді. Сонымен қатар бұл қызметті алу үшін адам тек тіркелген жері бойынша орналасқан паспорт үстеліне жүгіне алатын. Құжаттарды дайындаудың екі айға созылуының өзі бұл салада жемқорлықты көбейтті. Себебі құжатыңызды жылдам жасату үшін міндетті түрде біреуге «сыйлық» беру керек еді.

Бүгін: Енді паспортты 1 жұмыс күні ішінде жасауға болады. Жедел алу керек болса, клиент қазір ресми түрде бекітілген көлемде қосымша ақы төлейді. Ал асықпасаңыз, құжатыңыз 15 жұмыс күні ішінде қолыңызда болады. Бұрынғыдай ұзын-сонар кезек жоқ – алдын ала өзіңізге ыңғайлы уақытты жоспарлап, кезекке тапсырыс беруге болады. Тұрғылықты мекенжайыңыз да маңызды емес, бұл қызметті алу үшін сіз кез келген ХҚО-ға жүгіне аласыз.

Тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелу

Кеше: Паспорт үстеліндегі кезек адамдардың шыдамдылығы сыналатын жер болды. Құжаттандырудан бөлек, бұл жерде тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу қызметі де көрсетілетін. Кезекте тұрғандардың ұрысы кейде төбелеске жалғасып кететін кездер де аз емес еді. Ал паспорт үстелінің қызметкерлерінің өз таныстарын кезексіз жіберуі қалыпты жағдайға айналған.

Жаңа жерге тіркелу үшін сізге қағаз құжаттардың толық пакетін ұсыну қажет болды. Олар: жеке куәлік, бұрынғы тұрғылықты жерінен шығу парағы, мекенжай анықтамасы, әскери билет, мемлекеттік баж салығын төлегені туралы түбіртек, үй иесінің жазбаша келісімі және оның жеке қатысуы. Ары қарай келу парағын толтырып, барлық деректер үй кітабына енгізілетін.

Бүгін: Енді адамды үйден шықпай-ақ Egov порталы арқылы тіркеуге немесе тіркеуден шығаруға болады. Құжаттарды жинап әуре болудың қажеті жоқ, үй иесі мен тіркелушінің ЭЦҚ-сы болса жеткілікті. Ал егер қандай да бір себептермен порталға кіру мүмкіндігіңіз болмаса, онда ХҚО-ға жүгіну қажет. Бүкіл процедура бірнеше минутты алады.

Жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтама

Кеше: Бұрын «БТИ» (Техникалық инвентаризация бюросы) сөзі көптеген адамдарда үрей тудыратын. Себебі жылжымайтын мүлік бойынша анықтама алу үшін дәл осы БТИ-ге жүгіну керек еді. Ал бұл мекеменің алдындағы кезекте адамдар таңғы 5-тен кеш қарайғанша тұратын. Қызметті тез және кедергісіз алғыңыз келсе 100 доллар төлеу керек. Осыдан-ақ бұл мекемеде сыбайлас жемқорлықтың ушыққанын көруге болады.

Бүгін: Қазір жылжымайтын мүлік бойынша барлық анықтамаларды беру қызметі толығымен автоматтандырылған. Ақпарат әртүрлі мәліметтер базасынан алынады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтты. Ұзын-сонар кезектер де келмеске кетті.

 

Біз жоғары сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірнешеуін ғана мысалға алып отырмыз. Мемлекеттік қызметтердің ХҚО арқылы көрсетілуі қазақстандықтар үшін өте қолайлы болды. Ал қазір олардың барлығын уақытыңызды үнемдей отырып, онлайн режимінде алуға болады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз