Алматыдағы әл-Хамид мешіті несімен ерекше
Сурет: Zakon.kz
«әл-Хамид» – Алланың 99 есімінің бірі. Ол пәк, пәктеулі, дәріптеулі, мақтаулы деген мағынаны береді. Алматының Көктөбе жағында сәл биіктеу орналасқан әрі кейінгі 15 жылда ашылған ғибадат орындарының бірі – әл-Хамид мешіті. Бұл мешіт 2011 жылы көктемде ашылды.
Мешіттің бір негізгі күмбезі, төрт кіші күмбезі және бір минареті бар.
Мешіт үш қабаттан тұрады. Негізгі зал екінші қабатта орналасқан. Сонымен қатар екінші қабатта имамдардың бөлмесі бар. Ал әйелдер құлшылық жасайтын орын үшінші қабатта.
Мешітте бір уақытта 1500-2000 адам намаз оқи алады.
Мешіттің ішкі жағы қазақы оюлармен өрнектелген. Мешіт қызметкерлерінің айтуынша, жылтыр оюлар алтынмен жалатылған. Ондай оюлар ғимараттың сыртқы қабырғасында да бар. Әл-Хамид мешітіне келгендер сыртқы көрінісіне қарап, жаңадан ашылған құлшылық орны екенін бірден байқайтын көрінеді.
Мешіттің ең негізгі ерекшеліктерінің бірі – кисва (кисуах). Кисва дегеніміз қағбаның сыртын айналдыра қоршап қаптайтын материал, жамылғы. Ол қара жібек матаға алтын жіппен көркемделіп жасалады. Онда құран аяттары жазылған.Әл-Хамид мешітінің екінші қабаттағы негізгі залына, михрабына бір кисва, сонымен қатар екі қабырғаға кішірек екі кисва, барлығы үш кисва қойылған.
Мешітте ілініп тұрған 20 аспашамда Ислам дінінің бір белгісі ретінде көрінетін ай бар. Мұндай аспашам арнайы тапсырыспен алынған және алғаш осы мешітке әкелінді. Кейіннен мұндай аспашам басқа да мешіттерге ілінді.
«әл-Хамид – қаладағы ең таза мешіттердің бірі. Деңгейі Дубайдағы мешіттермен теңеседі. Тау етегінде орналасқанымен де ерекшеленіп тұрады», – дейді мешіт имамдары.
Ал мешіт ғимаратының сырты травертин материалымен қапталған. Ол мешіттің сырты бүлінбей, түсі өңбей тұруына көмектеседі.
Мешіт имамдарының айтуынша, әл-Хамид мешіті бірнеше жыл тазалығымен көзге түсіп келеді. Мұнда әр жұма жамағат көп жиналады.
Рамазан айында әл-Хамид мешітінде 150-250 адамға күнде ауызашар беріліп жатыр. Сонымен қатар мешітте басқа да ғибадат орындарындағыдай қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Мұндай шарада мешітке өтініш білдірген көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратылады, әрі Рамазан айында 3-4 мәрте ұйымдастырылады. Қайырымдылық шараларында 50-100 отбасыға азық-түлік беріледі.





