Жаңалықтар тізбегі
0

Алматы Орталық мешіті туралы не білеміз

Алматы орталық мешіті, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.04.2022 12:34 Сурет: Zakon.kz
Мегаполистегі мұсылмандар барып жүрген мешіттердің орнында бұрын қандай ғимарат болды? Ірі қаладағы мешіттер бір-бірінен қалай ерекшеленеді? Zakon.kz қасиетті Рамазан айында Алматыдағы жамағат көп жиналатын мешіттер туралы деректер ұсынады. Бүгін Алматы Орталық мешіті жайында айтамыз.

Алматы Орталық мешіті неліктен «шала қазақ мешіті» аталған?

Кеңес үкіметі алғаш орнаған жылдары Алматыда 12 мешіт болған. Тарихи деректерде олар Шала қазақ мешіті, Татар мешіті, Ұйғыр мешіті, Дүнген мешіті және тағы басқаша аталған. Осыған қарап олардың әрбірі түрлі этникалық топтардың қаражат-күшімен салынғанын байқауға болады.

Мегаполистегі көне, ең үлкен әрі тарихи жәдігер саналатын құлшылық орны – Алматы Орталық мешіті. Бұл ғимарат республикадағы сәулетті зәулім мешіттер қатарына кіреді. Мешіттің тарихы тереңде жатыр. Қазіргі ғимараттың орнында бұрын Верныйдағы ең алғашқы мешіттердің бірі болып саналатын шырша ағашынан салынған мешіт болған. Оның көлемі шамамен 100 шаршы метрге жеткен. Атап өту керек, нақты қай жылы салынғандығы туралы әлі күнге дейін дерек жоқ. Бұл ғибадат орнын кезінде «Шала қазақ мешіті» деп атаған.

Мешіт неліктен «шала қазақ» аталғанын 1914 жылы 14 ақпандағы «Қазақ» газетінің №50 санында Нұраддин Моллағазиннің «Шала қазақ» деген мақаласынан білуге болады. Мақалада бұрынғы Верный қаласында тұрған қазақтар туралы әңгімелейді. Түбі қазақ болғанымен арасында ноғай, сарт, қашқарлық, тараншылармен қыз алысқандары да бар халықты «шала қазақ» деген екен. Осы халықтың құлшылық жасайтын мешіті де солай аталып кеткен.

Алматы ескі мешіті, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.04.2022 12:34

Алматы ескі мешіті, 1948 жыл. Сурет: azan.kz

Шала қазақ мешіті 1930 жылы Алматы қаласы кеңесі президиумының шешімімен жабылады. Одан соң әртүрлі мақсатта, мысалы, №175 жұмысшылар заводының жатақханасы, емдік-өндіріс комбинатының эвакуация госпиталі, емдік-өндіріс комбинатының конторы ретінде пайдаланылған.

Мешіттің қайта ашылу тарихы

Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Шамшәдин Керімнің «Алматы мешіті қалай қайтарылды?» мақаласындағы дерекке сүйенсек, 1943 жылы Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып, бірең-саран мешіттерді қайтара бастады. Діни істерді тікелей қадағалау 1944 жылы дүниеге келген КСРО Халық Комиссарлары кеңесі жанындағы Діни культтер істері кеңесінің құзіретінде еді. Белгіленген тәртіпке сай жергілікті билік мешітті қайтаруға қатысты жамағаттың әр өтінішін қатаң саралап, ұсынысты Кремльге жіберіп, жоғары жақтың құптауымен ғана іске асырды. Алайда басқа мекемелерге пайдалануға берілген мешіттерді қайта босату оңайға соқпады.

Алматы орталық мешіті, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.04.2022 12:34

Сурет: Zakon.kz

1943 жылдың қарашасында Алматы мұсылман қауымы Қалалық кеңестен осы Пушкин көшесі, 28-үйдегі бұрынғы мешітті қайтарып беруді өтінеді. Көп ұзамай Қалалық кеңес тарапынан аталған ғимаратты діндарға мешіт етіп қайтаруға шешім қабылданып, үкіметтің келісімі берілсе де, қайтарылуы туралы шешім орындалмай, іс созылады. 1945 жылы Алматы жамағаты шарасыздықтан КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Төрағасы М.И.Калининге шағымдануға мәжбүр болады. М.И.Калининге хат сауатты, дәлелді, жинақы жазылған. Хатты жазғандар сол кездегі ең жоғары құжат – Конституция бабына сүйенген.

Алматы орталық мешіті, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.04.2022 12:34

Сурет: Zakon.kz

Хаттан үзінді:

Алматы қаласында бұрын 12 мешіт болған, бұлардың бәрі діндар мұсылмандардың қарамағынан тартып алынған. Қаз КСР Халық Комиссарлары кеңесінің (Совнарком) қаулысымен аталған мешіттердің біреуі босатылуы тиіс және Діни басқарма қарамағына ғибадат жасауға қайтарылуы керек. Осыған қарамастан үкіметтік жергілікті ұйымдар әлі күнге көрсетілген мешітті бермей отыр, сол себепті діндар мұсылмандар намазын жеке үйдің ауласында оқып келеді. Ұлы мереке Ораза айт намазы да көшеде оқылды. Бұл Отан соғысы күндері герман фашизмі мен жапон милитаризмін жеңіп шығуға ұйымдасқан әрі жүйелі түрде үлкен материалдық көмек жасаған көптеген мұсылман діндарлары тарапынан реніш тудырды. Енді мұсылмандар екінші ұлы мерекесін салтанатты түрде өткізгісі келеді, сол үшін өкілдер Сізге Алматы қалалық кеңесіне бір мешітті босатып беруді міндеттеуіңді өтінеміз. Біз Сізден КСРО Конституциясына негізделген талабымызды қанағаттандыруды және Өзіңіздің қолданған шараны мына мекен-жайға хабарлауыңызды сұраймыз.

Алматы қаласы, Гоголь көшесі, Үсенов Садыққа. 20.ІХ.45 ж. Алматы қаласы мұсылмандарының тапсырмасы бойынша»

Алматы орталық мешіті, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.04.2022 12:34

Сурет: Zakon.kz

Шамшәдин Керімнің зерттеуінше, 1945 жылдың 20 қарашасында КСРО Халық Комиссарлары кеңесі жанындағы Діни культтер істері Кеңесінің төрағасы И.Полянский Қаз КСР Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновқа хат жазып, Алматы қаласындағы Пушкин көшесі №28 үйдегі мешіттің әлі ашылмай отырғанын айтып, тағы да өтініш білдіреді.

1945 жылдың 22 қарашасында КСРО Діни культтер істері кеңесінің Қазақстан бойынша өкілі Н.Сабитов Республика басшылары Н.Оңдасынов пен Ж.Шаяхметовке ресми хат жазып, мұсылмандардың қос айт және жұма намаздарын ашық аспан астында оқуы діни культтер қағидасына қайшы келетінін айтып, осы мәселенің оң шешілуіне жәрдемдесуін сұрайды.

Алматы орталық мешіті, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.04.2022 12:34

Сурет: Zakon.kz

1945 жылдың 17 желтоқсанында республика астанасының жамағаты Қаз КСР Халық Комиссарлар кеңесінің Н.Оңдасыновқа хат жазып, мешітті қайтарып беруді тағы да өтінеді.

Алматы Орталық мешітінің қайта салынуы

Ұзақ уақыт болған арпалыс арқасында қайтарылған ескі ғимарат Кеңес дәуірінде Алматыдағы жалғыз мешіт ретінде жұмыс істеп тұрды. Сол кезден бұл жер «Орталық мешіт» аталып кетті. Ескі «Шала қазақ мешітінің ғимараты 1993 жылы қазіргі Алматы Орталық мешітінің құрылысына байланысты бұзылды. Құрылысты Алматы әкімдігі қаржыландырған. Алайда ғимарат құрылысы қаражатқа байланысты созылып 1999 жылы аяқталды. Жобаның сәулетшілері – Сұлтан Баймағамбетов, Ш.Шарапиев және Қазбек Жарылғапов.

Алматы орталық мешіті, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.04.2022 12:34

Сурет: Zakon.kz

Мешіттiң жалпы ауданы – 3594,5 шаршы метр. Мұнда бір уақытта 7 мың адам намаз оқи алады. Мешіт сыйымдылығы жағынан Алматыдағы өзге мешіттерден басып озады. Орталық мешіт қаладағы ең ірі ғибадат орны деуге болады. Мешiттiң бас күмбезінің биіктігі – 40 метр, бұған қосымша төрт кіші күмбездердің әрқайсының биіктігі – 27 метр. Ғимарат төрт залдан тұрады: негізгі зал, бес уақыт намаз оқитын зал, әйелдер залы және иътиқаф бөлмесі. Әр залдың өрнек-нақышы әр түрлі. Ғимарат 2001 жылы Алматыдағы Мемлекеттік тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енді. Мешіттің Аzan.kz ақпараттық-ағарту порталы – елімізде алғашқы ашылған ислами-діни сайт болып есептеледі.

Алматы орталық мешіті, сурет - Zakon.kz жаңалық 06.04.2022 12:34

Сурет: Zakon.kz

2021 жылдың мамыр айынан бері Алматы Орталық мешітінің бас имамы қызметін Төлеби Оспан атқарып келеді.

Айта кетейік, Рамазан айында Алматы Орталық мешітінде «Рамазан шатыры» құрылып, күнде 500 адамға ауызашар дастарханы жайылады. Cонымен қатар, Орталық мешітте «Шарапатты Рамазан» ауызашар қоржынын тарату қайырымдылық шарасы өтті. Шарада «Зекет және қайырымдылық» қоры Алматыдағы өкілдігінің ұйымдастыруымен және magnum сауда желісінің демеушілігімен 200 ораза ұстаған мұқтаж отбасыға ауызашар қоржыны табысталды. Ал Рамазанның алғашқы күні Алматы Орталық мешітінің ұйымдастыруымен қала көшелерінде 100 000 адамға су мен құрма таратылды.

Қазір қаланың 47 мешітінде, оның ішінде Алматы Орталық мешітінде де тарауих намаздарында Құран хатым түсіріліп жүр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: