«Күдікті емес, жәбірленушімін»: Вайнер Мейіржан Төребаев мәлімдеме жасады
Мейіржан Төребаев өзінің Instagram-дағы парақшасында ұзақ уақыт үндемегенін, бірақ сол үндемегені кінәсін мойындағандай көрсеткенін айтты. Сонымен қатар ол бірнеше құжатты көрсетіп, Қазақстанда кез келген адам күдікті болуы мүмкін екенін айтты.
Мен ұзақ уақыт үндемедім. Бірақ абсурд дәрежесі шекаралардан асып түсті. Енді үнсіз отыра алмаймын. Видеоны соңына дейін тыңдап, қорытынды шығарыңыздар. Бұл елдегі кез келген адам күдікті болуы мүмкін. Ешкім шындықты табуға тырыспайды, бәрі бір-біріне сілтей бергісі келеді. Ал мен шындықты білгеніңізді қалаймын. Мен өмірімде көрмеген, білмеген (Құрманғалиев, Мансұров, Рахимова, және т.б.) адамдармен сөз байласты деген күдікке іліндім, – деп жазды Мейіржан Төребаев өзінің Instagram-дағы парақшасына.
Сонымен қатар вайнер компанияның халал екеніне шын жүректен сеніп, адамдарға қосылғанын мәлімдеді. Ол «MUDARABAН CAPITAL» ЖШС-ға бастапқыда екі рет жарнама жасағанын, кейін өзі де мұнда 10 миллион теңге салғанын көрсетті. Бірақ бастапқыда бұл компания мешіттер салатын, қайырымдылықпен айналысатын. Соған қарап, Мейіржан компанияны толық халал деп есептегенін айтты.
Компанияның халал екеніне шын жүректен сеніп, қосылдым. Бастапқыда олармен бірге мешіт салуға келдім. Олардың артында не істегенін білмеймін. Егер мен компания ұйымдастырушыларының алдап жатқанын білсем және қаржы пирамидасы екенін әшкерелесем, бұл адамдармен өмірімде ешқашан байланыспас едім. Бұл маған не үшін керек? Неліктен мұндай тәуекелге баруым керек? Жұмысым бар, отбасым бар. 5 баламды аяққа тұрғызуым керек емес пе? Сондықтан бұл жерде мен күдікті емес, жәбірленушімін. Менің де салған ақшам қайтарылмады. Құқық қорғау органдары мені күдікті ретінде көрсетіп жүр. Негізінен олай емес.Мейіржан Төребаев
Вайнер «MUDARABAН CAPITAL» ЖШС-ға 10.11.2020 жылы 10 миллион теңге қаражат салғаннан кейін ғана қосылғанын айтып, бірнеше құжат көрсетті. Мейіржан Төребаев тиісті органдар бұл компанияны ертерек әшкерелегенде мұндай жағдайға ұшырамайтын едім деп отыр.
Айта кетейік, 2021 жылдың көктемінде қазақстандықтар Astex басшылығы мен оның серіктестеріне қарсы арызбен полицияға жүгінген. Жәбірленушілердің айтуынша, компания тендерлердегі ақшаны «айналдырып», орнына ай сайын үстемақы төлейміз деген. Бірақ соңында адамдар алданып қалды. Ал «Astex» компаниясының басшысын ұстады. Басқа Mudarabah Capital деген компания Astex-тің агенті болды.
Тергеу мәліметтері бойынша, бұл компаниялардың басшылары 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейін заңды және жеке тұлғалармен мемлекеттік сатып алуларға қатысу қажет деген желеумен қаржы тартуға келісім жасаған. Құжатқа сай компания ай сайын әрбір салымшыға жарна сомасының 20%-ын төлеуі керек еді. Astex-ке 162 салымшының 2 миллиард теңгеден астам ақшасы Mudarabah компаниясы арқылы да түсіп отырған.
Бұл компанияларды Қазақстанда танымал медиа персоналар, соның ішінде Вайнер Төребаев пен актер Шерниязов жарнамалаған.