Мәскеу соты Томирис Байсафаның өліміне қатысты істі қайта қарайтын болды
РИА Новости хабарлағандай, сот отырысы 19 қаңтарға жоспарланған.
2021 жылдың 7 маусымында алқабилер Меджидовты кінәлі емес деп таныды, бірақ Мәскеу қалалық соты оның күшін жойып, істі қайта қарауға жіберді.
2018 жылдың 13 сәуірінде қазақстандық Томирис Байсафа ММШХҚ-ның төртінші қабатының терезесінен құлап кетті. Қыз Мәскеудегі универсиеттің Халықаралық экономикалық қатынастар кафедрасының 4-курсында оқып жүрген. Дәрігерлер қызға бірнеше ота жасады, бірақ үш аптадан кейін ол ауруханада қайтыс болды. Ресейдің Тергеу комитеті "Өзін-өзі өлтіру" бабы бойынша тергеуді бастады. Кейінірек бұл іс "Кісі өлтіру" бабы бойынша қайта бағаланды.
Екі жылдан кейін 2020 жылдың 28 шілдесінде бұл іске қатысты Мәскеуде Дағыстанның бұрынғы премьер-министрінің ұлы Мұртазәлі Меджидов ұсталды. Тергеу мәліметтері бойынша, Меджидов қызды ұрып, терезеден итеріп жіберген.
Мұртазәлі Меджидов тергеудің бастапқы кезеңінде сұрақ-жауапқа алынды. Трагедия орын алған күні оны Томириспен бір аудиторияда болғанын көргендер бар. Жігіт пен қыздың ұрсысқаны да айтылады. Бірақ оған қарсы дәлелдердің болмауына байланысты "Өзін-өзі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.