Жаңалықтар тізбегі
0

Қасым-Жомарт Тоқаевты Қытай қалай қарсы алды

Қысқы олимпиада, Қазақстан, Қытай, Бейжің олимпиадасы, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.02.2022 11:31 Сурет: Ақорда
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен президент Қасым-Жомарт Тоқаев XXIV Қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Бейжіңге жұмыс сапарымен барып келді, деп хабарлайды Zakon.kz

Мемлекет басшысының Қытайға сапары туралы «Егемен Қазақстан» басылымында президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің мақаласы жарияланды.

Қазақстан көшбасшысы Қытай аста­на­­сына 3 ақпан күні ұшып келді. Мем­лекет басшысын әуежайдан ҚХР Үкі­ме­ті­нің Еуразия істері жөніндегі арнаулы өкілі Ли Хуэй күтіп алды. Айтпақшы, Қы­тайдың осы жоғары лауазымды дипломаты өткен Жаңа жыл қарсаңында – 30 желтоқсанда Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған. Сол кезде ол Қысқы Олимпиаданың ашылу рәсіміне Қытай төрағасының шақыруын табыстады. Президенттің айтуынша, олар бір-бірін шамамен 40 жылдан бері біледі. Екі құрдас өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында Бейжіңде өте жақын араласқан.

Берік Уәлидің жазуынша, Қазақстан делегациясы Бейжіңнің батыс бөлігінде орналасқан «Дяоюйтай» мем­лекеттік резиденциясына орналасқан. Бұл резиденцияның 800 жылдан астам тарихы бар. Бұрын бұл тарихи әрі көрікті жер Қытай императорларының демалысы үшін арнап салынған сарай болған. Цзинь әулетінің билігі кезінде император Чжанцзун мұнда балық аулайтын плат­форма салдырған. Резиденция атауы қытай тілінен аударғанда «балық аулауға ар­налған террасса» дегенді білдіреді. Содан бері резиденцияға «императорша балық аулау» атауы бекіп қалған.

Осы ретте бір нәрсені айта кеткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек «Дяоюйтай» резиденциясында ауқымды іс-шара күндері Ресей президенті Вла­димир Путин мен Пәкістан премьер-министрі Имран Хан ғана тоқтады, ал өзге делегациялар қонақүйлерге орналастырылды. Әрине, бұл Қытай тарапының Қа­зақстан басшысына, жалпы біздің елге деген ерекше құрметін, айрықша көз­қарасын білдіреді.

Бүкіл әлемде өршіп тұрған корона­вирус­тың жаңа «Омикрон» штамы жағдайында Қытай билігі бұрын-соңды бол­маған шектеу шараларын енгізді. Берік Уәлидің айтуынша, бұл хат­тамалық шараларға да әсерін тигізбей қоймаған. Мысалы, белгіленген тәртіпке сәй­кес президенттің шетелдік сапарларын дайындау кезінде Мемлекеттік күзет қызметінің, Президенттің баспасөз қызметі мен Протоколының, сондай-ақ Президенттің Іс басқармасының бірнеше қызметкерінен тұратын алдын ала баратын топ құрылады. Сол алдын ала баратын топ мемлекет басшысының Бейжіңге баруына бір жарым күн қалғанда жетті.

Осындай қысқа мерзімге қарамастан, аталған жұмыс тобы ҚХР СІМ жауапты қызметкерлерімен, күзет қызметімен бір­лесе отырып, сапардың барлық хаттамалық мәселесін толығымен шеше алды. Біздің делегацияға қытайлық ұйымдастырушылар тарапынан ерекше қонақжайлылық көрсетілді.

Қысқы Олимпия ойындарының ашылу салтанаты «Құс ұясы» деп аталатын ұлттық стадионда өтті. Бейжің – қысқы және жазғы Олимпиада ойындарын өткізген жалғыз қала. Дәл осы стадионда 2008 жылдың тамыз айында Жазғы олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өткен болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев VIP қонақтарға арналған мінберден қазақстандық олим­пиадашыларға қол бұлғап, қолдау көрсет­ті. Президенттің жеке фотографы түсірген суреттердің бірінен спортшыларымыз шық­қан сәтте Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен оның деле­гациясы біздің мемлекет басшысына ерек­ше құрметпен қарағанын көруге болады. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев те ілтипат білдірді.

