Университеттен шығарып жіберсе, не істеу керек
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті Жоғары білім беруді мазмұндау және интернационалдандыру бөлімінің басшысы Индира Әбілмәжінова «Жоғары оқу орындары қызметінің үлгі ережесіне» сай студент мына жағдайларда ЖОО-дан шығарылатынын айтты:
академиялық үлгермеушілік үшін;
академиялық адалдық принципін бұзғаны үшін;
университеттің ішкі тәртібі мен жарғысын бұзғаны үшін;
білім беру қызметін көрсету шартының талаптарын бұзғаны үшін, оның ішінде оқу ақысын төлемегені үшін;
өз қалауы бойынша.
Сонымен қатар Индира Әбілмәжінованың сөзінше, қорытынды аттестациядан «қанағаттанарлықсыз» баға алған студент «білім беру бағдарламасының талаптарын орындамаған: дипломдық жұмысты немесе магистрлік диссертацияны қорғамаған» немесе «кешенді емтиханды тапсырмағандар» ретінде оқудан шығарылады.
Алайда пандемиядан бастап, кейінгі үш жылдағы нашар көрсеткіштерге байланысты қанша адамның университеттен шығарылғаны туралы нақты деректер жоқ. Себебі Ғылым және жоғары білім министрлігі әлі құрылу кезеңінде.
Бізде оқудан шығаруға болмайтын белгілі бір санаттар (жетім балалар, көп балалы отбасының балалары және тағы басқа) жоқ. Өйткені олардың барлығы диплом алу үшін жақсы оқу үлгерімін көрсетуі керек.Индира Әбілмәжінова
Университеттен шығарылған студентке қорытынды бағаны көрсете отырып, студент оқыған барлық оқу пәні немесе модуль жазылатын транскрипт беріледі.
Егер университеттен шығарып жіберсе, не істеу керек?
Университеттен шығарылған студент білімін қалпына келтіруіне мүмкіндігі бар.
Бұл ретте студенттерді қайта қабылдау ережелерін университеттер өздерінің академиялық саясатына сай дербес әзірлейді, бекітеді және ұсынады.
Оқуды қайта қалпына келтіру үшін деканаттың атына арыз жазып, оқудан шығару себебін түсіндіру керек. Сонымен бірге оқудан шығарылған студент өтпеген пәндерін, айырмашылығын игеруі керек. Жалпы университет қалпына келтіру ережесін өзі әзірлейді. Әр университеттің өзінің жеке академиялық саясаты бар. Студентке оқудан шығару қаупі туралы алдын ала ескерту керек деген ереже жоқ. Біздің заңда нақты мерзімдер жоқ.Индира Әбілмәжінова
Студенттерді оқуға қайта қабылдау оқудан шығару мерзіміне қарамастан жүзеге асырылады.
Сонымен қатар ведомствоның баспасөз қызметі студент оқудағы үлгермеушілік салдарынан университеттен шығарылса, оны басқа ЖОО-ға қайта қабылдауға болатынын айтты. Бұған дейін білім гранты бойынша тегін оқыған студент академиялық қарызды өтегеннен кейін, оқуын өз университетінде ақылы негізде де жалғастыра алады. Егер оның үлгерімі жақсы болса, бос грантқа түсу құқығына ие болады.