Мамандар фастфуд құрамындағы қоспалар қандай ауруларға себеп болатынын айтты
Фастфуд адам ағзасына зиян екенін білеміз. Бірақ оның құрамындағы қай өнім адамға қалай әсер ететінін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің мамандары анықтауға тырысты.
Фастфуд құрамында адам ағзасына қажет минералды элементтер мен дәрумендер жоқ. Дәм сезу бүршіктерін ынталандыруға көмектесетін тұздарсыз, қанттарсыз және тағамдық қоспаларсыз фастфуд өнімі дәмсіз болады. Ыстық кезінде олар дәмді. Ал қысқа уақыттан соң немесе қайта қыздырылған кезде олар бастапқы дәмінен өзгеше болады.Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті
Мамандар фастфуд құрамындағы кей өнімдерге жеке-жеке тоқталып, олар адам ағзасына қалай әсер ететінін атады.
Тұз
Фастфуд құрамында тым көп тұз бар. Артық тұз – жоғары қан қысымы (гипертония), тиісінше, бас ауруы, жүрек ауруы, құлақтағы шу, көру қабілетінің бұзылуына алып келуі мүмкін. Тұз ағзадағы суды сақтайды, бұл бүйрек пен жүректің жұмысын қиындатады. Артық тұз қол мен аяқтың ісінуіне әкеледі. Басқа да жағымсыз салдары: артық салмақ, остеохондроз, подагра, уролития, бүйрек тас және өт тас аурулары.
Қант
Адам ағзасында қант глюкоза мен фруктозаға бөлінеді, олар бірден қанға енеді. Глюкоза адам үшін өте маңызды зат. Ал фруктоза, ғалымдардың пікірінше, пайдасыз ғана емес, тіпті зиян келтіруі мүмкін. Айта кету керек, жемістерден фруктоза ағзаға жалғыз емес, целлюлозамен (сіңірілмейтін талшық) енеді. Оның арқасында ол асқазаннан өтеді, қанға сіңбейді және тоқ ішекке жетеді. Қантты глюкоза немесе фруктоза ретінде шамадан артық қолдану бұл тікелей семіруге және диабетке алып келеді.
Жоғары калория мөлшері
Фастфудтың тағы бір басты кемшілігі – тағамдық құндылығы төмен бола тұра жоғары калориялы болуы. Жалпы орташа денелі ересек ер адамға тәулігіне 2500 Ккал, әйелге 2000 Ккал қажет. Тағамның артық қуаты – бұл семіздіктің негізгі себебі. Бірақ қауіп тек жоғары калорияда ғана емес, оның тасымалдаушысында да бар. Фастфуд құрамында жеңіл көмірсулар көп. Оларды тез көмірсулар деп те атайды. Көмірсу денеге тез сіңеді, бірақ сонымен бірге өмірлік белсенділікті сақтауға жұмсалмайды, бірақ «резервте» сақталады. Біраз уақыттан кейін сіз өзіңізді қайтадан аш сезінесіз. Оңай сіңетін көмірсулар майға қарағанда қауіпті деп саналады. Құрамында осындай көмірсулар бар тағам инсулиннің пайда болуына ықпал етеді.
Майлар
Әңгіме көбіне транс майлар туралы. Олар кейде табиғатта да кездеседі, бірақ біздің ағзамызға енетін транс майлардың әлдеқайда көп мөлшері жасанды. Әуелі мұндай майлардың зияны байқалмады. Бірақ 1993 жылы транс майлары көп тағамдарды тұтыну жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін арттыратынын растайтын зерттеулер пайда болды. Денеде транс майлар табиғиға қарағанда басқаша әрекет етеді. Транс майлар жүректен басқа ұйқы безіне де әсер етеді. Олар қант диабетінің дамуына, созылмалы қабыну процестерінің пайда болуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар мұндай майларды ағзадан шығару қиын. Кейбір мәліметтер бойынша бұл кезең дұрыс тамақтану жағдайында кем дегенде 2 жыл уаұытты қажет етеді. Жануарлардың қаныққан майлары қауіпсіз деп ойламаңыз. Фастфудты дайындауда олар да көп мөлшерде қолданылады. Оларды шамадан тыс пайдалану бауырға үлкен ауыртпалық әкеледі, жүрекке теріс әсер етеді және семіздікке душар етеді.
Дәм және хош иіс
Тағамдық хош иістер мен дәмдік қоспалар табиғи және синтетикалық болуы мүмкін. Бірақ жасанды түрлері арзан болады. Жалпы алғанда аз мөлшерде бұл заттар денсаулыққа үлкен қауіп төндірмейді. Бірақ жоғары концентрацияда және ұзақ уақыт қолданғанда бауыр ауруларына әкелуі мүмкін.
Өнімдердің дәмдік қасиеті туралы айтатын болсақ, натрий глутаматы туралы айтпауға болмайды. Бұл тағамдық қоспа кез-келген тағамдар мен өнімдердің иісі мен дәмін күшейтеді. Көбіне ол MSG (monosodium glutamate) атауымен өнімнің құрамында жасырылады. Оның еуропалық коды (нөмірі) – E621. Осындай қоспасы бар тағамдарды шамадан тыс тұтыну нәтижесінде Альцгеймер ауруы, бүйрек жеткіліксіздігі, ас қорыту проблемалары, бронх демікпесі және әртүрлі аллергиялық реакциялар тудыруы мүмкін. Глутаматтың артық болуы көру қабілетіне де әсер етеді, көз торының құрылымы бұзылады. Әрине, натрий глутаматы тағамға тәуелділікті тудыруы мүмкін. Адам табиғи тағамды қабылдауды тоқтатады және тағамға натрий глутаматын қоспай жасай алмайды.
Консерванттар
Консерванттар – денсаулыққа зиян тағамдық қоспалар. Олардың көмегімен өндірушілер өнімнің сақтау мерзімін арттырады. Консерванттар биохимиялық реакцияларды бұзады және нәтижесінде өнімдердегі микроорганизмдердің өсуіне жол бермейді. Ерекше зиян және тыйым салынған консерванттарды қоспағанда, қалғандары тек көп мөлшерде қолданғанда және денеде жиналуына байланысты зиян. Кейбіреулері ағзадағы дәрумендерді бұзады, ал басқалары – канцерогендер. Консерванттар ішектің қалыпты микрофлорасына теріс әсер ететіні белгілі. Аллергиялық реакцияларға бейім адамдарда консерванттар демікпе, жүрек айну және бас ауруына дейін аллергия тудыруы мүмкін.
Осыған байланысты Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің мамандары қала тұрғындары мен қонақтарын дұрыс тамақтануға шақырады.