Бұл ілтипатты Берік Уәли басқа командалармен салыс­тырғанда біздің ұлттық құрамадағы спорт­шылардың әлдеқайда көп болуымен байналыстырады.

Келесі күні, яғни 5 ақпанда Халық жи­налысы үйінде Қазақстан президенті Қытай Халық Республикасының төраға­сы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.

Бұл – мемлекеттер басшыларының үшінші бетпе-бет кездесуі. Бұған дейін олар 2019 жылы қыркүйекте Бейжіңде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары кезінде кездескен еді.

Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаев­қа ерекше ілтипат білдіре отырып, құр­мет­пен қарсы алды. Бұны екі елдің көш­басшылары арасындағы келіссөздің маз­мұнынан да, одан кейін бірге суретке түсіп, аудармашысыз сөйлесіп тұрған­дарынан да байқауға болады.

«Мемлекет басшылары екі ел­дің­ жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығара­тын нә­тижелі келіссөз жүргізді», – деп жазыпты Берік Уәли.

Қытай төрағасы атап өткендей, бұл кездесу мемлекеттер арасындағы алдағы 30 жылдағы алтын дәуіріне жол ашты. Достық әрі өзара түсіністікке негізделген кездесу со­ңында Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзинь­пинді елімізге мемлекеттік сапармен ке­луге шақырды. Қытай басшысы осы жыл­дың қыркүйек айында қазақ халқының қонақ­жайлылығына куә болады деген үміттемін.

Қазақстан Президентінің жұмыс сапары ҚХР төрағасының Олимпиаданың ашылу салтанатына келген делегация­лар басшыларына арналған ресми қабылдауымен аяқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы қабылдау барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, ДДСҰ Бас директорымен, сондай-ақ Польша, Сингапур, Қатар, Пәкістан және Орталық Азия елдерінің басшыларымен әңгімелесті. Олар Мемлекет басшысының «қасіретті қаңтар» кезінде жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдаған шешімдеріне қолдау білдірді.

Қабылдау аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайға бет алып, Қазақстанға ұшып кетті. 5 сағаттық жолда президент Бейжің сапарынан алған әсерімен бөлісті. Мемлекет басшысы биылғы алғашқы шетелге жасалған сапарына көңілі толатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытай тілін жетік меңгерген әлемдегі санаулы көшбасшылардың бірі екені жалпыға мәлім. Кезінде президент осы елде оқып, жұмыс істеген. Қытайдың мың­жыл­дық бай тарихы мен мәдениетін зерттеген.

Мемлекет басшысының CCTV телеарнасына 2019 жылы берген сұхбаты­нан кейін журналиске естелік жазба қал­дырғаны қытай халқының әлі күнге дейін есінде екеніне сенімдімін. Си Цзинь­пин Бүкілқытайлық халық жи­на­лысының зәулім ғимаратында өткен келіс­сөздердің басында Қасым-Жомарт То­қаев­ты «қытай халқының досы» деп атады.

Президент бүгінде Қытайды даму­дың барлық көрсеткіші бойынша әлемдік көшбасшылар тобына лайықты түрде қосылды деп есептейді. Қытай экономикасының әлемде екінші орын­да тұрғаны ешкімге құпия емес, сарап­шы­лардың болжамы бойынша 10 жыл­дан кейін бірінші орынға шығуы тиіс.

Қы­тай сияқты елмен көрші болу мем­лекетіміз үшін артықшылық деп ойлай­мын. Қазақстан мен Қытайдың мем­лекеттік шекарасының ұзындығы – 1782 шақырым. Бірқатар мемлекет Бейжің олимпиадасына бойкот жариялап жатқан кезде достас елді қолдамау және оның ашылу рәсіміне қатыспау дұрыс болмас еді. Президент оң шешім қабылдады.
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: