Қазақстанда мемлекеттік хатшының өкілеттігі өзгерді
Бұрынғы қызметтерінен бөлек енді мемлекеттік хатшыға мынандай міндеттер жүктеледі:
мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша саяси партиялармен қарым-қатынаста президенттің мүддесін көздейді;
саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің және Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін үйлестіреді;
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының қызметін қадағалайды;
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау бойынша жұмысты үйлестіреді.
Сонымен қатар мемлекеттік хатшы мына қызметтерді атқарады:
1) Қазақстан Республикасының президентіне ішкі саясат саласындағы стратегиялық ұсыныстарды әзірлейді;
2) мемлекет басшысының атынан мемлекет басшысының мүддесін қорғайды:
Қазақстан Республикасының парламентімен және оның палаталарымен, өзге де мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынаста;
халықаралық қатынастарда;
3) мына қызметтерді үйлестіреді:
әлеуметтік-гуманитарлық сала мәселелері бойынша жұмыстарды: білім, ғылым, мәдениет және спорт;
Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жұмысын;
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиялардың, Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссиялардың, Азаматтық комиссиялардың жұмысын;
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Мемлекеттік Бейбітшілік және прогресс сыйлығын беру жөніндегі комиссияның жұмысын;
Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия жұмысын;
Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия жұмысын;
Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссия жұмысын;
Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия жұмысын;
Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия жұмысын;
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысын;
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі және жастар саясаты жөніндегі кеңес жұмысын.
4) қоғамдық даму саласындағы мемлекеттік талдау құрылымдарының жұмысын үйлестіреді;
5) Қазақстан Республикасы президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енеді.
Еске салайық, 2022 жылғы 5 қаңтарда Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.